Шет ауданында тасқыннан зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек берілді
Шет ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы материалдық көмек берілді. Зардап шеккен 60 отбасы 369 200 теңгеден алды.
Осы аптада толық залалды өтеу басталады. Бағалау комиссиясы жұмыстарын аяқтап, қорытынды шығарады. Сондай-ақ осы аптада мал шығынына байланысты мәселе де оң шешімін таппақ.
Аккредиттелген ұйым үйлерге техникалық тексеру жүргізді. Алты тұрғын үй жарамсыз деп танылды. Бес отбасы үшін жақын күндері басқа үйлер сатып алынып, бір отбасыға жаңасын салады.
Сондай-ақ Шет ауданында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев болып, су басқан үйлердің тұрғындарымен кездесіп, жедел штаб отырысын өткізді.
Шет ауданында ТЖ салдарын жоюмен қатар бір мезгілде инфрақұрылымды қалпына келтіру басталды. Бірінші қадам – су шайып кеткен ішкі жолдарды жөндеу.
Ағымдағы су тасқыны салдарын ескере отырып, өңір басшысы инженерлік жұмыстар жоспарын жасап, оны жазғы кезеңде іске асыруға кірісуді тапсырды. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы барлық бөгеттер мен гидроқұрылыстардың техникалық жай-күйін қайта тексереді.
Шет ауданының тұрғындарына сонымен қатар гуманитарлық көмек те көрсетілді. Атап айтар болсақ, зардап шеккен ауылдарға кәсіпкерлер, ҚХА өкілдері, қоғамдық қорлар, еріктілер және Қарағанды облысының қамқор тұрғындары азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын жабдықтары және басқаларын жіберді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz