Өшпес есімдер өнегесі
Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында Қарағанды қаласының 90 жылдық мерейтойына арналған «Қарағандының өшпес есімдері» тақырыбы аясында ұйымдастырылған облыстық бейнерепортаждар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Аталған байқау 2024 жылдың ақпан айында жарияланған болатын.
Кеншілер шаһарының тарихын білу арқылы балалардың өлкетануға деген қызығушылығын оятуға және қаланың дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалар туралы бейнерепортаж жасауға бағытталған шараға қатысуға ниет білдіргендер қатары қалың болды.
Атап айтсақ, Қарағанды, Саран, Абай, Шахтинск, Приозерск, Теміртау қалалары мен Бұқар жырау, Қарқаралы және Осакаров аудандарынан 14-15 жас аралығындағы талапты балалар қатысты.
Ұсынылған бейнерепортаждарды осы саланың білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалады. Олар – мобилограф, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті интернет-редакциясының маманы А.Балпанова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бас сақтаушысы Д.Сәкімбай, «5 арна» телеарнасының телеоператоры З.Есмахаев, Қарағанды облысының мемлекеттік архивінің Ұлттық архив қорын жинақтау және құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу бөлімінің басшысы Қ.Жұмабекова.
Қазылар алқасы жұмыстарды бағалау барысында бірқатар критерийлерді басшылыққа алды. Атап айтсақ, бейнеролик регламентінің сәйкестігі, бейнерепортаждың мазмұны (сюжеттің толықтығы мен тереңдігі, сауаттылық) шығармашылық тәсіл (идеяның өзіндік ерекшелігі мен шығармашылығы, композициялық шешім, бірыңғай стильді сақтау).
Байқау қорытындысы бойынша I орынға Қарағанды қаласы, Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Жібек Қалдыбай, II орынға Бұқар жырау ауданы, С.Торайғыров атындағы мектептің оқушысы Сәкен Жұман, III орынға Қарағанды қаласы, Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенті Александра Кривая, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Анара Адамбай ие болды.
«Креативті идея» аталымын Қарағанды қаласы, Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі Павел Мерц, «Үздік бейнесюжет» номинациясын Теміртау қаласы, Ғабиден Мұстафин атындағы мектебінің оқушысы Ернұр Сермаханов, «Үздік техникалық шешім» аталымын Қарағанды қаласы, №85 жалпы білім беру мектебінің оқушысы Айзара Өмірбек, «Тақырыпты ашу шеберлігі» номинациясын Қарағанды қаласы, Ж.Ақбаев атындағы жалпы білім беру мектебінің оқушысы Іңкәр Өмірбек жеңіп алды.
Барлық қатысушыға сертификат, жетекшілерге Алғыс хат табысталды.
– Байқауға ұсынған жұмысымды мұқият дайындадым. Ерекше тәсілдерді пайдаландым. Өзім тарихи тақырыптарды ұнатамын. Қарағанды қаласы – ғасырға жуық тарихы бар ірі қала. Кеншілер өлкесін еліміздің индустиялық жүрегі деп бекер айтпайды. Бұл жерде талай тұлғалардың ізі қалған. Осында тұратыны қаншама?! Олар қаламыздың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан. Бейнерепортажымда осыларды жүйелі түрде қамтыдым. Еңбегімнің еленіп, мәренің алдынан көрінгеніме қуанып қалдым. Бұл бағытта әлі біраз жұмыс жасаймын, – дейді Жібек Қалдыбай.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz