Жаңалықтар

Шыңдағы шынар

            «Мәңгілік Елге» бет алған мемлекетіміз Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында еліміздің түкпір-түкпірінде қолдау тауып кең өріс алып келеді. Қарағанды облысында аймақтық экономикамен қатар, әлеуметтік саланың да өркендеуіне, әсіресе, рухани құндылығымыз: өнер мен мәдениеттің жаңаша жаңғыруына көп көңіл бөлінуде. Ұлттық қазыналарымыздың көлеңкеде қалған тұстарына сәуле түсіріп, бүгінгі ұрпаққа халқымыздың салт-дәстүрін, көне жәдігерлерін, тарихи және әдеби мұраларын, Алаштың айтулы ірі тұлғаларымен табыстыруда ұлт мүддесін қорғаштап, кең түрде насихаттап жүрген қайраткерлердің бірі – Рымбала Кенжебалақызы ОМАРБЕКОВА.

Р.Омарбекованың жүріп өткен өмір жолына көз салсаңыз, тек теориямен қаруланып, жалынды жалаң сөзбен елді аузына қаратып, ұрандатып, жоғары қабаттағы «креслоға» лифтімен көтеріле салған шенділердің санатынан емес. Отбасындағы бойына дарыған ата-ана тәрбиесінен бастап, ұлттық тәрбиенің уызына жарып, қасиетті Қарқаралы топырағының сан ғасырлық тарихына қанып, бабалар өсиетін жүрегіне түйіп, ұлттық сананың ұрпақтар сабақтастығын жоғалтпай бойына сіңіріп, келер ұрпаққа мирас етіп, өнеге көрсетіп жүрген аяулы жан. Еңбек жолын ауыл мектебінен бастап, Қарағанды педагогикалық институтынан алған білімімен бойындағы ұйымдастыру қасиетінің қабысуы арқасында жас бүлдіршіндердің білімге, өмірге деген құлшынысын арттырып, ауыл-аймаққа таныла бастайды. Жігерлі жас маманның еңбекқорлығын байқаған аудандық оқу бөлімі басшылары Қарқаралыдағы №2 орыс мектебіне жұмысқа шақырады. Аудан орталығындағы қолда бар барлық мүмкіндікті мейлінше пайдаланып, қоғамдық жұмыстарымен ерекшеленген жас маманды ауданның комсомол жастары аудандық комсомол комитетіне хатшы етіп, аудандық конференцияда бірауыздан сайлап дауыс береді. Өзіне көрсетілген жауапты істі ойдағыдай орындауға бел шешіп кіріседі. Көктемнің лай-сазына, қаһарлы қыстың алпауыт боранына, күздің қара нөсер суық жаңбырына қарамай, алыс мекендегі малшы-қойшы, механизатор, жұмысшы жастарға дер кезінде жетіп, қордаланған қиындықтардан шығуда қастарынан табылып жүрді. Көліктері орта жолда сынып қалғанда жаяулатып та, салт атпен де қиындықтарға қарамай өзіне сенім көрсеткен жастардың ортасынан табылатын.

Бірде қыстың аяғы, көктемнің басында жол азабына қарамай, алыс қыстақтағы жас қойшыларға барса әлдебір себептермен көмекке келетін сақманшылар келмепті. Хатшылығына қарамай, шопырымен екеуі түнімен қой қоздатуға кірісіп кетеді. Таң ата шопырын совхоз орталығына жіберіп, жағдайды аудан басшыларына телефонмен жеткізуді тапсырады. Хабар жетіп сақманшылар жеткенше екі түн бойы қойшы мен көмекшісіне төл алуға жанын салып көмектеседі. Қойшының резеңке етігін, әйелінің жұмыс киімін киіп алып жаңа туған қозыларды енесіне теліп, қойларға шөп салып жүрген аудан жастарының жетекшісін көргенде совхоздан келген бас маман жүрегі елжірей ризашылығын білдіріп, жастарға үлгі етіп көпке дейін айтып жүрді. Аудандық комсомол хатшысының ерлік істері шалғайдағы жұмысшы жастарды жігерлендіре түсті.

