Спорт

Спорттағы сұлулар

Бұйырса, биыл Токио төрінде төрт жылда бір келетін айтулы дода өтеді. Сол жаһандық додада қарағандылық нәзік жандар да ел намысы үшін бақтарын сынайды. Нақты жолдама иеленген әзірге балуан қыз – Эльмира СЫЗДЫҚОВА мен синхронды жүзушілер – Екатерина мен Александра НЕМИЧТЕР. Қарағандылық үш аруды мерекесімен құттықтап, додаға дайындықтарын білген едік.

Дәл қазір Эльмира Сыздықова Италияда өтіп жатқан «Маттео Пелликоне» рейтингтік турниріне қатысып жатыр. Құрлық асқан балуанымызды мереке қарсаңында мерейі өсіп, биіктен көрінуін тілейміз.

– Жаттығу жұмыстарын барынша жүйелі түрде жасап жатырмыз. Дәл қазір жарысқа қатысудамын. Жарыс арқылы шынымен шынығасың. Жаттығуыма қолайлы жағдай жасап отырған облыстық дене шынықтыру және спорт басқарма сына, облыстық грек-рим, еркін, және әйелдер күресі федерациясына алғысым шексіз. Алдымызда үлкен шың тұр. Биікті бағындырып, еліме үлкен олжа сыйлағым келеді. Сол үшін де тынымсыз еңбек етіп жатырмыз, – дейді Эльмира Сыздықова.

Естеріңізде болса, Рио Олимпиадасында да Қарағандыдан бес нәзік жанды жолдама алып, әйелдер күресінен әйгілі балуан қыз қола жүлде еншілеген еді. Сол жетістігі үшін Арқа жұрты балуанына лайықты марапат көрсетіп, федерация тарапынан Toyota Corolla көлігін мінгізіп, ақшалай сыйлық табыстаған. Ал, апалы-сіңлілі Немичтер XV орынға тұрақтаған еді. Және жеңіл атлетикадан Анастасия Кудинова, Александра Романова және Рима Кашафутдинова Риодағы жарысқа қатысқанымен, өкінішке орай, мардымды нәтиже көрсете алмады.

Синхронды жүзудің шеберлері де Италияның Савона қаласында дайындалып жатыр екен. Жоспар бойынша 1 айға жуық жаттығады. Италиядан келген соң, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында болып, жаттығуға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз дейді спортшылар.

– Жапон астанасында өтетін үлкен додаға жолдама алғанда қатты қуандық. Бұл бізге берілген үлкен мүмкіндік. Қазіргі сәтте Италияда оқу жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Барлығы жоспар бойынша өтуде. Әзірге, біздің Олимпиада ойындарына дайындаған бағдарламамызда қандайда бір өзгеріс жоқ. Алдағы халықаралық жарыстар туралы да нақты мәліметтер жоқ. Әлемдік ұйым сәт сайын турнирлердің өту мерзімі ауысатынын хабарлауда. Сондықтан, барлығын уақытында көреміз. Бастысы – біздің Олимпиада ойындарына дайындығымыз жоғары деңгейде жүріп жатыр, – дейді Екатерина Немич.

Жалпы, төрт жылда бір өтетін жаһандық додаға нәзік жанды спортшылар қатардан қалмай қатысып келеді. Тарихты сөйлетсек, 1992 жылы Испанияның Барселона қаласындағы жазғы Олимпиадада Қарағанды облысының тумалары – балқаштық Елена Чебукина мен теміртаулық Татьяна Меньшова бақ сынады. Волейболшы қыздарға бұл жарыста күміс медаль бұйырған еді. Міне, алғашқы жазғы Олимпиададағы қос спортшымыздың жарқын жеңісі Қарағанды спорты үшін сара жол болды.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button