Соттағы ерекшеліктер екшелді

Былтыр Қарағандыдағы Октябрь аудандық №3 сотына 1418 азаматтық іс, ал, 2018 жылы 2358 іс түскен еді. Бұл көрсеткішке өткен жылғы «Соттардың жұмысын жеңілдету туралы» Заңының қабылдануы арқасында қол жеткізген. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді, жеңіл істерді нотариустер мен татуластыру орталықтары шешеді. Осы тектес өзекті мәселелер жөнінде Октябрь аудандық №3 сотының төрағасы Ерлан ШЕГЕНОВ 2019 жылдың сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы бойынша өткізген баспасөз мәслиатында мәлімдеді.Жиын барысында сот төрағасы Е.Шегенов азаматтық және қылмыстық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындылары мен оларды қарау нәтижелері туралы хабарлады.

Өткен жылы жалпы, 700 іс қаралса, алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 1156-ға тең еді. 2019 жылы 192 сот бұйрығы орындалса, 2018 жылы 715 іс болған. Бұл – 73,1% деген сөз. Жеңілдетілген түрде 208 іс қаралса, алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 609 істі құраған. Осы нәтижелердің барлығы – заңнамаға енгізілген өзгерістердің жемісі. Есесіне аудандық соттың тәжірибелі 7 судьясының ауқымды әрі қиын істерді шешу мүмкіндіктері бар. Аталған өзгерістің келіп түскен әр істің өз деңгейінде жылдам шешілуіне де ықпалы зор.

Сонымен қатар, Жоғарғы Соттың «Отбасылық сот», «Сотта, сотқа дейінгі татуластыру рәсімдері» жобаларын жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәселелер қозғалды. Бітімгерлік рәсімдерді қолдану арқылы қаралған істер жөнінде статистикалық мәліметтер де айтылды. Сондай-ақ, бітімгершілік рәсімдерді кеңінен қолдану сот ісін жүргізудің тиімділігі мен жеделдігіне, қоғамдағы жанжал санының төмендеуіне және халықтың сот жүйесіне деген сенім деңгейінің артуына әкеп соғатыны атап өтілді.

Мамандардың айтуынша, «TruConf» мобильді қосымшасы арқылы, онлайн түрде 2019 жылы 50-ден аса, ал, алдыңғы жылы 35-ке жуық адам сот отырысына қатысқан. Жыл сайын халық бұй жүйеге бейімделуде. Бұл – қиын ауа-райы жағдайында таптырмас мүмкіндік.

Біздің аудандық соттың өз сайты жұмыс істеп тұр. Сайт арқылы да тұрғындармен байланысқа шығып, сұрақтарына жауап береміз. Аймақтағы алғашқы фронт-офис те бізде ашылды. Сот ісі мен құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізуге күш салудамыз. Сотқа арыз беруші қай тілді таңдаса, сол тілде жүргіземіз. Бұл бізге қиындық туғызбайды, – деді Ерлан Шегенов.

Жиын соңында Е. Шегенов БАҚ өкілдерін жұртшылыққа татуластыру рәсімдері туралы мәселелерді түсіндіруде ынтымақтасуға шақырды және сұрақтарына жауап берді.

Биылғы жылға жоспарларымен бөлісіп, аудандық сот қызметкерлері әр тұрғынның мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарайтынын ерекше атап өтті.

Жәлел ШАЛҚАР.