Жаңалықтар

Сойқан соғыстың шағын тарихы

«Достық үйінде» Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мекемесінің ұйымдастыруымен 9 мамыр – Ұлы жеңіс күніне және 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған «Ардагерлерді аялайық» акциясы өтті. Акцияның мақсаты – Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне жан-жақты қолдау көрсету, олардың ерліктерін дәріптеу арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Ардагерлерді Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа Сазы» фольклорлық ансамблі мерекелік әуендермен және әр ұлт өкілдерінің киімдерін киген оқушылар салтанатты түрде қарсы алды. Сондай-ақ, Н.Гоголь атындағы облыстық кітапханасы «Біз Отан қорғаушылармыз» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Ал, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері «Мы не забудем Вас, Герои» атты сахналық қойылыммен концерттік бағдарламаны ашты.
Ш.ҚАБЫЛОВА, «Қоғамдық келі-сім» КММ директорының орынбасары:
– Бұл мереке туған жерді, отанды шынайы қастерлеуді паш ететін ең ұлық мереке, халқымыздың қайсар рухының белгісі. Ұлы жеңіске ержүрек өжеттік пен бірліктің арқасында қол жеткіздік. Бүгінгі Тәуелсіздігіміз, еліміздің өркендеуі Ұлы жеңістің жалғасы. Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев соғыс және тыл ардагерлеріне қолдау көрсетіп, олардың хал-ахуалын көтеруге көп көңіл бөліп келеді. Елбасы сонау зұлматты соғыста жеңіске бірліктің арқасында ғана жетуге мүмкін болғанын үнемі еске салып отырады. Біздің ардагерлеріміз еліміздегі достық пен келісімнің берік іргетасы болып табылады.
Сахнадағы уақыт бір сәтке кері жылжығандай. Алаңсыз асыр салғызған балғын балалық пен жастық жігер. Бақытты шақтың бал дәмін татпаққа өмірге енді қадам басқан жастардың күлкісі естіледі. Шыр көбелек айналған бидің шырқын Ю.Левитанның дауысы бұзды. Ұлы Отан соғысы басталды. Әкесін, баласын, жан-жарын бір үміт, бір күдікпен жүректерінен жұлып алып, соғысқа шығарып салып жатыр. Орала ма, жоқ әлде ұрыс алаңында мәңгіге көз жұма ма? Ол жағы беймәлім?! Бар үміт – үздіктіріп келетін пошташы қыз әкелетін үшбұрыш хаттар. Келгеніне қуанса да, қорқыныш та жоқ емес. Қаралы қағаз болса ше?!
Бір сәтте – ұрыс даласындағы солдаттар. Жау зеңбірегінің дауысы сәл толастағанда ағашқа арқаларын сүйей отырып, бір сәтке тыныстаған сәттері. Көңілге үміт отын жағатыны – жақындарынан келетін үшбұрышты хаттар. Қағаз бетіндегі әр сөз жігеріне жігер беріп, жауды аямасқа, Отанын қорғауда ерлік көрсетуге серттескендей. Үшбұрышты хаттар көктемнің келгенін білдіріп, аспан төрінде үшбұрыш жасай ұшатын тырналар тәрізді, асыға күтеді.
Мерекелік шара этномәдени бірлестіктердің орындауындағы концерттік бағдарламаға ұласты. Мектеп оқушысы А.Новиков «Смуглянка» әнін шырқаса, №2 Юнеско өнер мектебінің «Еркеназ» хореографиялық ансамблінің өрендері Армян халқының «Лорке» биін орындады. Ал, Т.Шыңғыс болса «Катюшаны» нақышына келтіре айтса, Ж.Тілегенованың орындауында Өзбек халқының «Сен сан» әні де көрермендер көңілінен шықты. А.Кәрімов «Шаттанамын» күйін төгілтті.
Тілі бөлек болғанымен тілегі бір, бар ұлысқа шаңырақ болған Қазақстанда тұрып жатқан ұлт өкілдері, Достық үйінің Мәдени ұлттық орталықтарының ардагерлері бұл күні ерекше құрметке ие болып, естелік сыйлықтар тапсырылды.
Мереке соңында ардагерлер мен қонақтар айтулы шараны ұйымдастырушыларға алғыстары мен ізгі ниеттерін білдіріп, жеңіс әндерін шырқады.

Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button