Руханият

«Сен және мен»

Ойрандалған бақыт бесігі – Отбасы, қасіреттің қара орманы – Жалғыздық, өмірдің үзілмес құмсағаты – Үміт арқау болған Ұлан БОЛАТБЕК пен Әлішер РАХАТТЫҢ С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрында Шағуан ҮМБЕТҚАЛИЕВ сахналаған шығармасы осылай аталады. Түйіндеп айтсақ, қойылым керемет! Сөзбен айтсаң, сөлі кетеді, сол аураны сезініп, түсіну керек…

«Ұлытау облысын құру туралы Жарлықтан кейінгі алғашқы премьера қатты тебірентті» деген қала басшысы Қайрат Әбсаттаров таетр ұжымын ілкімді ізденісімен құттықтап, бас кейіпкер – Қаһар қарияның бейнесін сомдаған Қазақстанның Халық артисі Досжан Жанботаевтың иығына оқалы шапан жапты.

Көздің құртын жеген қу дүние дара құндылыққа айналған, жылмақайлар «жұмыртқадан жүн қырыққан», алдау-арбау алдыңғы қатарға шыққан заманда «Адам» деген ардақты атқа кір шалдырмауды, отбасын ұйыған айрандай ұстауды, қоғам мен ұрпақ, адам мен Ар алдындағы жауапкершілікті сезінуді балалар үйінің тәрбиеленушісі Арман (Мәди Сәденов) мен өмірде шалыс басып, кейін «тірі жетімді» тегіне қарап «түбі немерем болар» деп үміттенген Қаһар қария (Досжан Жанботаев) арасындағы психологиялық арбасу арқылы көрермен назарына ұсынады.

Қойылымда қарттар үйінде күн кешіп жатқандар мен балалар үйін жөндеу кезінде уақытша сонда орналастырылған тәрбиеленушілердің ұқсас тағдыры мен қарым-қатынасы қоғамдағы үлкен әлеуметтік мәселенің бетін ашуға түрткі болады. Шығармадағы идеяны ширатып, одан әрі дамытқан қоюшы режиссер жақындарынан қағажау көрген қарияның, ата-ана мейіріміне шөліркеп ер жетіп келе жатқан жаутаңкөз жетімдердің жалғыздыққа ұшыраған ішкі жан айқайын көрерменге жеткізуге ұмтылған. Олардың келер күнге деген үмітін өшірмеуге, қоғамда белең алып бара жатқан осынау дертті асқындырмай, алдын алуға үндейді. Қартын қадірлеп, жетімін жылатпаған халық ата дәстүр, асыл қасиетін жоғалтып алмасына сенеді.

Санаға сәуле түсіріп, жүрекке салмақ салған қойылымнан көрерменнің көңілге түйері көп. Артымыздағы қатарда отырған ананың солқылдап жылаған қызын жұбата алмай: «Елден ұят болады, жүр сыртқа шығайық» деп алып кеткенін құлақ естіп, көз көрді. Екі сағатқа созылған спектакльде көрермен қайта-қайта қол соғып, ерекше ықылас білдірді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button