Үш мыңнан аса қарағандылық әнұран шырқады
Ұлттық мереке Республика күніне орай Қарағанды қаласының Тутұғыр алаңында «Қыран елім — Қазақстан» атты патриоттық акция өтті. Үш мыңнан аса қарағандылық мемлекеттік әнұранымызды асқақтата шырқады.
Салтанатты іс-шараға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, жиылған жұртты айтулы мейраммен құттықтады.
— Қымбатты қауым, қадірлі жерлестер! Баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын. Бұл еліміздің бірегей ұлттық мейрамы. Тәуелсіздіктің бастауы. Егемендік жылдарындағы талай қиындықты бірге еңсердік. Біз бірлігі бекем әділетті Қазақстанды бірге құрамыз. Елге жанашыр әр саналы азамат өз үлесін қосу керек. Ортақ мақсат, бір мүддеге сай әрекет етсек, республикамыздың келешегі кемел, болашағы жарқын. Қазақстанның көк туы биікте желбіреп, әнұранымыз жер-жерде шырқалып жатыр. Бұл ата баба аңсап өткен егемендіктің арқасы. Ендеше егемендігіміздің қадірін түсініп, тәуелсіздікті нығайтуға атсалысайық, — деді аймақ басшысы.
Акцияға мұнымен қоса депутаттар, спортшылар, ардагерлер, қоғам қайраткерлері мен жастар қатысты.
Мұндай елдің рухын көтеретін іс-шара облыстың барлық қала, аудандарында өтіп жатқанын айта кеткеніміз жөн.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
ortalyq.kz
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