Қарқаралы

«ШЕБЕРДІҢ ҚОЛЫ ОРТАҚ»

Ұлттық құндылықтарымыздың бірі һәм бірегейі – қолөнер. Шынайы шебердің қолынан шыққан бұйымдар салт-сана, әдет-ғұрыппен біте қайнасып, қазақ халқының дүниетанымын айғақтайды. Бүгінгі күні ұлттың байырғы мұрасы қайта жаңғырып, жаңару үстінде. Оны кең көлемде насихаттауға Көктас ауылының тұрғыны Базаргүл Хизилдің сүбелі үлес қосып жүргенін айта кеткен жөн. Ол жақында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының келбетін кестелеп, көпті тәнті қылған еді.

– Әкем өмірден ерте өтті. Анам ісмер жан еді. Көрші-қолаң жиналып, текемет басып, сырмақ сыратын. Бірақ, оюды үнемі қол ақтығын беріп, көрші апайға сызғызып жүрді. Бірде, мені көрші үйге ою үлгісін алып келуге жұмсады. Баламын ғой. Жолда дорбаға салынған тәттілерді жеп қойдым. Құрқол бару – ұят. Содан оюды өзім сызып, анама әкеліп бердім. Ол кісі оюды киізге басып жатып: «Құдай-ау, мынау қартаяйын деген бе, қолтығын дұрыс оймапты ғой», – деп қалды. Мен қанша жүрексінсем де, анама шындықты айтып, мән-жайды түсіндірдім. Ұрыса ма деп едім. Жоқ. Маңдайымнан иіскеп, білгенін бар ынтасымен үйрете бастады. Міне, осылайша, анамның ризашылығымен қолөнер бұйымдарын жасауға кірістім, – дейді Базаргүл Хизил.

Ол кісі қазір ауыл мектебіндегі қыздарға арналған «Көне мұра», «Өнер» үйірмелеріне жетекшілік етіп жүр. Оқушылардың қолөнерге қызығушылығын аңғарған мектеп директоры Даниял Тұрсынбаев арнайы кабинет бөліп, қажетті құралдарды жасатып берген. Солардың бірі – алаша тоқуға арналған ерекше әрі қарапайым құрал. Қазығы мен мосысы темірден дәнекерленіп, қылышы ағаштан жасалған.

Қолөнердің балаға берер тәлімі мен пайдасы мол. Ол сызу, математика, тарих, әдебиет сабақтарымен тығыз байланысады. Оқушының ой-өрісін дамытып, денесін шынықтырады. Мәселен, алаша тоқығанда отырып-тұрып, үнемі қимылқозғалыста болғандықтан, аяқ, қол, жон, арқа бұлшық еттері де белсенді жұмыс істейді. Бұл буындарға тұз бен сары су жиналудан сақтайды әрі адамның күйзеліске түсуіне жол бермейді. Алдыңдағы алашаның өрнектерін есептеу, түстерін үйлестірумен отырып, бөтен ойға да берілмейсің.

Базаргүл апай балаларға ою ойғызып, тігістің бірнеше түрін үйреткен. Бар пейілімен үйреткендігі болар, шәкірттері қолөнерге өте бейім. Шым кесте, біз кесте, шаршы, алапес кесте, тышқан ізі секілді тігіс түрлерін еркін меңгеріпті. Олардың қолынан шыққан ұлттық нақыштағы киім, оюлы көрпе, жастық, сырмақ, басқұр, алаша, сөмке, қоржын, түрлі моншақтардан өріліп жасалған бұйымдар көздің жауын алады.

Қолөнер шебері өз бұйымдарын түрлі байқауларға да жіберіп тұрады. Жүлдесіз қайтқаны жоқ. Ұстазының ізімен келе жатқан өнерлі өрендер – Кәусар, Аяулым Жәрдембек, Аружан Жақаба, Қырмызы Айдос дайындаған бұйымдар республикалық байқауларда жүлделі болып жүр.

Әр халықтың ұлттық коды болса, ол – оның ұлттық қолөнер туындысы деуге толық негіз бар. Осы тұрғыда Базаргүл апай секілді қажырлы жандардың еңбегі ерен.

Сағыныш ӘБІЛ

Басқа материалдар

Back to top button