Жаңалықтар

Үш таған

Әріптесіміз Әлібек ӘБДІРАШТЫҢ есімі Арқа жұртшылығына әб­ден таныс. Қаламының қуаты да баршамызға жақсы мәлім. Қырық жылдан астам ғұмырын қара сия мен ақ қағазға арнаған жан.

Қаламгердің басылым беттеріндегі өткір мақалаларына қоғам­дағы өзекті мәселелер арқау болып келеді. Бұқараның мұң-назын, тұрғындардың талап-тілегін Әлекеңнің жазбаларынан таба аласыз. Жур­налистік міндетіне, оқырман алдындағы парызына адал екі жан­ның бірі осы Әлекең екені анық.

Небір қиын-қыстау кезеңдерде елдік мүддеден, азаматтық ұста­нымынан айнымаған Әлекең, міне, асқаралы алпыстың асуына кө­теріліп отыр. Өмірден түйгені мол журналистің жұртпен бөлісер ойы да бар. Әріптесімізді мерейлі жасымен құттықтай отырып, мөлтек сырларын ұсындық, қымбатты оқырман.

Облыстық «Орталық Қазақстан»

газетінің ұжымы.

Үш таған

“Алпыс” – талтүс! Рас шығар?!

“Алпысқа келгеннен ақыл сұра” деген де сөз бар. Ақыл айтуға шамам жете ме? Білмеймін?!

Әке

Мен – атамның баласымын.

Қалжасы – құлжаның асығындай, жанары – жаратқанның жасынындай, шоқша сақал, атжақты ақсақалдың асыл бейнесі мүрдем көрге кіргенше көңіл төрімде тұратыны ақиқат.

Жарықтықтың бас жағында маған беретін кәмпит-сәмпиті тұратын, жамбасының астында асығым жататын. Оған тірі жанды тиістірмейтін.

Мен мектепке баратын жылы көктемде бақилық болды. “Қылтамақтан” кетті.

“Көмдірмеймін!” деп, қиғылық сал­ға­ным есімде. Жүзін жуған жанарының жасы сақалын саумалаған Өмірзақ әкем өбектеп, мені оңаша алып кеткен. Ол – әжемнің өзім нағашы тұтып жүрген туысқаны.

Тағы бір есте қалғаны – келесі күні сең жүрген, ауылдың іргесіндегі “Дулығалы” өзені долданып тасыған.

Басқа ештеңе есте қалмапты. Қалғаны – атама қатысты ескірмейтін естелік қана.

Жарықтық жамиғатқа жағымды, ауыл-аймаққа аса қадірлі қария еді. Ол отырған жерде бас ұстаған ересек есімде жоқ.

Жасым алпысқа келгенше атамның атын “азық” қылып келдім. Өкініштісі — оның көзін көрген соншалықты сиреп қалды. Ауылдағы Әрия апам ғана жолыққан сайын әкемді еске алып қояды.

…Құдай көптік қылмасын: екі іні, сегіз қарындасым бар.

Бірақ, соның бәрі бүгінде  жасы сексенді орталап қалған әкесін: “Аға” дейді.

Ана

Тұлабойы тарамыстай тартылған Қаныгүл әжем белін бүкпестен өмірден өтті. Мен “бесті” бітірген жылы тамызда.

Сәуірге салым сырқаттанып “Құлжанбайға” келген. Мектеп-интернатта жататын мен қатты қуандым. “Жаман ауру” ақыры алып тынатынын қайдан білейін?!

Әкем едәуір уақыт төсек тартып жатқан. Әжем күнделікті күйбең тірліктен қалған емес. Бақилық болғанын балық аулап жүргенде естідім.

Мәйіттің астына салатын қамыс оруға келген Шалабай ағам айтты. “Әжеңнен айырылдық!” деді, мені құшағына алып тұрып.

Сенбедім. Сәскеде: “Басымның сақинасын-ай!” деп сәл қисайған әжем түс ауа тұрып, балыққа барғалы жатқан маған ұннан “жем” жасап берген.

Сосын қалай сенесің?! Сонда да қармағымды жиып, ауылға апаратын қара жолға түстім. “Тірі жетімнің” сол жолы әлі жалғасуда…

Әжемнің бетіндегі білінер-білінбес секпілдің өзі сәуле шашып тұратын. Болмашы мұң ұялаған жанарынан тараған мейірім шуағына шомылып, талай шаттанғанмын.

Ер жеткенде елден естігенім: әжем мені жөргекте жатқанда бауырына басыпты. Бесікке өзі бөлепті. Түн ұйқысын төрт бөліп тербеткен. Мен әжемнің әлдиімен өстім.

…Он үш құрсақ көтеріп, оның он бірі жер басып жүрсе де: “апа”, “мама” деген сөзді естімеген бір адам бар. Ол – біздің анамыз.

Бәріміз атын атап кеткенбіз. Ер жеткен соң ептеп ес кіріп: “Айеке” дейтін болдық…

 

Бала

Ол – “біздің болашақтың” баламасы!

Бөбектің үні естілмеген үйді қайран қазақ неге теңеуші еді?

Өмірде ұрпақтың орны бөлек!

Бірінші некем баянсыз болды. Қазір оған кінәліні іздеу – орынсыз.

Өзімнен айнымайтын қыз бен ұл бар. Оқыған-тоқыған, өмірден өз орнын тапқан. Мақтанамын! Марқаямын!

“Әкең адам емес!” деп, ешкім бетіне баспасы анық. Жалғыз өкініш: жас кезінде қажетінше жанында жүре алмадым.

Екінші мәрте үйлендім. Алған ақжаулықтым азаматтың бағасын білетін адам екен: босағадағы басымды төрге сүйреді. Егер бүгінде қолым бірдеңеге жетсе, соның арқасы!

Сегіз жастағы қызым бар. Оны Алланың аманаты деп қабылдадым. Ал, аманатқа қиянат жасалмайды!

Бұрын: “Зейнетақы қорында жиналған қаражат біткен күні Алла тағала алып кетсе, арман жоқ” дейтінмін, әзіл-шынын араластырып. Енді өлгім келмейді.

Қызым үшін! Тәтті қылығын қалай қиямын? Алла тағаланың аманатын орындау үшін! Құлынымды бір қараға жеткізбей қалай кетемін?

…”Анашым!”, “Әкешім!” дегенде, еріксіз ерисің. Ешкім: “Солай айтасың” деген емес. Өзі орысшаны енді үйреніп жүр: сондықтан “папа”, “мама” деп мазаламайды.

ТҮЙІН: Қазақтың салт-дәстүрі – қажеттіліктен туған қарекет! Оны орынды қолданбаса, опық жегізеді.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button