Жаңалықтар

Сексеннің сеңгірінде

          Сонау 1938 жылы Шет өңірінде дүниеге келген танымал тұлға, қоғам және мемлекет қайраткері – Қасымбек МЕДИҰЛЫ. Мен ағаны сонау өткен ғасырдың 50-ші жылдарының ортасынан бастап білгенмін. Орта мектепті бізден 3 жылдай бұрын тәмамдаған. Сол мектеп қабырғасында жүрген кездің өзінде пионерлердің аға басшысы, вожатыйы болып, жаңалықтың жаршысы және оны орындаушы ретінде көз алдымызда қалғаны – осы күнге дейін есімізде. Әріден бастайық…

Ол туралы аудан, облыс, республика бұқа­ралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Ма­ңызды мақалалар мен экран бетінде берілген деректі туындылар аз емес. Алайда, оның бәрін бір мақалаға сыйдырып, тізе беруді міндет етпедік.
Кейіпкеріміздің жастайынан аудандық, облыстық комсомол ұйымдарының көшбасшысы бола жүріп, сол Кеңестің кезеңдегі қоғамның тыныс-тіршілігімен үндесе білгенін, жастардың жасампаз істерді атқаруына ұйытқы болғанын бүгінгі жұртшылық жақсылық біледі. Туған жерден табаны ертерек ажырап, жырақта жүріп еңбек етті. Биік белестерге көтерілді. Ақтоғай, Егіндібұлақ, Ағадыр, Жезді аудандарында лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Бұл аз десеңіз, біраз жыл Жезқазған облысын да тізгіндеді. Осы аумалы-төкпелі кезеңде Республика Жоғары кеңесінің екі дүркін депутаты болып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға атсалысты.
Кейін, 1992 жылы 22 ақпанда кейіпкеріміз кемеліне келіп, самайына ақ түскен шағында туған жеріне табан тіреп, Шет ауданының әкімі болып, қызметке кіріседі. Қасекеңді жерлестері сағыныш-қуанышымен қарсы алды. Осы бір алмағайып, аласапыран кезеңде Қасымбек Медиұлы «Әкім болуды өз басым Президенттің өкілі ретінде экономикалық тоқыраудан шығу жолындағы, оның жарлықтарын тікелей жүзеге асыра отырып, қазіргідей қиын жағдайдағы кедергілерді бірлесіп шешу, бірлікті, ынтымақтастықты қамтамасыз ету деп білемін» деді өз еңбегінде.
Ел экономикасының ауыртпалығы мен қиындығын бастан өткерген халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін жақсартуда, ел Тәуелсіздігін нығайтуда өзінің білімі мен білігін, іскер ұйымдастырушылық қабілетін таныта білген қазақтың бірталай марқасқа азаматтары Елбасы Н.Назарбаевтың маңына топтасқан болатын. Президенттің сондағы серіктесінің бірі Шет ауданының әкімі Қасымбек Медиұлы еді.
Өткен ғасырдағы 80-ші жылдардың басында Шет ауданының ауыл шаруашылығы саласы өте жоғары деңгейде болған-ды. Облыс­та астықтың 30-35%-ы, картоп пен көкеністің 50%-ы, сүт өндіріп, оны мемлекетке өткізудің 40%-ы тұрақты қамтамасыз етілді. Аудандағы асыл тұқымды үш мал зауытында 12000-нан астам ірі-қараның генефоны шоғырланды. Осындай мол дәулетті шашып-төкпей ұқыпты ұстап, халықтың қамына жарата білу – әркімнің қолынан келе бермейді. Қасекең осы шаруашылықты ақсатпас үшін бар мүмкіндікті барынша тиімді пайдалана білді.
Кейіпкеріміз ауданның мекеме, кәсіпорын басшыларымен қоян-қолтық жұмыс жасап, олардан өзінің бай тәлім-тәжірибесін, ағалық қамқорлығын аяған емес. Ол өткен тарихқа да терең үңіліп, аудан көлемінде мәдениетіміз бен рухани құндылықтарымызды дәріптеуге үлкен мән беріп, бірталай іс-шараларды жүзеге асырды. 1993 жылы Шортанбай жыраудың 175 жылдық мерейтойын республика деңгейінде өткізді. Батық елді мекенінде сәулетті мәдениет үйі салынды. Аудан орталығында Жанқұтты би мешіті бой көтерді.
Қасекең ауданға әкім болып келгеннен кейін тындырған күрделі ісінің бірі – тоқырау кезінде ұзақ жылдар бойы қаржы тапшылығынан «сақалды» құрылысқа айналған аудан орталығындағы 150 орындық емхананың екі блогын облыс әкімінің қолдауымен халықтың пайдалануына беруі еді.
Кейіпкеріміздің біз көріп жүрген көп басшыларда бола бермейтін ерекше бір қасиеті – облыс, республика деңгейіндегі лауазымды басшылармен тез тіл табысып, аудан тынысына қажет материалдық, қаржылық қолдауларды алудан алдына жан салмайтындығы.
Осы кезеңде (1993-1994 ж.ж.) Қарағанды металлургия зауытының бас директоры А.Сви­щинскийдің шефтік көмегімен аудан орта­лығында жаңадан 14 шақырымдық көше­аралық су құбыры тартылды және сырттан келетін 6,5 шақырым су құбыры тегін жаңартылды. Қасекеннің тікелей араласуымен Ақсу-Аюлы ауылында құрылысы бітпей тұрған 8 үйдің құрылысы аяқталды. Сондықтан, елі үшін атқарған еңбегіне, қиын-қыстау кездері жұртқа жасаған қамқорлығына қарап, Қасекенің қандай адам екенін, айтпай-ақ білуге болады.
Оның адами болмысында айтуға тұрарлық көптеген қасиет бар. Еңбекқорлығы, тың­ғы­лық­тылығы мен табандылығы, жұмысқа деген ынтасы мен жауапкершілігі кейіпкеріміздің күш-қайрат пен жігерінің арқасында көрініс берді десек, артық айтқандық емес.
Сайып келгенде, Қасекеңді мақтамайық, Қасекеңмен мақтанайық. Азаматтың шынайы бет-бейнесі арқасында Қасекең халық құрметіне ие болды. Ел абыройлысына айналды.
Қасымбек Медиұлының еңбегі мен төккен тері мемлекет тарапынан бағаланып, «Парасат», «Құрмет», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет бел­гісі» ордендарымен және он бестен астам медал­дармен марапатталды.
Бүгінгі күні, кейіпкеріміз 80 жаста! Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Ақадыр, Шет аудандарының Құрметті азаматы, ел ағасы – Қасекең тұғырдан түспеген тұлға. Ел сенімін ақтаған ардагер абыз ағамыз­дың әлі де туған еліне тигізер пайдасы, айтар ақыл-кеңесі аз емес. Қасекеңді мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына баянды бақыт тілейміз!

Боранбай ЖҰМКЕҰЛЫ,
Шет ауданының Құрметті азаматы.
«Құрмет» орденінің иегері,
ауыл шаруашылық саласының ардагері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button