Жаңалықтар

«Шылым шегу – ғасыр дерті»

Шылым шегу – алкогольдік ішімдік ішу, нашақорлық сияқты адам ағзасында ауру тудыратын қауіп-қатер факторларының бірі. Бүгінгі күні осы зиянды әдет медициналық қана емес, сонымен қатар әлеуметтік проблемаға да айналды. Дүниежүзінде 1 млрд адам темекі тартады. Жылына темекі тартушылық салдарынан болатын түрлі аурулардан әлемде 6 миллион адам қайтыс болады екен. Оның 600 мыңы балалар мен жасөспірімдер. Қазақстан Республикасында 3,2 млн, яғни 33% адам темекі тартады.

Қазақстандағы қыз-келіншектердің 9,8 пайызы нағыз темекі тартқыштар саналса, 12 жастан асқан балаларымыздың 7,5 пайызы темекіге әуестік дертіне ұшыраған. Қыз-келіншектердің арасындағы темекі тартушылық 18-25 жас аралығында өршіп тұрған жайы бар. Себебі, балалар жаман нәрсеге үйір келеді, әрі олар темекі тартуды есею белгісі ретінде қабылдайды. Дәрігерлердің пікірінше жасөспірімдердің ағзасы темекінің құрамдас бөлігі улы никотинге тез үйір болады. Шылым шегуден әйелдер мезгілінен ерте қартайып, жүкті кезінде әртүрлі ауруларға жиі ұшырайды. Халықаралық санақ мәліметіне қарағанда шылым шегетін әйелдерден туған балалардың арасындағы өлім жайттары шылым шекпейтін әйелдерге қарағанда 40 пайызға жоғары.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымынан бастап, халықтың денсаулығына жауапты деген ұйымдар «темекінің адам өміріне зиян екендігін» айтып, дабыл қағуда. Темекі жаппай жою қаруына айналып келеді. Оның келтірген нұқсаны ядролық, химиялық және биологиялық қаруларды бірге алғандағы келген зардаптан асып түседі. Шылым шегуші өзіне ғана емес, сондай-ақ, айналасындағыларға да зиянды. Шылым шегілген бөлмеде бір сағат болған адам шылым шеккендей уланады. Бір адамның шылым шегуі көп адамды уландырады.

1950 жылдардан бастап өлімге алып келетін барлық факторларға эпидемиологиялық тұрғыда мұқият жүргізілген зерттеулер барысында темекіден болатын өлімнің алаңдататын көрсеткіші анықталды. 2003 жылы 21 мамырда темекіге қарсы күреске қатысты қабылданған Конвенция бұл деректерді жай ғана тіркеп қойған жоқ, олар оны өздерінің негізіне алып, «ғылыми деректердің нақтылауынша, темекі тұтыну және темекі түтіні әсерінің өлім, ауру және мүгедектік себебі болып табылатыны» айтылған. Темекілік індеттің таралуы – жаҺандық проблема болып табылады. Оның адам денсаулығы үшін салдары маңызды және барынша кеңейтілген халықаралық ықпалдастықты, барлық елдердің тиімді, орынды әрі жан-жақты жауапты әрекеттерін талап етеді.

Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Жалпы адамдар неліктен өз денсаулықтарын құртып, оны улайтындарға төзіммен қарауға тиіс? Мен барлықтарыңызды шылым шегушілерге ымырасыз болуға шақырамын», – деп есірткі, шылым, ішімдік сияқты денсаулыққа зиян келтіретін әдеттерге қарсы күресу қажеттілігін атап көрсеткен.

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының «Халық денсаулығын сақтаудың негізі ретінде қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту» 5.1. тарауында «Қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру» 5.1.1. тармағында: Халық денсаулығын нығайту және қорғау тек тиісті стратегияларды дамытуды және түрлі тіршілік салаларындағы ресурстарды жұмылдыруды ғана емес, мемлекеттің, жұртшылықтың және халықтың осы бағыттағы қызметін интеграциялауды қамтамасыз ету үшін орнықты және тиімді  негіз қалауды талап етеді деп көрсетілген. Үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес, денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытудың  негізі қоғамдық денсаулық сақтау қызметін (ҚДСҚ) құру болмақ. ҚДСҚ-нің басым міндеті әртүрлі деңгейлі денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлесіп әлеуметтік мәні бар негізгі инфекциялық емес аурулардың алдын алу және оларға мониторинг жүргізу бойынша іс-шараларды жандандыру болмақ. Бұл ретте, инфекциялық емес аурулармен күрес Жаһандық инфекциялық емес аурулардың профилактикасы және онымен күрес жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарына, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) шекті конвенциясына және Еуропалық темекіге қарсы күрес стратегиясына, ДДҰ тағам өнімдері және тамақтану саласындағы 2015-2020 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарына сәйкес халықаралық апробацияланған технологиялардың негізінде жүргізіледі.

2005 жылы қабылданған бағдарлама жүзеге асырылғаннан бері бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Соның ең бастысы қоғамдық орындарда, тамақтандыру, мәдениет мекемелерінде, мемлекеттік мекемелердің төңірегінде, аялдамаларда шылым шегуге тосқауыл қойылып, айыппұл тағайындалды. Темекі қорабының сыртындағы жазулар мазмұны өзгертіліп, темекі бұйымдарын жарнамалауға тыйым салынды. Дей тұрғанмен, темекіге қарсы күрес мұнымен шектелген емес. Жыл бойы қала тұрғындары, студент – жастар мен оқушыларға темекінің, есірткі мен ішімдіктің зияны туралы әңгіме, семинар-тренингтер өткізіліп, ақыл–кеңес жазылған үнпарақтар таратылады. Сонымен, темекі шегудің зияны туралы жан-жақты, әсерлі әңгімелеп беру қазіргі жасөспірімдерде оған деген тұрақты теріс көзқарас, қабыл алмау дағдыларын туғызуы мүмкін. Қазіргі жасөспірімге ол жеткіліксіз.

Шылым шегу – ғасыр дертіне айналған. Адам ағзасына зиянды әдетке құмар адамдардың саны көбеймесе, азаймауда. Күн сайын қаншама жеткіншек қандай үлкен қателікке баратынын білместен аузына алғашқы темекіні салады. Осындай қоғаммен жүргізген жұмыстан неліктен еш пайда жоқ? Өйткені, адамзат баласы шылымның зиянына көзі көріп жетпегендіктен қателікке бой алдырады. Ал денсаулығы сыр бере бастағанда «ауру қалса да, әдет қалмайды» деп ақталады. Темекі сатылымына тыйым салудың өзімен ғана оларды бұл ғасыр дертінен айықтыра алмаймыз.  Ал балалар мүлдем басқа. Олар әлі де ақыл тоқтатып, күрделі істердің шешімін табуға жарайтын жасқа жетпеген. Тал шыбықты өсіп келе жатқанында күтім көрсетіп, түзу өсірсең, ағаш болып, тамырын тереңге жайған соң суды да қажет етпейді. Бала да сол сияқты, тәрбиені тал бесіктен көрсетіп, түзу жол сілтесең ары қарай жолды өзі табады.

Ертең – бүгіннен басталады. Сондықтан да, ата-аналар, оқытушылар, психологтар, дәрігерлер бірлесе отырып денсаулықты алдын-ала берген ақыл-кеңеспен, өздерінің дұрыс мінез-құлықтары арқылы сақтап қалу біздің міндет.

А.Бейсова,

Қарағанды облысы денсаулық сақтау департаменті

қоғамдық денсаулық

сақтау бөлімінің

бас маманы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button