Отанға деген патриоттық сезімінің, халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында қиындығы мол, небір азаматтардың қолынан келмейтін істерді табандылықпен тындыратын. Осындай қасиеттерін байқаған Қарағанды облыстық комсомол комитетінің басшылары облыс комсомол жастарының идеология жөніндегі хатшылығына жұмысқа тартады. Енді жұмыс ауқымы бұрынғыдан да күрделеніп, көп ұлтты облыс көлеміндегі өнеркәсіптегі, құрылыстағы, ауыл жастары және студент жастармен ортақ тіл табысып, сол кездегі қоғамның идеологиясымен қаруланып, іске кіріскенде де ұлттық салт-дәстүрдің, тарихы мен мәдениетінің ерекше орнын мақтанышпен айтып, дана халқымыздың ойшыл тұлғаларының еңбектері мен өмірдегі орнын насихаттаудан шет қалған емес. Әсіресе, одақтық комсомол жастарының үлкен жиындарында бас қосқанда халық әндері мен қазақ композиторларының әндерін шырқап, басқа ұлт өкілдерін таң-тамаша қалдыратын. Қандай ортада жүрсе де ұлттық ерекшелігімізді ісімен көрсетіп мойындататын. Сондықтан да, сол кездегі замандастары әлі күнге дейін «Қайсар қыз» деген лақап атын еске түсіріп қояды. Өйткені, облыс комсомол-жастарымен істелген, мойымай атқарған еңбегін жоғары бағалаған, облыстық партия комитеті Қарқаралы ауданының партия комитетіне идеология жөніндегі хатшы етіп тағайындайды. Сол кезде бірге өскен замандастары да аудан көлемінде бір-бір басшылық қызметтің тұтқасын ұстаған кез. Еркінсіген достары Рымбала Кенжебалақызын арқа сүйеп, шөпшілерге іс-сапарға көмекке барғандарында түстік кезінде көлеңкеде карта ойнап отырса керек.

Ыстықта шөпшілер жұмыс істеп жатса, бригадир, есепшілердің көлеңкеде карта ойнап отырғанына қатты ренжіген Рымбала Кенжебалақызы замандасының қолынан картаны жұлып алып, жыртып-жыртып лақтырып жіберіп: «Осы аптаның аяғында шөп шабылып бітіп, қыстақтарға тасу басталсын», – деп бұрылып машинасына отырып кетіп қалыпты. «Келесі дүйсенбідегі партактивте мен жауапты болған бригаданың жұмысын үлгі етіп жоспарды асыра орындағанымызды, графиктен қалмай, жанар-жағармайды дер кезінде жеткізгенімізді айтып мақтап тұр. Шындығында да жоспарды графиктен қалмай орындап келе жатқанымыз рас еді, тек әлгі карта ойнағанымыз болмаса. Өзімізге де обал жоқ. Басшылардың «Газигін» алыстан танимыз, картаны жинай салып алдынан шығуға болушы еді ғой, түстің кезі, замандасымыз ештеңе дей қоймас деген еркелігіміз желкемізден шықты», – деп, әділеттігіне риза болып, жыр қылатын елдегі құрдастары. Шындығында да Р.Омарбекова өмірде өте қарапайым, үлкеннің де, кішінің де тілін таба білетін зерек жан. Кекшілдік, бақталастық, көрсеқызарлық, зіл сақтау деген жаман ойлар басына кіріп те шықпайды. Кімге де болса зор адамгершілікпен жақсылықтың нұрын шашып тұрады. Өте иманжүзді. Жақсылықты есеппен емес, бойына сіңген таза адами дархандықпен жасайды. Сондықтан да, қиындыққа ұрынған көп адамдар шапағат күтіп, Рымбала апайдан көмек сұрайды. Апай да аянып қалмайды, қолынан келмесе, шығар жолдың ізіне салып, ақыл-кеңесін береді.

Қарқаралы аудандық партия комитетіндегі Рымбала Кенжебалақызының ерекше еңбекқорлығын, қолынан ел басқару мүмкіндіктерінің зор екенін, Отанға, халқына деген шексіз махаббатын байқаған облыстық партия комитетінің басшылығы, әсіресе, хатшы Мәлік Имашевтің қолдауымен Москвадағы жоғарғы партия мектебіне оқуға жібереді. Ол жақта нағыз шыңдалу мектебінен өтіп, өзінің еш халықтың өкілінен кем емес, қайта көбінен артық екендігін білімімен де, ұйымдастыру қабілетінің мықтылығымен де, әсіресе, ұлтжандылығымен дәлелдеп, ерекшелене білді. Мерекелік іс-шараларда қазақ әндерін шырқап, дискуссияларда халқының әлем мойындаған тұлғаларымен мақтанып, қазақ халқының өр мінезін, қайсарлығын, парасаттылығын көрсете білді. Академияны бітіргенде, тек, диплом ғана алып шықпай, тарих ғылымдарының кандидаты атағын да қорғап шықты.

