«Шахтердің» жылдық бюджеті қанша?
Биыл «Шахтер» футбол клубы ел чемпионатында 29 ұпаймен – X орында. Клубқа бюджеттен бөлінген қаражат сомасы – 1 млрд. 200 млн. теңге. Десе де, спорт сүйер қауымды өңірдегі спортшылардың жай-күйі алаңдатып отыр. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ОКҚ алаңында өткізген брифингінде көпшілік қауым өңірдегі спорт саласына байланысты біршама сұрақ қойды.

– Спорт саласына тиісті қаражат бөлінген. Жұмыстар жүргізілуде. Не десек те, Геннадий Головкин секілді спортшылар 100 жылда бір-ақ рет туар, бәлкім. Спорт болған соң бірде нәтиже болады, енді бірде, керісінше. Мәселен, үстел теннисін алып қарасақ, Алан Құрманғалиев деген жас спортшымыз бар. Әлемдік бәсекелерде жүлделі орындардан көрініп жүр. Бұл – үлкен жетістік. Өткенде, біздің спортшылар Азиядаға барып қайтты. Солардың ішінде келешекте нәтиже көрсететін спортшылар бар, – деді Ермағанбет Қабулаұлы.
Журналистердің «Шахтер» футбол клубы мен «Тұлпар» шағын футбол клубына байланысты қойған сұрағына:
– «Шахтердің» құрамы жергілікті жердің жас спортшыларынан жасақталған. Біз клуб қатарын жастармен толықтырамыз деген мақсат қойдық. Сырттан легионерлер алмаймыз. Бүгінде клуб басшылығы берілген бюджетпен жұмыс жасап жатыр. Дегенмен, демеушілермен келіссөздер жүргізілуде. Егер, бәрі біз ойлағандай болса, келер жылы бюджет қорын арттырамыз.
Өңірде шағын футболдан екі команда бар. Біреуі – «Тұлпар», екіншісі – «Аманат». Біз екі клуб спортшыларынан бір клуб жасақтауымыз керек. Әу баста клубқа қаражат бөлуді жоспарлаған болатынбыз. Алайда, екі клуб болған соң бюджет мәселесін келер жылға қалдырдық, – деді облыс әкімі.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz