"Білгенге маржан"

Шегіртке 

Шегіртке – шаруаның қас дұшпаны. Жайылым мен шабындықты отап, енді ғана көктеп келе жатқан егіс алқабын тақырлап кетеді. Қып-қызыл шығын. Әйтсе де, шегірткенің бәрі зиянкес емес екен.

Шегіртке жалғыз немесе топтасып өмір сүреді. Жалғыз жүруді жөн көретін жәндіктер әдетте шөбі шүйгін жерді тауып, сол арада тұрақтап қалады. Аз қозғалғандықтан қанаты әлсіз болып келеді. Ал, үйір шегірткелері ұдайы қоныс аударып, көшіп-қонуға бейімделген. Қажет болған жағдайда жүздеген шақырым қашықтықты ұшып өте алады. Жылдамдығы – сағатына 16 шақырым. Кейбір үйірдегі шегірткелердің саны 40 миллиардқа дейін жетуі мүмкін. Ал, үйірдің ұзындығы – 250 шақырым, ені – 20 шақырымға дейін созылады. Олар жүріп өткен жолдарында ештеме қалдырмай, бәрін жалмап кетеді. Ауыл шаруашылығына орны толмас зиян келтіріп, шаруаны шығынға батыратын да осылар.

Шегірткенің тағы бір ерекшелігі, оның ағзасында ет пен майдың орнын алмастыра алатын жұғымды, пайдалы заттар көп екен. Витаминдер қоры да мол. Сондықтан, Қытай және Мексика тұрғындары әлі күнге дейін шекірткені таңсық ас ретінде дастарханға қояды.

Маржан терген

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button