Жаңалықтар

Президент Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде сөз сөйлеп, бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастық пен ортақ құндылықтардың маңызын атап өтті.

Сурет Ақордадан

Президенттің айтуынша, Түркі мемлекеттері ұйымы түркі әлемінің тұтастығын нығайтып, елдердің өзара байланысын тереңдетуге ықпал етіп келеді. Бұл ретте әр мемлекеттің егемендігі мен ұлттық мүддесін құрметтеу басты қағидат болып қала береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы басқосудың «Түркі ғасыры: тіліміз де, ойымыз да, ісіміз де – бір» деген тақырыбы ерекше мәнге ие екенін айтты. Саммит Бірінші Түркология құрылтайының 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. 

– Бауырлас елдердің егемендігіне, ұлттық мүддесіне құрметпен қарау – біздің мызғымас қағидатымыз. Түркі жұрты тонның ішкі бауындай тату болып, бағыт-бағдарынан ауытқымай бірлесіп, алға нық қадам жасауда. «Түркі ғасыры: тіліміз де, ойымыз да, ісіміз де – бір» атты бүгінгі басқосу тақырыбының мән-мағынасы – өте терең. Бұл жиын Бірінші Түркология құрылтайының 100 жылдығымен орайлас өтіп жатыр. Мұның символдық мәні де ерекше. Осыдан бір ғасыр бұрын бауырлас елдердің зиялы қауым өкілдері рухани тұтастығымызды нығайту үшін ортақ мүдде жолында Баку қаласында үлкен жиын ұйымдастырып, күш біріктірген болатын. Біз бабаларымыздың осы аманатына адал болып, түркі әлемінің ауызбіршілігін күшейту үшін жұмыла әрекет етіп келеміз, – деді Мемлекет басшысы.  

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button