Руханият

Өшпес ерлік өнегесі

Жаңа Майқұдық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Кеңес Одағының Батыры Мартбек Мамыраев атындағы Қарағанды әскери-техникалық мектебі алаңындағы батыр ескерткішінің алдында «Ерліктің даңқы өшпес» атты Мартбек Мамыраевтың туғанына 115 жыл толуына арналған жиын өтті.

СУРЕТТЕ: батырдың қызы Клара МАМЫРАЕВА

Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен батыр бабалардың ерлігін уақыт көші ұмыттыра алмайды. Олардың алып тұлғасы жылжып жылдар өткен сайын жадымызда жаңғырып асқақтай бермек. Мартбек Мамыраев – Отан үшін от кешкен қазақтың даңқты перзенттерінің бірі.

Тарихи танымдық жиын батыр ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым жасаумен басталды. Жиналғандар Отан үшін от кешкен халқымыздың қаһарман ұлын минут үнсіздікпен еске алды.

Қасиет қонған Қарқаралы өңірінде 1908 жылы өмірге келіп, туған жердің тұнығын бала жасынан бойына сіңірген Мартбек Мамыраевтың ғұмыры шежірелі даланың даңқты дастаны іспетті. Ең алғаш, Қарағанды кенішінде еңбек етіп, Отанға қауіп төнген сын сағатта атқа қонған азаматтың Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өзені үшін болған ұрыстағы жанқиярлық ерліктері батырдың басқадан бөлек болмысын көрсетті.

Отты жылдарда Отан үшін от кешкен тұлғаның ерен ерлігі, елге деген шексіз сүйіспеншілігі Қазақстанның бүгінгі саптағы сарбаздары үшін, болашаққа қанат қаққан жасампаз ұрпақ үшін адастырмас бағдаршам іспеттес.

Іс-шарада «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Әлихан Бөкейхан аудандық филиалының төрағасы Марат Аймағамбетов, Мартбек Мамыраевтың қызы Клара Мамыраева, ҚР Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектебі директорының орынбасары, подполковник Нұркен Бекішев, Жақып Ақбаев атындағы орта мектептің кітапхана меңгерушісі Гүлжанат Жолдыбекова сөз сөйлеп, батыр өмірінен деректер айтты. Батыр рухына тағзым етіп, жастарға үлгі болатын тарихи тұлға екенін тілге тиек етті.

Өнегелі кешті кестелі ән айшықтап, Марат Ерденнің орындауында «Қазақтың ұлымын» әні шырқалды.

Жауқазын қанатын «жыр» деп қаққан жас жеткіншектер Жақып Ақбаев атындағы орта мектеп оқушылары Дариға Татыханова, Мағжан Мейраш және Нұрым Эрали рухани іс-шарада Қасым ақынның «Мартбек» өлеңін жатқа оқыды.

Ержан Серікбаевтың «Алға, қазақ жігіттері» әнін Кәрім Медет әуелетсе, «Кәусар» дуэтінің орындауында сол жылдар кезеңінен сыр шертер «Журавли» әні шырқалып, өне-бойымызды шымырлатты. Ал, «Кәусар» дуэті «Туған ел» әнін орындап, жұртты бір серпілтті.

Тірлігінде ел үшін ерен істер атқарып, тұла бойынан ұлттың, рухтың ұраны ескен тұлғаның тағылымды ғұмыры мен ерлік ісі бүгінгі ұрпақ үшін мәңгі өнеге.

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz        

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button