Жаңалықтар

Шер шайылды, рух тасып…

«…1917 жылы ақпанда патша тақтан кетті. Бұл қазақ халқы үшін әрі тосын, әрі көптен күткен сәт еді. Қазақ мемлекетін қайта құруға ыңғайлы сәтті түйсінген азаматтар 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында I жалпықазақ съезін өткізді. Халел ДОСМҰХАМЕДОВТІҢ төрағалығымен өткен съезде қазақтың тұңғыш саяси ұйымы – «Алаш» партиясы құрылды…»

Иә, бұл тарихымыздың алтын әріптермен жазылған сәттері. Аса бағалы деректі бүгінгі жас ұрпақ өкілі Боран ежіктеп оқып отырды. Шымылдық түрілді. Біз көптен күткен, Тәуелсіздіктің – 30, Ә.БӨКЕЙХАННЫҢ – 155, Ж.АҚБАЕВТЫҢ – 145, Ә.ЕРМЕКОВТІҢ – 135 жылдығына орай Қанат ЖҮНІСОВТІҢ шығармалары негізінде Айдын АБЗАЛБЕКҰЛЫ сахналаған «Ұлтқа қызмет» деректі-көркем драмасы осылай басталды.

Осылай, әп-сәтте бұдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын өткізілген II жалпықазақ съезіне топ ете қалдық. Көз алдымызда қазақ оқығандары съезд жұмысына белсене қатысып жатыр. Бірауыздан Әлихан Бөкейхан төраға етіп сайланғаны хабарланды. Бәрі құттықтап жатты. Есімін кітаптан ғана оқып жүрген ұлт қайраткерлерінің көз алдымызда жасындай жарқылдап, пікір таластырып, ойларын бүкпесіз ақтарып жатқаны ә дегеннен арқаны шымырлатты.

– «Ұлтқа қызмет» туындысы бұрыннан ойда жүрген дүние еді. Қарағанды облысы басшылығынан ұсыныс түскенде қуана келістім. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, биылғы мерейтой иелері – Әлихан, Жақып, Әлімхандарды бас кейіпкер етіп, «Алаш жолы», «Ұлт көсемі» деген екі шығарма жаздым. Режиссер екі туындымды да қамтығысы келген соң, қарсы болмадым. Бірақ, бәрін өзім қадағалап отырдым. Өйткені, бұл тарих қой. Қате кетпеуі керек. Жанрын деректі-көркем жанр деп алдым. Өйткені, бұл – театр, мұнда бәрі – жанды. Сондықтан, негізгі ойларды сахнаға лайықтап ұсындық, – дейді автор Қанат Жүнісов.

Әлиханды – Айдос Нұрмағамбетов, Жақып рөлін – Сұлтан Серікұлы, Әлімханды – Аманкелді Мұқашев, Ахметті – Мадияр Қойшығарин, Міржақып рөлін – Наурызбай Есей- ұлы, мүгедек тыңшыны – Бақытжан Ерғалиев, Зәкір сатқынды – Мақсат Мәліков, бүгінгі жас ұрпақ өкілі Боранды – Темірлан Хамза, Ленин рөлін – Кеңес Жұмабеков, Сталин бейнесін – Рахат Қосжанов, Әлиханның қызы Лизаны – Мөлдір Юсупова, Әлиханның анасын – Маржан Әнуар, Халел рөлін – Талғат Садықов, Жаһаншаны – Қуаныш Жағыпаров, Брюхановты – Ақниет Мәкішев, Ежов қанішерді – Ахай Жұмамұратов сомдады.

Режиссердің шешімімен Тәуелсіздік ұрпағы Боран қойылым басталғанда тарихымызды ежіктеп оқиды, кейін ептеп түзеле түседі, соңына қарай жылап отырып оқиды. Бұны да режиссер жақсы үйлестіріпті. Қазіргі кітап оқымайтын ұрпақ, бай тарихымыз, батыр бабалар, бәрі орнымен, жүрегің езіліп кетеді. Боранның тарих беттерін парақтауы бойынша қойылым өрбіп отырады.

Қойылым режиссерінің айтуынша, драмаға көңілі толған. «Театрда бірден бәрі жақсы деген әңгіме жоқ. Біз осы қазанда қайнап жүргендіктен, бізге бәрі өз орнымен. Сыншылар- дың премьераға сын айтпайтыны – сондықтан. Өйткені, ол әр қойылған сайын пісіп отырады. Актерлер де мәтінге шыныға түседі. Меніңше, Тәуелсіздіктің, азаттықтың рухын бере алдық» – деді Айдын Абзалбекұлы.

II бүкілқазақ съезінен басталған драмада Алаш үкіметіне қатысты көптеген дерек бар. Әсіресе, Әлім- хан Ермеков Ленинмен тайталасып, қазақ шекарасын шегендеген тұста жыламаған көрермен болмады-ау… Әлімханның білімдарлығы мен асқан патриоттығы көрерменді қатты баурап алды.

Сондағы алаштықтардың қуанғаны, Әлімханның тізерлеп отырып, жылағанын көрсеңіз шыдай алмайсыз…

Кеңес өкіметі Әлиханның маңындағы оқыған азаматтардың бірін атып, бірін соттап түрмеге жапты. Әлекеңді Мәскеуде ұстауы – өте аянышты. Онымен қоймай, «Жүсіпбекті атып тастадық, Жақыбың мерт болды, Әлімхан түрмеде, Ахмет өлді» деп келемеждеген тұсы жанды ауыртты. Қайран Әлихан бабам-ай. Қайран арыстарым-ай… Осы тұста Әлиханның үзеңгілестерін жоқтағанын көріп, жүрегіміз езілді.

Бізді тағы бір таң қалдырған Кеңес Жұмабековтің Ленин образын сомдағаны. Не деген талант? Жүріс-тұрысы, сөз саптауы – бәрі аумай қалыпты. Жастардың арасында жүріп, жол көрсеткен кесек тұлға ғой.

Сондай-ақ, Әлиханның Ақтоғайға, шешесіне келуі ерекше баурады. Әлихан мен Жақып туған жері Ақтоғайға келе жатыр дегенде Бөрінің дауысы шықпай, қыранның қанаты қайырылды…

Соңында Ежов жауыз Әлиханды еңсесінен түйіп, крематорийға алып келді. «Сталиннен кешірім сұрай сал» дегенде Әлиханның ашуға булығып, намыс шақырғаны рухымызды көтерді.

Әлихан өлім алдында «Құлаған Алаштың туын тіктедім, шекарасын шегендедім, осыған да шүкір, қалғаны – ертеңге аманат. Тірі болса, біздің ісімізді жалғар» деген емеурін танытқанда тіптен егіле түстік.

Қойылым крематорий алаңында, Әлиханның өлімі үстінде алаштықтардың рухының бірігіп, «Ұлтқа қызмет ету, білімнен емес, мінезден» деген тұсында аяқталды. Бүгінгінің өкілі Боран осы тұста олардың аяғын құшып егіле түседі де, «Намысын бермеген, Қазағым мықты ғой» деп Әнұран шырқай жөнеледі. Қалың көрермен тік тұрып, кеудені жүрекке басып, жылап тұрып Әнұранды орындады. Осылай, қанша рет мұңға батқан көрермен тік тұрып, Әнұранмен бар шерін шайып тастады, арқаланды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Суретті түсірген: А.МАРЧЕНКО.

Басқа материалдар

Back to top button