АймақШет

Шет ауданы жарықсыз қалды

Шет ауданы халқының дәл бүгінгі өркениет дәуірінде осындай күй кешетін жөні жоқ еді. Алайда, Шеттен бұл мәселенің шеті шыққалы көп болды. Тозығы жеткен тоқ сымы жиі үзіліп, ел-жұрттың жүйкесін әбден тоздырды.

Бұл өңір жел үп етсе жарық «жалп» етіп сөнетін көне заманның күйін әлі кешіп келеді. 2023 жылы да Қошқарбай ауылындағы әбден ескірген трансформатор өртеніп кетіп, Қошқарбай, Ақсу, Шопа, Қызылқой, Аққиақ, Талды, Берекетті, Жаңажұрт және Деріпсал ауылдары электр қуатынсыз қалған еді. Енді, міне, тұтас аудан жарықсыз, тоқпен жылынатын үй-жайлар жылусыз қалды.

Бұл келеңсіз жағдайдың бірден-бір себебі – «Шет-Энерго» компаниясы мен «Жезқазған таратушы электр торабы компаниясы» АҚ арасындағы электр энергиясын тасымалдау бойынша талаптардың орындалмауы. Айналып келгенде, екі компанияның ерегісінен ел зардап шегіп отыр. Аудан халқының төзімі әбден таусылған.

– ХХІ ғасырда жарықсыз қалу аудан тұрғындарын тығырыққа тіреп отыр. Ауылдың тумасы, жанашыры болып, еңбек еткен қара халықпыз. Қаншама ауылда тоқ сөніп, әбігерге түскен бұл Шет ауданы халқының мұңын кім тыңдайды? Хабарласып білсек, қуат беруші «Шет-Энерго» кәсіпорны Жезқазған таратушы электр торабы компаниясымен ешқандай келісімшартқа отырмаған. Бұл жағдай өткен жылы заң қабылданғанда белгілі болды. Содан бері қаншама рет «Шет-Энерго» мекемесіне ескертілген екен. Қара халықты қараңғы түнекте қалдырған «Шет-Энерго» мекемесінің басшыларына бүгіндегі электр желілерінің ескіргендігін бұған дейін мен қаншама рет айтып, көтеріп жүрдім. Боран болса, сөнетін тоқ желісі қазіргі уақытта кішкене жел соқса 4-5 күнге дейін қосылмайды. Оны жөндеп, қосуға бригадасы тағы келмейді. Аудан бойынша қаншама әлеуметтік желілерге және группаларға жазған ел, қазірде билік өкілдерінен шара қабылдағанды күтіп отыр. Себебі, тұрғындар тұтынған тоқ энергиясының ақшасын уақытылы төлеуде. «Шет-Энерго» тұрғындардың жағдайына қарамай, немқұрайлылық танытуы салдарынан осындай жағдайға әкеліп соқты. Осыдан екі ай бұрын Үкімет мемлекет меншігіне аламыз деген еді. Аталған мекеменің мәселесі көп. Бірақ, бүгінде қандай шаралар қабылданып жатыр? Неге тұтас аудан халқын тоқсыз қалдырған «Шет-Энерго» кәсіпорыны жауапкершілікке тартылмайды?, – дейді аудан жанашыры Бейбіт Жұмабеков.

Шет ауданының 27 елдімекенінде жарық жоқ. Ел-жұрт Кеңес үкіметі кезінен қалған ескі электр жабдығы әбден тозғанын айтады.

– Ауданымыздың электр қуатының ырың-жырыңынан қорлық көріп, зардап шегіп келе жатқанына жиырма жыл болды десек, қателеспейміз. Кеңес үкіметінен қалған электр жүйелері мен жабдықтарын су тегінге алған монополистер пайданы бөлісе алмай, ұзақ уақыттан бері соттасуда. Бұларға ешкімнің әлі келмей ме? «Шет- Энерго» ЖШС мен «ЖезРЭК» АҚ арасындағы келіспеушілігінің кесірінен қызыл шұнақ аязда Ақсу-Аюлының халқы, тіпті, естіп отырмын 27 елдімекен, тағы да жарықсыз қалды. Оларға елдің мұңы, мектеп, балабақшалардың жағдайы маңызды емес. «Тоңып қалмақ түгілі тастай қатып қалсын», деген ойлары бар ма? Талай жылдан бері осылардың дауының ортасында жүрмін. Өздерінің проблемасын әкімдерге, ауданның мамандарына жапқысы келеді, елді арандатып көшеге шығарғысы келеді. Бұдан артық арсыздық болар ма? Бұлардың ісіне қарап, «Осы бізде заң барма, монополияға қарсы агенттік қайда? Құқық қорғау органдары қайда қарап отыр?» деген сұрақ туындайды. Әлде біреу өліп, өртеніп, жарылуы керек пе? Халықтың бәрі ашынды. Не сұмдық мынау? 1997 жылдан бастап тоқтың проблемасы әлі шешілмей келеді, – дейді тағы бір аудан тұрғыны Ертай Жәнібеков.

