Шаңырақтың киесі
Арқаның кіндігіндегі көрікті мекен Қарқаралы қаншама тарихи мезеттерді бастан кешті. Қазақ-жоңғар соғысында мезгіл мінбесінен ұран шақырған Сеңкібай, Матақ батырларды айтпағанда, кешегі сұңғыла Кенже бидің өзі неге тұрады?! Батырлардың жалғасы, алтынның сынығы, Ұлы Отан соғысының жауынгері, 40 жыл шахтада еңбек еткен Шайғапас Бидайбаев 1925 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Боқты ауылында дүниеге келген. Шайғапастың әкесі атақты – Тоғалақ, Бексейіт қажының немересі Күлікбай. Анасы Шәрбан – Әйтімбеттің Жаманбайының қызы.

Жиырмасыншы ғасырдың басында «Қарқаралы петициясы» мен «Боқты көтерілісі» халықтың озбыр билікке деген қарсылығы болып тарихта қалды. Шайғапастың әкесі Күлікбай да «Боқты көтерілісіне» қатысып, «Жаным – арымның садағасы» деп күрескендердің бірі. Ел намысын қорғаған ерді билік төрт жылға Сібірге итжеккенге айдатып жібереді.
Медицина ардагері Аманжол Нұрбеков: «Шайғапастың ата-бабалары ел арасында сыйлы болды. 1929-1930 жылдары Боқты көтерілісіне қатысқаны үшін үлкен әкесі сотталып кетті, Сібірге айдалды. Шайғапас ақсақал балаларына еңбекқорлықтың, елге қызмет етудің үлгісі болды. Тектілік деген осы болар», – дейді.
Абақтыдан келгеннен кейін де қудалай берген соң Ресей асып, Улан-Удеге көшуге мәжбүр болады. Шайғапастың өзі ғана емес, ағайын-туысы да әр жаққа бытырап, зобалаңның зардабымен бірі Қытайға, бірі Ресейдің Кемерово қаласына, бірі Оңтүстік Қазақстанға қоныс аударды.
Ұлы Отан соғысы әр отбасының тарихында өз ізін қалдырды. 1943 жылдың үшінші қыркүйегінде Шайғапас Дзержинский ауданынан соғысқа аттанады. Оның жан қиярлық қызметі көптеген наградалармен – «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен, «Варшаваны азат еткені үшін» медалімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.
1949 жылы өмірлік жарын кездестіріп, Капиза анамызбен отау құрады, туған елге оралады. Ерлі-зайыптылар Ноян, Нұғыман, Баян атты перзенттерді дүниеге әкеледі.
Шайғапас Күлікбайұлы соғыстан кейін Қарағанды облысындағы Костенко шахтасына жұмысқа тұрып, Орталық әмбебап жабдықтар қоймасының басшысы болды. 1945 жылы фашистті тізе бүктіріп, соғыста ауыр жараланып, туған жерге сағынышпен жеткен азаматты аңду мұнда да тоқтамайды. Әділетті бірбеткей, кешегі Бексейіт қажы, Сәлмен қажылардың жалғасындай болған Шайғапас әкені сол жылдары «Халық жауының тұқымы» деген желеумен 58-баппен соттап жібереді. Дегенмен, әділдік орнап, бір жылдан кейін Шайғапас Күлікбайұлы ақталып шығады.
Қарағанды спортының қайраткері Валерий Громов Шайғапас Күлікбайұлын өзіне үлгі тұтып өскен. «Менің барлық саналы ғұмырым, әсіресе, жастық шағым Костенко шахтасында өтті. Себебі, 1955 жылы бұл шахтаға менің анам жұмысқа тұрды. Мен сол шахтада әйгілі, аты аңызға айналған «Юрий аға» – Шайғапас Күлікбайұлының жұмыс істейтінін естіп өстім. Шайғапас аға Орталық әмбебап жабдықтар қоймасында меңгеруші болды. Бұл қойма шахтаның қалыпты жұмыс істеуіне мүлтіксіз қызмет етті. Костенко шахтасы Қарағанды облысындағы көмір өндірісінің жүрегі болды. Шахтаны Социалистік еңбек ері Николай Гульницкий басқарды, Григорий Презент шахта директоры болды. Шайғапас аға осы адамдармен қатар елге бел жазбай қызмет етті. Әр адам өмірде жасаған қызметімен және балаларымен із қалдырады. Мен Шайғапас ағаның балаларымен дос екенімді мақтан етемін. Шайғапастың ұрпағы үлкен жетістікке жетуде. Олар өз атасының фамилиясын асқан мәртебемен алып жүр. Біз Бидайбаевтар әулетінің Қарағандының дамуына үлкен із қалдырғанына, біздің мемлекеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқанына куәміз. Шайғапас Күлікбайұлының есімі ұмытылмайды», – дейді спортшы.
Шайғапас Күлікбайұлы өз өмір жолын шахтадағы ең төменгі деңгейден бастап, кәсібилігінің арқасында әріптестерінің құрметіне бөленді. Ол көптеген жас мамандардың тәлімгері болды.
Әр адам өз өмірінде игі істерге шабыттандыратын идеалды табуға тырысады. Шайғапас Күлікбайұлының еңбекқорлығы, мейірімділігі мен даналығы оны отбасының мақтанышына айналдырып қана қоймай, айналасындағыларға үлгі қылды. Ол жас кезінен бастап, балаларына адалдықты, әділеттілікті және басқа адамдарға құрмет көрсетуді үйретті.
Шайғапас Күлікбайұлының ұлы Ноян Бидайбаев 48 жыл бойы дәрігер атты қызметті абыроймен атқарды. Ноян Бидайбаев: «Менің әкем қаңтардың 25-де 100-ге келеді. Қарқаралының Боқты ауылында дүниеге келген. Үкіметке қарсы көтерілгені үшін атам Сібірге 4 жылға сотталып кетті. Нағашым Саттар да 10 жылға сотталды. Қудалауға шыдамай, абақтыдан келген соң атам Ресейге көшіп кетті. Нағашыларым Текелі, Талдықорғанда тұрып жатыр. Әкем Улан-Удеде тұрып жатқанда менің шешем Капизаға кездесіп, қосылды. Қарқаралыда Ақбай-Қызылбай деген жерде Сәлмен байдың қыстағы бар. Сәлмен бұлағы деген бұлақ бар. Менің шешем Капиза – Сәлмен қажының немересі, үлкен ұлы Мұхтардың қызы. Қарқаралыда Аққора деген жер бар. Ондағы Мейірхан деген қыстақта Мейірханұлы Қажеке Төре деген кісі тұрды. Онда бала болмай, Капизаның әкесімен келісіп, мені бауырына басты. Мен бір жағынан төренің қолында өстім, өз әкем – Тоғалақ руынан, нағашыларым – Әйтімбет. Үш жаққа тел өстім. Нағашыларымның тарихы өте терең. Капизаның әкесі Мұхтар атақты мұғалім болған. Халық мұғалімі ретінде қаншама марапат алған. Алматы жақта өле-өлгенше қызмет істеді. Бала кезімізде бізге әліппені үйретті, домбыра тартқызып, Мәдидің, Естайдың әндерін айтып өстік. 1950 жылы Қарағандыға қайтып көшіп келеді. Сол кезден бастап, әкем Шайғапас Ленин орденді Костенко шахтасына жұмысқа тұрып, зейнетке шыққанша сонда жұмыс істеді. 71 жасында өмірден өтті», – дейді Ноян Шайғапасұлы.
Шайғапастың інісі Жаппастың ұрпақтары тамыр жайып туған топырақта өсіп-өркендеп жатыр. Жаппастың қызы Қарлығаш Оралға, Сәулесі Қарағандыда орнықты. Ұлы Нұрлан Алланың жазуымен өмірден ерте озды.
Шайғапастың қарындастары Рая мен Рабиға елге сыйлы, бауырға пана, бір-бір әулеттің қара шаңырағы болып отыр. Жездеміз Хамит иман жолында.
Бидайбаевтар отбасы – өз өмірін қажырлы еңбекке арнаған әулет. Әулеттің негізін қалаушы Шайғапас ақсақал – кейінгі ұрпаққа үлгі болған мықты тұлға. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді. Шайғапас ақсақалдың жолын жалғастырып, ізін басқан ұрпағы ата-бабаның атына кір келтірген жоқ. Жатқан жеріңіз мамық, рухыңыз бейіште шалқысын!
Руслан НҰРБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі