Жаңалықтар

Сталин және Геля

Сталиннің құшағындағы қаршадай қыз қазақ та емес, қырғыз да емес, бурят. 


1936 жылы сегіз жасар Геля Маркизова Сталинмен жүздесу үшін Мәскеуге жүргелі отырған әкесінің жанын қоймай бірге ілесіп алады.
Буратияда халықты қырып жоя жаздап коммунизм орнатқан бір топ делегат сәлем-сауқатын артып Кремльге келеді осылайша. Сталиннің қабылдауында болады олар.
Осы кездесуде сегіздегі Геля көп ішінен суырылып шығып Сталинге бір шоқ гүл сыйлайды. Диктатор. дән риза болады.
Осы бір сәтті суретке тартып алады фотографтар.
Сталин дәуірінің “соловьеві” болған сол кездегі “Правда” газетінің бас редакторы Лев Мехлис санын шапалақтап балаша қуанған екен бұған.
“Мына буряттың қызын құдай бере салды-ау. Көктен тілегеніміз, жерден табылды-ау. Бұл қызды қамсыз, қайғысыз балалық шақтың символына айналдырамыз…” – дейді ол.
Сөй дейді де “Правданың” бірінші бетіне
“Сталин жолдасқа бақытты балалық үшін мың да бір алғыс…” деген көлдей мақала жариялайды.
О кездегі пропаганда “Правданың” көмегімен жүргізілген ғой.
Көсеммен суретке түскен сегіз жасар Геляның атақ-даңқы күллі КСРО-ны шарлап кетеді әп-сәтте.
Ел-жұрттың бәрі Геляға еліктейді. Қыздарының шаш үлгісін соған ұқсатып, үстіндегі көйлегінен бастап, аяғындағы ақ пимасына дейін айнытпай киіндіреді.
“Гелямания” науқаны басталады жер-көкте.
Ал әрі қарай…
Оруэлдің романын оқығаныңыз бар ма? Әрі қарай “1984-тегі” айтылған оқиғалар айнытпай қайталанады.
Көп ұзамай Геляның әкесін “бұл оңбаған панмоңғол бірлестігін құрды, қызылдарға қарсы астыртын қәрекет етті” деп айыптап, абақтыға жауып, ақыр түбі азаптап өлтіреді.
Әйелін бала-шағасымен қоса итжеккенге жөнелтіп жібереді.
Сібірдің бір түкпірінде сүйегі көмілмеген күйі сүзектен өледі сорлы шешелері.
Сегіз жасар сәбидің көз жасына қарасын ба, Совет үкіметі. Олар сатқындар ғой…
Тұлдыр жетім қалған Геля детдомнан бір-ақ шығады сөйтіп. Кейін туысқандары тауып алады оны. “Халық жауының” қызы деген аты бар, ата-тегін ауыстырып жібереді.
Бұл тұста Сталин мен Геляның суреті Совет үкіметіне тұтас тарап, “бақытты балалық шақтың символы” ретінде әспеттеліп жатқан.
Тек бұдан былай суреттің аты “Сталин мен Геля” емес, “Сталин және Мамлакат” деп өзгереді.
Буряттың қызын, өзбекке айналдырады Сталиинің саясаты.
“Көсеміміз көтеріп тұрған құлыншақтың аты – Мамлакат Наханова. Сенесіз бе, сегіз-ақ жаста.
Соған қарамай мақтаны қос қолдап теретін құдіреті бар. Мақта теруге келгенде кәнігі колхозшылардың өзін жолда қалдырып, рекорд жаңартты”, – деп хабарлайды “Правда”.
Халық сенеді соған. Суреттегі қыздың түр-тұлғасы өзбекке ұқсамайтыны ойландырмайды оларды.
Әлгі бурят қыздың қайда жоғалғаны қызықтырмайды оларды.
“Балалық шақтың символына” айналған Геля Сталин саясатының құрбаны болады осылайша…”

Думан Бықай

Басқа материалдар

Back to top button