«Шет-Энерго» ЖШС-нің көп жылдар бойы электр жүйелеріне ауқымды жөндеу жүргізбеуінен жеке учаскелерде тоқ көзі апаттық жағдайда ажырап отыр. Өткен жылдың өзінде 324 мәрте жарық өшкен. Осыған дейін меншік иесіне тозығы жеткен электр желілерін жаңарту туралы әкімдік тарапынан бірнеше мәрте ескерту жасалған. Алайда, оны керек қылмаған компанияның жүгенсіздігі шаруаны шиеленістіріп отыр.

Барлық жағдай – жергілікті биліктің тікелей бақылауында. Әуелі аудандағы аурухана, мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандарға электр қуаты беріліп отыр. Аудан әкімдігінің төтенше жағдай жариялауына тура келді.

– Бүгінгі таңда «Шет-Энерго» компаниясымен жағдай әлі де күрделі болып отыр. Көптеген жылдар бойы компания электр желілерін жаңғыртуға инвестиция салмаған, бұл электр энергиясының жүйелі үзілістеріне әкеліп соғуда. Адамдар жиі жарықсыз қалудан ғана емес, сонымен қатар жылусыз да қалады. Аудан тұрғындарынан бұл компанияның жұмысы туралы үнемі көптеген шағымдар түсіп келеді. Тұрақты ескертулерге қарамастан, «Шет-Энерго» қызметінің сапасы жақсармай отыр. Осыған байланысты, аудан әкімдігі жергілікті деңгейде төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болуда, бұл шаралар ауданда электр энергиясын қалпына келтіруге бағытталған. Бұл қадам энергетикалық қамтамасыз ету саласында тәртіп орнатуға және сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Тұрғындар авариялар мен жеке компанияның сылтауларын емес, тұрақты электр қуатын қажет етеді. Тұрғындардан сабыр сақтап, біз жағдайды тұрақтандыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанымызды түсінулерін сұраймын, – дейді аудан әкімі Мұхит Мұхтаров.

Электр желісі ақауын ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі үнемі мониторинг жүргізіп, журналға толтырып отырады. 2020 жылы 65 рет, 2021 жылы 80 рет, 2022 жылы 81 мәрте, 2023 жылы 93 рет өшкен.

Осы жылы қаңтар айында Шет өңірінің (27 елдімекен) тұрғындары 5 күн электр қуатынсыз қалды.

Бұл мәселе Үкіметтің назарына жетті. Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның отырысында компания мүлкін мемлекет пайдасына алу үшін сотқа берілетіні айтылған.

«Шет-Энерго» ЖШС Шет ауданының елдімекендерін электрмен қамтамасыз етеді. Ауыл тұрғындары электр қуатының негізсіз өшуіне жиі шағымданды. Мамандар қуаттың жетіспеушілігін, электр желілерінің тозу деңгейінің жоғарылығы сапасыз жөндеу жұмыстарын, авариялық бригадалардың жетіспеушілігін атап өтті. Компания үнемі төтенше жағдайлардың орын алуына жол берді. Шет ауданы тұрғындарының өмірі мен денсаулығына зиян келтірмеу үшін компанияның мүлкін мемлекет пайдасына реквизициялау мақсатында сотқа жүгіну туралы шешім қабылданды», деген ақпарат жарияланған еді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің сайтында.

Қысқасы, жаһандану заманында жарықсыз отырған Шет ауданы өркениеттен шет қалғанына өкпелі және шұғыл шешім қабылдаса деген елдің талап-тілегі бар. Жарығы өшкен ел үмітін өшірмей отыр. Әрине, әзірге…

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Шет ауданы

Сурет әкімдік сайтынан алынды

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button