Спорт

Шымылдықтың түсірілуіне шамалы қалды

    Футболдан биылғы ел чемпионатының тәмамдалуына санаулы күн қалды. Бұйыртса, 29 қазанда отандық клубтар соңғы мәрте кездеседі. Шымылдықтың түсірілуіне – үш тур бар.

Көңілімізді тоғайтары – ала жаздай соңғы сатылардан сытылып шыға алмай келген қарағандылық «Шахтер» турнир соңына таман орта шепке қарай ауысты. Әупіріммен болса да әуселесін байқатты…

ХХІХ турда «Шахтер» Қарағандыда «Тобылды» қабылдады. Қарқынмен өткен матчта 2:3 есебімен жеңіліс тапты. Десе де, осы ойында «шахтерліктер» осал еместіктерін танытты.

82-ші минутқа дейін қостанайлықтар «Шахтерден» үш доп айырмасымен басым тұрған еді. 53-ші минутта – Сергей Хижниченко, 67-ші минутта – Томаш Шимкович және 76-шы минутта – Чиприан Деак біздің Багинскийді қапы қалдырды. 0:3.

Алайда, румын Деактың голынан кейін де қарағандылықтардың салы суға кетпеді. Қарсыласқа лайықты қарсылық танытып, қайрат көрсетті.

Тіпті, «шахтерліктерге» есепті теңестіруге де болар ма еді?! Егер, 26-шы минутта Сергей Скорых 11 метрлік айып добын Логиновскийдің қақпасына дәл тоғытқанда дейсің…

Скорых салмаған голды Симоновски сәтімен соқты. 63-ші минутта Айдос Тәттібаевты алмастырған Марко Симоновски «дубльдің» авторы атанды.

82-ші минутта Симоновскиді жас футболшы Оралхан Өміртаев «тобылдық» қақпашымен «жекпе-жекке» шығарды. Өз кезегінде македондық ойыншы мүлт кетпеді. 1:3.

Арада үш минут өте Симоновски таразы басын теңестіруге тағы бір мәрте жақындады. «Тобылдың» қақпасында тағы бір допты тулатты. 2:3.

Матчтың қалған уақытында да шахтерліктер қостанайлықтардың қорғанысын бұзуға тырысты. Дегенмен, есеп өзгеріссіз қалды.

«Тобылмен» өткен тайталастан кейін «Шахтер» он екі команданың ішінде атыраулық «Атыраумен» сегізінші сатыны бөлісті. Қос команданың қоржынында – 33 ұпайдан. «Шахтер» 29 ойын өткізді. Тоғыз мәрте жеңіске жетті. Алты рет тең түсіп, он төрт мәрте жерге қарады.

«Шахтер» мен «Атыраудың» ізін ала талдықорғандық «Жетісу», жамбылдық «Тараз» және оралдық «Ақжайық» келеді. Көш басындағы «Астананың» еншісінде – 68 ұпай. Алматылық «Қайратта» – 62 ұпай. Үздік үштікті керекулік «Ертіс» 47 ұпаймен түйіндеуде.

Келесі тур шеңберінде «Шахтер» Атырауға барады. Жергілікті «Атыраумен» мықтыны анықтайды. Ойын 16 қазанда өтеді.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button