Қасиетті Қарқаралы топырағында дүниеге келіп, әсем табиғат аясында шаттық бесігінде тербеліп, дүниетанымы сұлулықпен астасып, Табиғат-Ананың мінсіз көркемдігіне шомылып, қайнар бұлағынан қанып ішіп, ұлттық тәрбиенің уызына жарып өскен Рымбала Кенжебалақызын қайраткерлік дәрежеге жеткізген – Отанына, еліне, халқына деген кіршіксіз махаббаты. Қай жұмыста болмасын мүлтіксіз таза ниетімен, жанын сала бойындағы қабілетін сарқый, білімін орынды жұмсай білетін еңбекқор жан.

Р.Омарбекова әр істі нақтылап, өзгеден де жаңа биікке, маңыздылығы-көркемдігі жағынан қоғам сұранысына жауап беретін өркениетті істерді талап етеді. Жаңа бастамаларды көтеруін қадағалап қана қоймай, басы-қасында өзі болып, әр жасалатын іс-шараларды нақтылап, өміршеңдігіне көп көңіл бөледі. Соның арқасында, қайнар бастауында өзі тұрып, кедергілерге қарамай, дұрыс шешімін тапқан облыста өтетін республикаға әйгілі болған Ж.Еле­­­беков, Тәттімбет атындағы байқаулар, әлемнің шығармашылық ұйымдары асыға күтетін Халықаралық «Әуенді Сарыарқа» фестивалі, жас таланттарды үлкен сахнаға баулитын «Жас қанат» байқаулары бірнеше жылдан бері кең қанат жайып, өрлеу мектебі болып қалыптасты. Әсіресе, қарағандылық көрермендердің талғамын асқақтатып, әлемдік өнердің інжу-маржандарымен табыстырып сусындатты. Еліміздің мақтаныштары – Б.Төлегенова, А.Мұсаходжаева, Ж.Әубәкірова, Ә.Дінішев және «Хор Турецкого», «Золотые голоса России» сынды әлемдік дәрежедегі өнер ұжымдарын Қарағанды көрермендерімен табыстырып, елдің шапағатына бөленді.

Тізе берсе ел аузына іліккен істері өте көп. Оның бәрін Рымбала Кенжебалақызы міндетсінбейді, кім болса да өз міндетін тиянақты атқаруы тиіс деп пайымдайды. Дегенмен, Р.Омарбекованы қайраткерлік дәрежеге жеткізген өзім куә болған үш еңбегін атамасқа болмайды. Ол екінің бірінің қолынан келетін істер емес, тек ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоятын ұлтжанды қайраткерлердің ғана қолынан келеді.

Еліміз алғаш егемендік алған жылдары экономикалық дағдарыстардың болғаны ащы шындық. Сол дағдарыс өнер мен мәдениетті де айналып өтпеді. Елдің сауатын көтеріп, рухани байлығын қалыптастырған кітапханалардың таратылып, жабылуы қиын болды. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдарда кітапханалар жабылып, құнды деген кітаптар мектеп кітапханасына беріліп, көбі көрінгеннің оттығына кеткені рас. Сол кезде Р.Омарбекова аудандардағы мәдениет бөлімдерінің меңгерушілерін ертіп алып, әр ауылдың әкімдеріне барып сатылмаған клубтардың, болмаса кеңсенің бір бөлмесінен кітапхана ашып, кітапханашыға еңбекақы төлеттіріп, бүкіл облыстағы барлық кітапханаларды сақтап қалды. Бұл Р.Омарбекованың көрегендігі еді. Экономика қайта жанданып, рухани өмірімізге бет бұрылып, кітапханаларды қайта ашқан сәтте, республикамыздағы кітапханалары көп, кітаптары бай облыс болып шыға келдік. Басқа облыстар кітапханалар ашып, кітапты сатып алып, кітапханашылар іздеп жатқанда Қарағанды облысы «Қарағанды – кітапханашылар астанасы» атты республикалық кітапханашылар семинарын өткізіп өнеге көрсетті (2001 ж.). Сол үрдіс әлі күнге дейін жалғасып облыстық Н.Гоголь атындағы кітапхана, Ж.Бектұров атындағы жасөспірімдер кітапханасы, Абай атындағы балалар кітапханасы, М.Әуезов атындағы қалалық кітапхана Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жолында биік дәрежеде оқырмандарына қызмет етіп келеді.

Елімізде алғашқылардың бірі болып шаңырақ көтерген (1932 ж.) С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының дербес шаңырағы болмай, 1954 жылдан орыс драма театрына кіріптар болып тұрды. Коммунистік партияның ұлтсыздандыру саясатын іске асыру жолында ХХ ғасырдың ортасында елімізде көптеген облыстық қазақ театрлары (Орал, Ақтөбе, Қызылжар, Ақмола, Көкшетау, Павлодар) жабылып қалды. Арқа төсіндегі өндірісті Қарағанды қаласындағы сазды-драма театрын да жапқылары келіп, бірде оркестрлерін, енді бірде балет топтарын қысқартып, тек драмалық тобын қалдырып, оны да орыс театрының құрамына қосып (1954-1958), труппа ғана етіп ұстап, тек, ұлтжанды азаматтардың арқасында драма театры болып сақталып қалды. Әсіресе, кеше ғана өмірден өткен ардагер ағаларымыз М.Имашев, М.Рымжанов сынды қайсар жандар – қызметтерінен төмендесе де ұлттық мүддені сақтауда азаматтық сөздерін айтып, ұлттық рухани байлығымыздың шеттетілуіне жол бермеген асыл жандар. Сол ағаларының тәрбиесін көрген, ақыл-кеңесін тыңдаған Р.Омарбекова да ұлттық рухани қазыналарды сақтап қана қоймай, ілгерілеуіне ерекше үлес қосқан аяулы жан. Сондай айтулы істерінің бірі – Сәкен театрының жаңа ғимаратының салынуы. Жылдар бойы халқымыздың, әсіресе, Қарағанды көрермендерінің көкейкесті арманы қазақ театрының өз шаңырағының бой көтеруі еді. Қаншама депутаттарға айтылды, ұсыныстар бердік, нәтиже шықпады. Мұздай сіресіп жатқан сеңді алғаш қозғаған, істің ілгерілеуіне мұрындық болған – Мәжіліс депутаты Ш.Оразалинов мырза. Қарағанды қаласының әкімі болып тұрған кезінде жағдайды жақсы білетін Ш.Оразалинов қарағандылықтардың сауалын жерде қалдырмай Р.Омарбекованың өтінішімен жаңа театрдың алғашқы ТЭО-сын (технико-экономическое обоснование) алдырып, менің көзімше сол кездегі Қаржы министрі Қ.Келімбетовпен сөйлесіп, қоярда-қоймай жоспарға (2006 ж.) кіргіздірген Ш.Оразалинов болатын. Қ.Ке­лімбетов келісімін бергенде жоба инженері Л.Лебенец, жобаның қаржы есепшісі А.Қазыбеков үшеуіміздің қуаныштан жүрегіміз жарыла жаздағанын көрсеңіз.

