Қарағанды

Соғыстың белгісіз солдаты

Ағзам Жүнайтұлы соғыс басталғанда 43 жаста болған екен. Ел басына қара нәубет түскенде, ер-азаматтармен бірге соғысқа Жараспай аулынан шақырылып, аттанған. Соғыста атқыштар қатарында болған. Атам «Мәскеу түбінде шайқастамын» деген жалғыз-ақ хат жолдаған екен. Одан кейін хабар-ошарсыз кеткен.

Мәскеу түбінде соғысқа кетіп бара жатқанын жерлесі (Нұра ауданы, «1-май» ауылынан) көріпті. Сол соғыстан менің атам қайтпады. Марқұм әкем атам жайлы көп айтатын. Ол кезде әкем 9 жаста, ал, жалғыз інісі Байзулла 3 жаста болған. Жараспай ауылының Малайқұдық бөлімшесінде тұрған. Соғысқа шығарып салғанын күні кеше болғандай әңгімелеуші еді: «атамның бойы 2 метрдей, өзі зор денелі, керемет күш иесі екен. Соғысқа аттанғанда үстінде ақ жейдесі бар, ат арбада отырғанда екі аяғы жерге тиіп бара жатқаны көз алдымда» – деп көзінің жасын сүртетін еді. Ол кезде жастау болып түсінбеген екенмін. Әкемнің дүниеден өткеніне 18 жылдың жүзі болды. Әкеме деген сағыныш кеудемді кернейді. Кезінде әкем де өзінің әкесін осылай сағынған екен ғой деп ойлайсың. Хабарсыз кеткен атам жайлы ешқандай дерек болмай, ауылымыздағы саябақтағы майдангерлерге арналған ескерткіш тақтайшаға да есімі жазылмап еді. Қанша уақыт өтсе де, атам жайлы білгім келіп жүретін.

Жеңістің 73 жылдығы қарсаңында көптен іздеген атам жайлы жалғыз ғана дерек табылды. Іздеу салып, интернет желісі арқылы «Мемориал» мұрағатынан тапқан төмендегі дерек қана. Тізімде 7-ші болып көрсетіліп жазылған. Былтырғы Жеңістің 73 жылдық мерекесінде тұңғыш рет атамның есімі аталғанда, тұла бойымды керемет сезім кернеді. Бұл қуанышты сөзбен айтып жеткізе алмайды екенсің. Әрі қуаныш, әрі сағыныш сезімі… Әкемнің аңсаған арманы – атамның жатқан жерін тауып, тағзым етсем деген ниетпен әлі де ізденіс үстіндемін. Әкемнің жетпеген арманына жетсем деп армандаймын.

Алма ҚАБЫЛДАҚЫЗЫ,

№65 орта мектебінің мұғалімі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button