АймақШет

Шет ауданына гуманитарлық көмек жетті

Қарғын судың астында қалған Шет ауданына қарасты  ауылдарға гуманитарлық көмек көрсетілуде. Қарағандылықтар ауданның үй-жайларын су басқан ауылдарына көмек қолын созып, зардап шеккен азаматтарға қолдау білдіруде. Қоғам белсенділерінің және еріктілердің бастамасымен Қарағанды қаласында гуманитарлық көмек жинау бекеттері ашылды. Су басқан ауданға арнайы жүк көліктерімен киім-кешек, көрпе-төсек, тұрмысқа қажетті заттар мен азық түлік тауар­ла­ры жіберілді. Аталған керуен су басқан аумақтарға келіп, тұрғындарға тұрмысқа қажетті заттар таратылуда. Бүгін Қарағанды қаласындағы Достық үйінің алдынан шыққан екі «газель» көлігі тұрғындарға керекті заттарын жеткізді.

Суреттер: автордан

Су басқан аумақтардың тұрғындарына дер уақытында азық түлік өнім­дерімен бірге жылы киімдер, төсеніштер, күнделікті тұр­мысқа қажетті тауарларды жібергендерге көмек алған жұрт алғысын жаудырды.

– Бірлігі жарасқан елдің жана­шырлығы сыналатын шақта жергілікті әкімдіктер мен мәс­ли­хаттар, депутаттар, партиялас­тар, бюд­жеттік және азаматтық ұйымдардың өкілдері, дін қыз­меткерлері, жастар тарапы бел­сенділік танытып, халықтың күші бірлікте екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, көмек ұсынуда. Үйімізді су басқалы қолұшын берген жандар қаншама. Гуманитарлық көмектер ұсынылып жатыр. Қарғын судан зардап шеккен ауылдағы ағайынға жақ­сы­лық жасауға асыққан қарағандылықтарға, басқа да республикадан көмек жолдаған азаматтарға алғысым шексіз, – дейді Қайрақты ауылының су тасқынынан зардап шеккен тұрғыны Талғат Шәріп.

Сонымен қатар,  Төтенше жағдайлар министрлігі, «Біз біргеміз» қоры өкілдері Қайрақты ауылына тікұшақпен азық түлік, жылы киімдер, және дәрі-дәрмек жеткізді. Жергілікті тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып, жапа шеккендерге таратылды.

Шет ауданы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар бойынша бас инспекторы Олжас Төлеубаев қаптарды инертті материалдарымен толтыру, оларды су басу орындарына төсеу, каналдар мен арық жүйелерін нығайту және арнайы құрылғылармен тұрғын үйлердің аулалары мен көшелерінен қар суын сору, сонымен қатар, елдімекендерде апатты хабарлау және адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатқандығын мәлімдеді.

– Биыл ауа райының күрт жылынуы елдімекендер мен жолдарға үлкен қатер төндірді. Алғашқыда Мойынты, Ақадыр кентін әбігерге салған тасқынның тосын мінезі аудан орталығы Ақсу-Аюлыда анық байқалды. 29 наурызда «Ақсу-Аюлы-Ақтоғай» тас жолын басты. Екі бетон суағар мұнша мол суды өткізіп үлгермегендіктен су жолдан асып, салынып жатқан «Алматы-Екатеринбург» тасжолын «БАҚ» кафесінің аумағын басып, төтенше жағдай орын алды. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерінен кезекшілік қойылды. Төтенше жағдай қызметінің жасақтары, аудан әкімдігінің, Ақсу-Аюлы ауылдық округінің әкімдігі, мекеме қызметкерлерімен қатар, ауыл азаматтары мен техникалар жұмылдырылды. Жолдағы барлық көліктер тоқтады. Ауданда төтенше жағдай жарияланды. Жедел жасалған шаралар арқасында судың беті қайтып, Құмжондағы үйлер аман қалды. Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров желі арқылы орын алған төтенше жағдайға байланысты аудан тұрғындарын  жолға шықпауға шақырды. Ақадырға қарай шыға беріс жақтағы жолға лезде топырақ, құм төгіп, судың бетін қайтарып үлгерді. Тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастырылып, суағарды қолдан жасалған жалпақ темірмен бірде жауып, бірде ашып, су деңгейінің көтерілуіне жол бермей, бақылауда ұстады, – деді Олжас Төлеубаев.

Бас инспектордың айтуынша, Шерубай-Нұра өзеніндегі су деңгейінің арнасына сыймай көтерілуіне байланысты Қайрақты ауылынан 67 адам, оның ішінде 32 бала  алдын ала эвакуацияланып, Ақсу-Аюлы ауылындағы туыстарына орналастырылған. Малдар тауға қарай биік жерге өріске шығарылған. Ауылда он үйге су кірді. Сонымен қатар, 15 үйді су басу қаупі болған. Инертті материалдар төсеу жұмыстары жүргізіліп, уақытша ұзындығы 600 метр бөгет жасалған. Сондай-ақ, су деңгейінің жоғарылауына байланысты Красная Поляна ауылдық округінде 6 үйді, Деріпсал ауылында 1 үйді су басқан. Шерубай-Нұра өзені арнасына сыймай Нұраталды округіне қарасты Ақсу ауылының жағада орналасқан бөлігіне су жайылған. Су салдарынан 24 үйге су кіріп, 119 адам эвакуацияланды оның ішінде 40 бала олар жолдың оң қабақтағы үйлерге орналастырылған. Аудан әкімдігінде су тасқынының алдын алуға арналған жедел штаб тәулік бойы жұмыс жасауда.

Айта кетейік, «Қол жұмылмай, жылынбайды» деген аталы сөзді ұстаным еткен белсенді азаматтар ел ба­сына күн туған қиын сәтте қарап қалмайтындығын және қабылдау пункті аптаның соңына дейін жұмысын жалғастыратындығын жеткізді. 

Нұрдос КӘРІМ,
Шет ауданы.
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button