Ал, Шәймерден ағамыздың телефон арқылы Рымбала Кенжебалақызына жайбырақат: «Наконец-то.. добились. Отпразднуем», – деуі тіптен көкке жеткізді… Театрдың жыры көп болды… Рұқсат алынып, ғимаратты салатын жер мәселесі де оңайлықпен шешілген жоқ. Қазіргі салынған орнында ескі жазғы концерт залы болатын. Біреулер сауық орталығын саламыз деп ол жерді алып қойған екен. Жерді театрға алып беруде сол кездегі жаңадан келген облыс әкімі Н.Нығматулиннің еңбегі зор. Халықтың қалауы осы жер, сұранысын қанағаттандыру керек деп сот арқылы театрға алып берді. Сот шешімін естігенде театр ұжымының қуанышында шек болмады. Алғашқы символикалық кірпішін қалап, шымылдығы ашылғанша Елбасының тікелей қолдауында болғанын мақтанышпен айтпасқа болмайды. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев сол кезеңдегі экономикалық дағдарысқа қарамастан зәулім театр ғимаратының салынуына ерекше көңіл бөлді. Ұлтымыздың өнері мен мәдениетінің өркендеуіне, рухани қазынамыздың халыққа дер кезінде жетуіне әрдайым қолдауы қуантады. Театр шымылдығы алғаш ашылғанда Қарағанды қаласының көрермендерімен бірге отырып М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» (режиссері Қазақстанның халық артисі Е.Обаев) комедиясын тамашалауы өңір тарихындағы ұмытылмайтын биік белес болып қатталып қалды. Театр құрылысының қағаз бетіне тұңғыш түсуінен, құрылыс басталып-бітіп, есігі айқара ашылғанша барлық істің басы-қасында болып, кездескен кедергілер мен қиындықтардан шығуда Р.Омарбекованың еңбегі өлшеусіз. Бүгінгі таңда театр «Өнердің Арқадағы ақсарайы» аталып, ел құрметіне бөленіп отырса, ұлт мүддесін қызғыштай қорғап, халқының керегесін кеңейтіп, өнерінің өрістеуіне ерекше ықыласымен көңіл бөліп жүрген ұлтжанды Р.Омарбекова сынды қайтпас қайраткерлердің өлшеусіз еңбегі екені даусыз. Өзінің азаматтық борышы деген ел аузындағы өміршең ерлігінің үшіншісі – рухани қазынамыздың бірі – ұлттық кино өнерін насихаттаудағы еңбегі. Жасыратыны жоқ, Тәуелсіздігімізді алған кезеңде көптеген мәдени орындар жекешелендіріліп кетті. Әсіресе, Қарағанды қаласындағы «Юбилейный», «Сарыарқа», «Мир», «Спартак», «Маяк», «Абай», басқа да кинотеатрлар қолды болып, басқа салаға көшіп кетті. Тек, «Ленин» кинотеатры ғана кино көрсетеді, онда да қаржы түсіретін шетелдік кинолар. Сол әділетсіздіктің орнын толықтыру мақсатында Р.Омарбекова Кеншілер Мәдениет сарайы жанындағы бір кездегі кинозалды қайта жөндеуден өткізіп, «Сарыжайлау» кинотеатры етіп, халық игілігіне жаратты. Бүгінгі таңда қарағандылықтардың ең көп жиналатын сауық орны. Өйткені, бір ерекшелігі «Қазақфильм» киностудиясының жаңа туындыларының алғашқы премьерасы «Сарыжайлауда» өтеді. «Сарыжайлаудың» арқасында қарағандылықтар «Біржан сал», «Жаужүрек мың бала», «Балалық шағымның аспаны», «От өзен», «Шал», «Кемпір» сияқты қазақ киносының туындыларымен табысып қана қоймай, сүйікті режиссер-актерлерімен кездесіп, сұхбаттасып, қуанышқа кенеліп қалады.

Кинотеатрда тұрақты түрде балаларға «Фильм! Фильм! Фильм!» деген фестиваль өтіп тұрады. Ерекшелігі – әлем киноларындағы әндерді орындау шеберліктері бағаланады. Жас бүлдіршіндер ата-әжелерінің жас кезіндегі (1950-1980 жж.) кинолардың әндерін білулері өте қуанышты. Осы фестивальге арнайы дайындалады, ата-әжелері, ата-аналары жанкүйер болып, сол кездің киімдерінің үлгілерін көрсетіп, үлкен талпыныстар жасайды. «Менің атым Қожа», «Шабандоз қыз», «Титаник», «Карнавал», «Балалық шақтың кермек дәмі» және басқа да фильмдердің әндерін ерекше құлшыныспен орындайтындығы, өткен заманның тарихын, мәдениетін білетіндері, ізденістері қуантады. Ардагерлерге өздерінің сүйікті фильмдерін көрсетіп, арнайы кездесулер өткізіп отыруы құптарлық істер. «Сарыжайлау» кинотеатры балалардың да, жастардың да, ардагерлердің де ең көп жиналатын сауық орны. Айына бір-екі рет «Қазақфильм» тарихынан қазақ мектептері оқушыларына арнайы лекция оқылып, фильмдер көрсетіледі. Жастарды ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміздің қайнар бастауында болған тұлғаларымен таныстырып, ой-өрістерінің кеңеюіне үлкен әсер етіп жүрген «Сарыжайлау» кинотеатры ұжымының еңбегі ерен. Оны басқарып отырған, ел мүддесін қызғыштай қорғап жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Рымбала Кенжебалақызы Омарбекованың өрелі істері алыстан көзге түсетін шың басындағы шынардай мен мұндалап көз тартады.

К.ЖҰМАБЕКОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген  артисі,

Мемлекеттік сыйлықтың  лауреаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button