Руханият

Шапағатты Кеңкем

Дарынды актер Кеңес аға жайында ойлана қалсам болды, осыдан 50 жылға жуық уақыт бұрын Ғабит Мүсіреповтің «Қозы көрпеш Баян сұлу» трагедиясында Қозы рөліндегі тастан-тасқа секіріп жүрген қаршығадай жас жігіт көз алдыма келеді.

Иә, ол уақытта біз мектеп қабырғасында жүрген бала едік. Сол кезде біз оқыған Қарағанды қаласындағы №2-ші мектеп-интернатында (қазіргі Нұрмақов атындағы гимназия) жер-жерден келген талантты балалар көп болды. Солардың ішінде 9-шы сынып оқушысы, шама-шарқыма қарай домбырамен ән салатын мен болсам, үшінші сынып оқушысы, таңдайы тақылдаған әнші балапан, бүгінгі Халық әртісі Мақпал Жүнісова болды. Бір нәрсеге бір нәрсе себеп дейді ғой, біздің бағымызға қарай сол жылдары С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының дарынды жас актері Кеңес Жұмабеков бізге би сабағынан дәріс беретін болып келді. Мектеп-интернаттың балалары қазақ театрының барлық спектакльдерін үзбей көріп отыру біз үшін дәстүрлі құбылыс болатын.

Ауылдан келген сарыауыз балапан біздер үшін үлкен театрдың сахнасында кәсіптік деңгейде қойылған классикалық туындыларды көру бір сәт қиял әлемінде жүргендей әсер етуші еді. Сондай қойылымдарда негізінен басты рөлдерді сомдап жүрген Кеңес Жұмабековтей актерді өмірде көру, көріп қана қоймай cабақ үстінде тікелей араласу – біз үшін бақыт еді. Көп ұзамай Кеңес ағаның назары Мақпал екеумізге ауып, мені актерлік өнерге баулап, кішкентай Мақпалды болашақта үлкен әнші болуың тиіс деп ақыл-кеңесін бере бастады. Қысқасы, көп ұзамай мектеп бітіре салысымен, мен Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының актерлік бөліміне оқуға түстім. Бір жылдан кейін Мақпал Жүнісова А.Жұбанов атындағы музыка мектебіне оқуға келді.

«Жақсыдан – шарапат, жаманнан – кесапат» деген халық даналығы осындайдан айтылса керек. Міне, енді бала күнде бір көруге арман болған Кеңес ағамен сахнада серіктес болып бірге ғұмыр кешіп келеміз. Жалғыз біз емес, осыншама уақыт бойы қаншама жастар ағаның мейірім-шапағатына бөленді. Кеңкең күні бүгінге дейін бір баланың бойынан жылт еткен тебіреніс көрсе болды, бар тірлігін тастай салып соны руханият әлеміне әкелуге жанын салып жүреді. Табиғатынан туа біткен қасиет қой!

Бүгінде Майра жеңгей екеуі – ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған бақытты Ата мен Әже! Ұл-қыздары да көптің батасын алып жүрген тәрбиелі де абыройлы балалар!

Жалпы, Кеңес аға жайлы айтылар әңгіме көп. Оның бәрін келер күннің еншісіне қалдырайын. Аға, ақсақалдық жасыңыз құтты болсын! Театрымыздың ұжымы, соңыңыздан ерген өрімдей өнерлі жастар Сізді жақсы көреді, қадірлейді!

Қайрат КЕМАЛОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
театр және кино актері

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button