Ұшқыш ерлігі – ұрпаққа үлгі
Қарағанды білім бөлімінің қолдауымен Нұркен Әбдіров атындағы мектепте Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровке арналған «Қыран қазақ» қалалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Конференцияда 5-11 сынып оқушылары бүгінгі һәм соғыс жылдарындағы ұшқыштар туралы зерттеу жұмыстарын таныстырды. Сонымен қатар, әр оқушы майдан ардагері атанған туыстары жайлы тарихи деректерді сөз етті.

Оқушылар іс-шара бағыты бойынша төрт негізгі тақырыпты қаузады. Олар «Ақиық қырандар көші», «Жеңіс жауынгері тарихы», «Мұзбалақ қырандары», «Ерлікке тағзым». Тақырыптар мақсаты сан алуан. Мысалы, «Ерлікке тағзым» тақырыбы мектеп оқушыларының мақаласымен ашылғандай. Оқушылардың баспасөз әлемінен хабары бары айқындалды осы тұста.
Ал, «Жеңіс жауынгері тарихы» айдарында оқушылар ата-бабаларының майдан алаңында жанын шүберекке түйіп соғысқанын мақтанышпен жеткізе білді. Әскери киім киген оқушылар шеруі шара сәнін кіргізіп, олар батыр баба рухын ұлықтап, ұшқыштар туралы ұрандар мен ән-жырларды кезектесе шырқады.
Нұркен Әбдіровтің әуедегі ерлік тарихын талқылау барысында оқушылар мен ұстаздар шын деректер мен тарихи фактілерге сүйене отырып, көпшілік көкейінде жүрген сауалдарға жауап іздеді.
– Расында, көп жылдар бойы Ұлы Отан соғысының тарихы бойынша, қазақ ұшқышы Николай Гастеллоның ерлігін қайталады деген тұжырым үстемдік құрып келді. Ал, соңғы жылдарда анықталған бұлтартпас деректер қазақ қаһарманы Нұркен Әбдіровке дейін мұндай ерлік жасалмағанын айғақтады. Тіпті, Гастеллоның экипажы ерлік жасады деген жерден капитан А.Масловтың экипажының мүрделері табылып, Николай Гастеллоның экипажы жау колоннасының үстінен «отты таран» жасамаған болып шықты. Ендеше екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы бұл бұлыңғыр оқиғаны тарихшылар еншісіне қалдырып, сұрапыл соғыс жылдары қаһармандық қайсарлықтың қайталанбас үлгісін көрсеткен жерлесіміз Нұркен Әбдіровтің көзсіз ерлігін Ұлы Даланың ұландарына ұлағат етуіміз парыз, – деп атап өтті мектептің оқу-ісі жөніндегі меңгерушісі Гүлнар Мейрамовна.
Иә, Нұркен Әбдіров талай әуе шайқасында ерлік пен өжеттік, әскери шеберлік танытқан бірегей тұлға. Оның өмірінің қай қырын қарасаңыз да патриоттыққа, отансүйгіштікке жетелейді. Қарапайым қазақ баласы Нұркен Әбдіровтің өмірі мен ерлігі қаһарман, қазақ ұлтының бойындағы игі қасиеттердің айнасындай әлемге шұғыла шашып тұрған жоқ па?! Ал, жас ұрпақтың сол баба ерлігінен нәр алып, асқақ арманға қол созғаны елдіктің белгісі.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz