Спорт

Ширмялис шаруаны қолға алды

   Премьер-Лига чемпионатының ХV турында қарағандылық «Шахтер» Алматыға барды. Алатаудың баурайында жергілікті «Қайратпен» кездескен жерлестеріміз 4:1 есебімен жерге қарап қайтты.

Матч басталысымен «Қайрат» сапындағы Жерар Гоу Шацкийдің қақпасынан саңылау тапты. Небары 38-ші секундта алматылықтар 1:0 есебімен алға шықты. 20-шы минутта қарағандылықтардың есепті теңестірер мүмкіндігі болды. Алайда, Марко Станоевич айып добын қақпадан жоғары тепті.

37-ші минутта «қайраттықтар» көрсеткішті еселеді. Шацкиймен оңаша қалған Бауыржан Исламхан мүмкіндікті мүлт жібермеді. 2:0.

Арада екі минут өте Гоу екінші голдың авторы атанды. 3:0.

Ойын соңына таман алматылық Бауыржан Тұрысбек есепті 4:0-ге жеткізді. Ал, ойындағы голдар нүктесін «шахтерлік» Милан Стоянович қойды. 86-шы минутта серб легионерінің айналдыра тепкен добы «Қайраттың» қақпасынан табылды. 4:1.

Бұл жеңісінен кейін «Қайрат» 34 ұпаймен турнир кестесінің 2-ші сатысына жайғасты. Топ бастаған «Астанада» – 36 ұпай. «Шахтер» 9 ұпаймен көш соңында.

Қарағандылық ұжымның келесі қарсыласы – «Атырау». 17 маусымда мұнайлы жұрттың жігіттері көмірлі өлкеге келеді. Бұл – «Шахтер» ойыншыларын жаттықтыруды қолға алған литвалық маман Саулюс Ширмялистің бас бапкер ретіндегі алғашқы матчы болмақ.

61 жастағы бапкер бұған дейін «Ақжайық», «Ордабасы» клубтарын, Қазақстанның жастар құрамасын жаттықтырды. Литва, Латвия, Финляндия және Сербия елдерінде бапкерлік қызметтерін атқарды. Литва және Латвия чемпионаттарының жеңімпазы атанған. «Шаруасы шатқаяқтаған «Шахтердің» жүгін түзер» деген үмітіміз бар.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button