Шырша маңы – күміс күлкі
Жаңа жыл мейрамы Жаңаарқа ауданында жоғары деңгейде аталып өтті. Аудандық мәдени-сауық орталығында аудан әкімінің бүлдіршін балаларға арналған жаңажылдық шырша тойы ұйымдастырылды.
Биылғы шарада оқуда озат және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар қамтылды. Барша бала асыға күтетін шырша мерекесіне ертегілер әлемінің кейіпкерлері келді.
Аудан әкімі Юржан Бекқожин балаларға ақ тілегін білдірді. Аудан басшысының тартуы да ерекше болды. Шырша қонақтарына тәтті-дәмді салынған арнайы қалташалар үлестірілсе, тұрмысы төмен отбасылардың 50 баласына электронды планшеттер сыйға тартылды.
Мерекеде шырша айналып, ән шырқаған бүлдіршіндер өз өнерлерін ортаға салудан жалықпады. Балаларға тамаша көңіл-күй сыйлаған өнерпаздар да аянып қалмады.
Шара соңында аудан әкімінің балаларға арнап арнайы пісірткен тәтті торты ортаға әкелінді. Сондай-ақ, балалар аудан орталығындағы Б.Амалбеков атындағы орта мектептің асханасында жайылған мерекелік дастарқаннан дәм татты. Сөйтіп, балалар шырша мерекесінен үлкен әсермен тарқасты.
Индира АСАМИДАНОВА,
аудан әкімінің
баспасөз хатшысы.
ЖАҢААРҚА ауданы.