Шеттегі шырайлы шара
Қолда бар деректерге сүйенсек, ортақ Отанымызды фашизмнің қанды шеңгелінен қорғау үшін қазіргі Шет ауданынан 5593 адам майданға аттанған екен. Содан әрбір бес боздақтың екеуі елге оралмапты.
Отан қорғау жолында опат болған және аман-есен елге оралған майдангердің ұрпақтары аудан орталығы Ақсу-Аюлыдағы «Мәңгілік алау» мемориалы жанында «Ұлы Жеңіс ұрпақ жадында» тақырыбында митинг өткізді.
Отан үшін бақилық болған боздақ рухына аудан басшысы бастаған әлеумет «Мәңгілік алау» алдында тағзым етті, гүл шоғын қойды. Жеңіс жалауын желбіреткен, есімі мәрмәр тасқа қашап жазылған жерлес майдангерлерді бір сәт үнсіз еске түсірді. Үш дүркін салют берілді.
– Қан майдандағы аға буынның ерлігі бүгінгі және келер ұрпаққа нағыз отансүйгіштіктің, ел қорғаудың ерен үлгісі деді, өз сөзінде аудан әкімі Марат Жан-дәулетов.
Шара Мәдениет сарайының аумағында жалғасты. Аула майдан даласына айналып кеткендей. Тек оқ пен отқа оранған қанды қырғын емес, бір мезеттік тыныштықтың тыныс-тіршілігі театрландырылған көрініс арқылы көпшілік назарына ұсынылды.
«Блиндажға» бас сұққандар арнайы әзірленген «жауынгер ботқасынан» дәм татты. Тыл ардагерлері ән шырқады. Ал, сұрапыл соғыстың жанқиярлық жылнамасы, жаралы жылдар жаңғырығы «Жеңістің жемісі» атты сахналанған көріністе көрсетілді.
Ал, Жарық, Ақадыр және Ақсу-Аюлыда тұратын ардагерлерді аудан басшылығы олардың отбасыларына арнайы барып құттықтады.
Осы күні Ақсу-Аюлыда жергілікті билік пен бизнес бірлесіп жүзеге асырған алғашқы жоба – балабақша ашылды. 50 орындық «Сұлтан» балабақшасын ашуға ұйытқы болған жеке кәсіпкер Мейрам Арыстанбеков.
Ұлы Жеңістің 73 жылдығына арналған мереке қызығы кешкілік орталық саябақта жалғасты. Спорттық жарыс ұйымдастырылды, концерт қойылды. Тұрғындар отшашуды тамашалады.
ШЕТ ауданы.
Әлібек Әбдіраш