Ақтоғай

Шабанбай би ауылындағы шырайлы шара

Ешкімге емінбей, өз күшімен аймақта алғаш имандылық үйін салып алған – осы ауыл. Жалғандағы жалғыз сенімді сүйеніш имандылық екенін ескерсе керек…

Тоза бастаған сол мешітті таяуда Астанада тұратын осы ауылдың бизнесмен баласы Мейірхан Жетпісбаев жөндеуден өткізіп, жаңғыртып берді. Зәңгірлеген имандылық үйінің еденіне дейін электр қуатымен жылытылады

«Отан отбасынан…» деген қағиданы қазбаласақ, отансүйгіштіктің игілікті ізі бұл ауылда аяқ басқан сайын сайрап жатыр.

 «Әсіресе, кейінгі екі жыл бедерінде ауылда айрықша бетбұрыс бар. Рухани жаңғырудың жарқын үлгісіндей!» – дейді, жолбасшы болған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайыржан Тұрғанбеков.

Негізі талбесікте қаланған тәлім-тәрбие мектеп қабырғасында біліммен байытылып, өскелең өнегемен тиянақталса, қандай ғанибет! Ондай ортадан өмірлік нәр алған бала ер жеткенде туған топырақтан тамыр үзіп кетуі мүмкін емес.

Ә.Ермеков атындағы орта мектеп директоры Теңдік Қарашолақов әңгіме тиегін ағытқанда, менің жадымда жоғарыдағы байлам беки түсті. Басқасын білмеймін, шілденің басында жаңа оқу жылына сақадай сай болған мектеп алақандай ауыл түгіл, қаранөпір қалаңнан табылмасына бәсім бар?!

 Аға буынның парасатты дәстүрін лайықты жалғастырған отыз ұстазға риза боласың. Ал, айрандай ұйыған ұжымға жетекшілік жасайтын тарихшы Теңдіктің қандай басшы екені ісінен-ақ көрініп тұр. Бір жыл директордың «міндетін атқарған» ол биыл бишікті бірыңғай қолына алыпты.

«Былтыр Қарағанды автовокзалында газет қарап отырып, көзім бір шағын ақпаратқа түсті. Елдің батыс беткейіндегі бір облыстың мектебінде кейбір түлек кезінде ата-анасы сабақ берген пән кабинетіне жөндеу жүргізеді екен. Келген бетте педогогикалық кеңес шақырып, әлгі ақпаратты талқылап, жүзеге асырудың жөн-жобасын ақылдастық», – дейді ол.

Нәтижесі қандай? Р.Төребеков (қазақ тілі), Ж.Түсіпбеков (математика), М.Нұржігітов (физика), ерлі-зайыпты С.Құсманов пен М.Смағұлова (тарих), А.Бабашев (бастауыш), М.Сәрсенбеков пен Қ.Өмірбеков (химия) атындағы кабинеттерді ұрпағы ине-жіптен жаңа шыққандай жұтындырып қойыпты.

«Нәтиже күткендегіден де асып түсті. Жөндеп қана қоймай, кабинетті жаңа жиһаз, құрал-жабдықпен жарақтандырды. Ардақты жанның өзі болмаса да, есімі көз алдымызда. Түскен тілек көп. Бірақ, биыл алты кабинетпен тоқтаттық. Қалғанын келесі жылы көреміз», – дейді Теңдік Қарашолақов.

«Аз отырып, көп сынайтын» қонақтың қатарынан емеспін бе, тағы бір байқағаным – тарихы терең, әсем табиғат аясындағы, бірлік-берекесі жарасқан ауылда үлкен тұрғанда, кіші сөйлемейді екен. Сөздің парқын, ердің нарқын білудің бастауы қайда жатқанын шамаладым. Тәрбие тірегі – мектепте екен!

Ауылға кіреберістегі көрнекті қақпаны мектептің 1978 жылғы түлектері орнатыпты. Мектеп алдындағы қымбат тастан қашалған Әлімхан Ермековтің бейнесін балқаштық бизнесмен Ержан Нұртазин жасатыпты. Ауылда қалған азаматтар да қарап отырған жоқ, 1988 жылы мектеп бітіргені биыл бірігіп балаларға ойын алаңын жасап беріпті.

Осы сапарда қос қуаныштың куәсі болдым. Балқаштық бизнесмен Азамат Төребековтің «Нұрасыл» фирмасы 1963 жылы пайдалануға берілген, кейінгі кезде күйі кетіп қалған ауыл клубын жөндеуден өткізіп, салтанатты түрде ауылдастарына тапсырды. Сосын «Бақыт» тауының баурайында «Жас турист» жазғы маусымдық балалар лагері ашылды.

Ауылды қақ жарып «Қаратал» өзені ағады. Жазда табаны тартылып, жылғаға айналғанымен, көктемде өткел бермей жатып алады. Сол кезде кәдеге жарайтын жалғыз көпір әбден көнерген. Соны ауыл азаматтары бірігіп, жөндеп алуға бел буып отыр екен.

Кезінде кеңшар осы өзеннің атын иеленген. Бүгінде – Шабанбай би ауылы. Тәуел сіздік алғаннан кейінгі талпыныстың жемісі. Ежелгі атауы қайтарылды. Шаруашылықта екі мыңдай жылқы, төрт мыңның үстінде ірі қара, жеті мыңдай ұсақ мал бар.

Шабанбай би аулындағы шырайлы шаруа оның келешек көкжиегінен хабар бергендей.

Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button