Әсерлі әзіл, қазақы қалжың байқауы

Әзілі мен оспағы қашанда қоржынында жүретін қазақтың қалт етсе қалжың айтып күліп алатыны бар. «Әзілің жарасса атаңмен ойна» деп тегін айтпаса керек-ті. Осынау есті әрі ескі салттың сарқынын сарықпай жеткізе білген Мартбек Тоқмырзаның аты тарихта қалды. Жыл санап облыс, қалааралық әзілқойлар сайысы өтіп тұратыны бар. Биыл да демалыс және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Достық үйінде Мартбек Тоқмырза атындағы «Жымиясың сен неге?» атты облыстық әзілқойлар фестиваль-байқауы өтеді деп күтілуде.

Аталған байқауға Қарағанды облысының қалалары мен аудандарының мәдениет бөлімдері, мәдениет үйлері, мәдени-демалыс орталықтары, жоғары оқу орындары мен колледждердің ұжымдары қатысатын болады. Қатысамын деушілерге жас шектеуі жоқ. Байқаудың басты шарты – плагиат пен әдепсіз әзілдерге қатаң тыйым салынады.

Сондай-ақ, фестивальға екі номинация кіреді. Олар «Әзілге толы әңгіме» (stand up) – қатысушы монолог, анекдот, пародия немесе әзіл-қалжың әнін дайындай алады.

Бұл байқаудың сәлемдесуі кәдімгі «Көңілді тапқырлар» байқауындағыдай (КТК-дағыдай сәлемдесу) болуы шарт. Сонымен қатар, байқаудың аталымдары да командалардың қоғамның мәселелерін әзіл арқылы жеткізуіне сәйкестендірілген. Осыған сай қазылар алқасы әзіл-оспақты, актерлік шеберлікті, сахна мәдениетін, сөйлеу мәнері мен мәдениетін бағалайды. Қатысуға өтінімдер 28 наурызға дейін Қарағанды қаласы, Бұқар жырау даңғылы, 32-үй мекенжайы бойынша немесе электрондық поштаға қабылданады: karonmc@mail.ru. Ал, байқау 1 сәуірде өтеді.

Жан АМАНТАЙ,

Оrtalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.