ШЕЖІРЕЛІ САРАЙДАҒЫ СӘУЛЕЛІ СӘТ
Қарағандының қақ төріндегі Кеншілер мәдениет сарайы – кенді өлкенің талай тарихи кезеңін үнсіз өткерген сәулет шежіресі. Бұл сарайда талай мәрте ән шырқалып, күй күмбірледі, келелі кеңестер өтіп, көпшілік бас қосқан. Ал, бүгін шежірелі шаңырақтың төрінде өнер мерекесі емес, ел келешегіне қатысты саяси таңдау жасалуда.

Кеншілер мәдениет сарайының құрылысы 1940 жылы сәулетшілер Иосиф Бреннер мен Яков Яноштың жобасы бойынша басталған. Алайда, соғыс өрті тұтанған тұста жұмыс уақытша тоқтап, ғимарат 1952 жылы ғана толық пайдалануға берілді. 1983 жылы сәулет ескерткіші мәртебесін алған сарай содан бері Қарағандының басты нышандарының біріне айналды.
Сол тарихи ғимаратта бүгін №17 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Күнделікті сахнасынан әсем ән мен қоңыр күй төгілетін сарай бұл жолы Мемлекеттік Әнұранның асқақ үнімен оянды. Сағат тілі таңғы жетіні көрсеткенде комиссия мүшелері жұмыс орындарында сақадай сай отырды. Ал, есіктің арғы жағында алғашқы сайлаушы әлдеқашан келіп, учаскенің ашылуын күтіп тұрған еді.

Әнұранның соңғы иірімі толастаған сәтте бойда зейнеткер ішке кіріп, №17 учаскеде алғаш болып азаматтық таңдауын жасады. Таңмен таласа жеткен қарияның бұл қадамы күннің алғашқы сәулесіндей әсер қалдырды.
Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Олег Петрович Валецкийдің айтуынша, мұнда барлығы 2159 сайлаушы тіркелген.
– Алғашқы сайлаушымыз таңғы сағат 07:00-де келді. Біз учаскені ашуға дайындалып жатқанда, ол кісі есік алдында күтіп тұрды. Өзі – зейнеткер. Мемлекеттік Әнұран шырқалып біткен бойда ішке еніп, бірінші болып дауыс берді. Одан кейін де тұрғындар біртіндеп келе бастады, – деді комиссия төрағасы.

Бұл аудан тұрғындары үшін Кеншілер мәдениет сарайы – көптен таныс сайлау мекені. Олардың дені учаскенің мекенжайын телефоннан іздеп, қайта-қайта анықтама сұрап әуре болмайды. «Сайлау болса – Кеншілер сарайы» деген жазылмаған бағдар жадына әбден орныққандай. Келушілердің қимылынан да абыржу байқалмайды. Олар қай есіктен кіріп, қай тұстан тіркеліп, одан әрі қайда беттеу керектігін жақсы біледі.
Бұл дағды бір күнде қалыптасқан жоқ. Жылдар бойы дәл осы ғимаратта дауыс беріп келе жатқан жұрт үшін сарай қоғамдық әрі азаматтық жадтың бір бөлшегіне айналған. Бір кездері ата-анасымен бірге еріп келген бала бүгінде өзі сайлаушы атанса, кешегі жас азамат бүгін немересін жетектеп келуі мүмкін. Уақыт ауысқанымен, елдік іске үн қосатын мекен өзгермеген.

Учаскедегі жұмыстың байыпты әрі қалыпты жүруіне комиссия мүшелерінің мол тәжірибесі де сеп болып отыр. Олег Валецкийдің сайлау жүйесіндегі қызметіне жиырма жылдан асқан. Ол 2006 жылы да дәл осы учаскеде комиссия жұмысын ұйымдастырғанын анық есінде сақтапты. Содан бері референдумдар мен түрлі деңгейдегі сайлауларда жауапты міндет атқарып келеді.
– Осы салада жүргеніме жиырма жылдан асты. 2006 жылы да дәл осы жерде жұмыс істегенім есімде. Осы уақыт ішінде референдумдар, Мәжіліс пен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Әр науқанның өзіндік ерекшелігі бар. Комиссия құрамында менімен бірге ұзақ жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқан төрт тәжірибелі әріптесім отыр. Бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз, – деді Олег Петрович.
Сайлау комиссиясының жұмысы сырт көзге сайлаушыны тізімнен тауып, бюллетень берумен ғана шектелетіндей көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, мұның ар жағында үлкен дайындық пен жоғары жауапкершілік тұр. Комиссияның әр мүшесі заң талаптарын жетік біліп, тосын жағдайда қандай шешім қабылдау керектігін анық түсінуге тиіс.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің облысқа инспекциялық сапары кезінде де комиссия мүшелерінің кәсіби даярлығына ерекше назар аударылған. Олег Валецкийдің айтуынша, учаскеде жұмыс істеу үшін тәжірибенің өзі жеткіліксіз. Әрбір комиссия мүшесі арнайы оқу бағдарламасынан өтіп, білімін ресми тест арқылы дәлелдеуі қажет.

– Біз ықтимал жағдайларды жай ғана талқылап қоймаймыз. Комиссия мүшелеріне арналған арнайы ресми бағдарлама бар. Барлығы тест тапсырып, тиісті сертификат алуға міндетті. Тесттен өте алмаған адам сайлау комиссиясының жұмысына жіберілмейді. Әрине, оқу барысында түрлі кейстерді қарастырып, дауыс беру күні туындауы мүмкін жағдайларды пысықтаймыз. Бірақ тест тапсырып, сертификат алу – бұлжымайтын талап. Сертификатың бар ма – мархабат, жұмысқа кіріс, – деді комиссия төрағасы.
Осыдан жетпіс төрт жыл бұрын ел игілігіне берілген Кеншілер мәдениет сарайының тарихына бүгін тағы бір парақ қосылды. Сахна төрінде ән шырқалмаса да, сарай ішінен азаматтық жауапкершіліктің үні сезіледі. Таңғы жетіде есік алдында күткен қариядан басталған дауыс беру легі жалғасып жатыр.
Шежірелі сарайдың сәулелі сәті де – осы. Өнердің ордасы бүгін елдік таңдаудың төріне, мыңдаған талғамның мінберіне айналды.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



