ШАХАН: Тұрғындар тілегі – орталық жылу жүйесі

    Бүтін елдің көзі – Шаханда. Қаңтардың алғашқы күнінде қайғылы оқиға орын алған кентке жан-жақтан қайырымдылық көші керуен тартуда. Астанадан көш жетті кеше. Мәжіліс депутаты Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ бастаған халық қалаулыларының бір тобы да Шаханда. Олар халықтың мұң-зарына құлақ түруде. Шахан тұрғындарының аттай қалап сұрап отырғаны – орталықтандырылған жылу жүйесі. Депутаттар тұрғындардың арзу-арманын Үкіметке жеткізуге уәде беруде. Мәселенің түйіні қаржыға байланып тұр. Жария етілген деректерге жүгінсек, орталықтандырылған жылу жүйесіне қажетті қаржы – 3 млрд. теңге көлемінде екен.

    Қаза болғандардың отбасы­ларына материалдық көмек бе­ру­­ді, жерлеу рәсіміне қатысты шы­ғын­дарды жергілікті билік мой­­нына алғандығы бұдан бұ­рын хабарланған. Шахтинск қа­ла­сының әкімдігі зардап шеккен тұр­­­ғындардың баспанасыз қал­май­тынын айтып отыр.

   Деректерге сүйенсек, ол пә­тер­лер қоғамдық қордағы қара­жат есебінен алынбақшы. Сонымен бірге, бұл үйге оның маңына жеке қазандық салынатыны хабарлаған. Үйдің басқа бөліктерінде жылу, су, жарық апта соңына дейін қалпына келтіріліп, тұр­ғындар баспаналарына қайта оралатын болады.

    Шахтинск қаласының әкімі Сержан Ай­­­мақовтың айтуынша, жарылыс болған төртінші подъездегі 15 пә­тердің 5 үш бөлмелі пәтері то­лы­­ғымен бұзылған. Олардың ор­нына тұрғындарға басқа пә­тер берілмек. Ал, 2,1 бөлмелі пәтерлер жөндеу көреді. Егер тұр­ғындар психиологиялық жағ­дай­ларына бай­­ланысты онда тұ­рудан бас тарт­са, басқа пә­термен қамтылмақ кө­рінеді.

   Еске сала кетейік, 1 қаңтарда Шахтинск қаласындағы Шахан ауылында түнде тұрғын үйдің бір бөлігі опырылып, 9 адам қаза тапқан. Олардың үшеуі – ер адам, үшеуі – әйел, үшеуі – бала еді. Алдын ала жасалған болжам, қазандықтықтың жарылуы деген-тін.

   Деректер Шаханда 19 көпқа­батты үй автономды жылыту жүйе­сімен жылытылып, олардың ішінде 14 үйдің жертөлесінде қазандық орнатылғанын айтады.

    Облыстық ІІД мәліметінше, ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 3-бөлімі (екі және одан көп тұлғалардың өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.