Скиф

Ата тектен көз жазбаған көреген,
Шежіреші шеру тартқан көнеден.
Ген түйірі тықыршытып түйсігін,
Садақ иіп отыр менің немерем.

Заманының ойыншығын тәрік қып,
Көзге ілмейді пистолетті, танкты.
Мен жүргенде шежіреден шатасып,
Бұл өзінің тектілігін танытты.

Білекке сай қару болмай «батырға»,
Жайрап жатыр жойқын автоматың да.
Екі жақты адырнамен тартады,
Бір иінін қысып алып тақымға.

Бес қарудың санатына кірмеген,
Зеңбірек те шегініпті іргеге.
Семсер ғана бір тізеде салпылдап,
Қорамсақта қозы жаурын сұр жебе.

Қас батырдай түйіп алған қабақты,
Шіреп көрді серіппелі садақты.
Амурыңның алшақтатып ойынын,
Ата тарих бетін бермен қаратты.

Мыңдаған жыл өтсе-дағы алмасып,
Тұқым тегі табады өз арнасын.
Немеремнің қимылынан таныдым,
Скифтердің саусағының таңбасын.

Қасым БОТАНОВ