Жаңалықтар

Съезден серпін күтеміз

Соттың ашықтығы мен беделі, жариялылығы – мемлекеттің мәртебесі. Сот жүйесінің дамып, қарқын алуына, азаматтардың сот әділдігіне деген сенімін арттыруда Қазақстан Республикасы Судьялары съездерінің қосар үлесі зор.

Судьялардың съезі – сот жүйесінің дамуы мен өзекті мәселелердің шешімін табуына ықпал етіп, әр аймақтан келген судьялардың ой-пікір алмасуына, сот жүйесінің жетіспеушіліктерін толықтырып, қамтамасыз етуге серпін береді. Әр съезде сот жүйесі үшін аса маңызды шешімдер қабылданып, жалпы алғандағы сот жүйесін әрі қарай дамытуға бағытталған стратегиялық маңызды мәселелер шешімін табады.

Судьялар одағының жарғысы бойынша съезд төрт жылда бір рет шақырылады. Осылайша, 1996 жылдан бастап бүгінгі таңға дейін судьялардың алты съезі өтті. Өткен съездерде алға қойылған міндеттердің қазіргі таңда кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, нақты шешімін тапқанына бәріміз куә болып отырмыз, атап айтқанда, инновациялық технологияларды қолдану арқылы сот өндірісін жетілдіру, қағаз түріндегі құжат айналымынан бас тарту, электронды технологияларға көшу, мамандандырылған соттар жүйесін кезең-кезеңімен енгізу, дауларды шешудің баламалық әдісі, яғни, медиация институтын енгізу.

Алғашқы съезде Судьялар қауымдастығында моральдық тазалықты, парасаттылық пен жоғары білімділікті жандандыру қажеттілігі негізге алынып, Судья этикасы Кодексі қабылданған. Ал, алдағы съезде, уақыт талабының өзгеруіне сәйкес, Судья этикасы Кодексі көпшілік талқысынан және халықаралық деңгейдегі сараптамадан өтіп, жаңадан қабылданбақшы.

Бұл съезд дәстүрлі басқосу ғана емес, бұл – сот саласын дамытудың өзекті мәселелері жайлы ортақ ой бөлісетін мәжіліс. Еліміздің судьялар қауымдастығының көкейінде жүрген сауалдар съезд барысында талқыланып, өз шешімін тауып, жаңа бастамаларға жол ашады деген сенімдеміз.

Г.МАҚАШЕВА,

Қарағанды облысының

мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының судьясы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button