Сексеннің биігіндегі өнер ордасы
Бейсенбі күні Қарағандыдағы циркте Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің 80 жылдық мерейтойына арналған мерекелік гала-концерт өтті. Бағдарламада концерттік бірлестіктің барлық оркестрлері мен ансамбльдері – симфониялық оркестр, Тәттімбет атындағы оркестр, джаз оркестрі, «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблі, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі және «Мерей», «Әуен», «Арай» ансамбльдері өнер көрсетті.
Ұжымды мерейтоймен барша қарағандылықтар атынан облыс әкімі Ерлан Қошанов құттықтады. Ол бұл күннің облысымыздың мәдени өміріндегі маңызды күн екенін атап өтті.
– Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің тарихы бай. Бірінші кезекте, мен ұжым ардагерлерінің, қарағандылық филармонияның негізін қалаушылармен бірге еңбек еткен азаматтардың еңбегін атап өткім келеді. Бүгінгі шығармашылық ұжым аралас, олар классиканы, ұлттық шығармашылықты және хореографияны біріктірген, олар бір ырғақта бір ағзадай жұмыс жасайды. Меніңше, бүгінгі жетістіктердің құпиясы осында, – деді Ерлан Қошанов өзінің құттықтау сөзінде. Өңір басшысы ұжымға шығармашылық табыс, жарқын болашақ және лайықты ізбасарлар тіледі.
Концертте ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хаты оқылды. Ол Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік жұмысының республикамыздың мәдени өміріндегі маңыздылығын атап өтті.
Салтанатты шара барысында Қарағандының Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің үздік қызметкерлері марапатталды. Оларға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің атынан марапаттар, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.
Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік жетекшісінің орынбасары Ғазиз Ажбағамбетов, симфониялық оркестрдің артисі Светлана Бадрах, «Мерей» ансамблінің солисі Гүлмира Жүкіпбаева, джаз оркестрінің артисі Дмитрий Пиминов және Тәттімбет атындағы академиялық xалық аспаптары оркестрі артисі Сәуле Рахымғалиева «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.
Қарағанды облыстық филармониясы 1938 жылы құрылған. Бүгінгі таңда Қазақстандағы ірі, әрі беделді концерттік бірлестіктердің бірі болып табылады. 1990 жылы филармонияға әйгілі қазақ әншісі, халық артисі Қали Байжанов есімі берілді. 1994 жылдан филармония Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік болып аталатын болды.
Өз тілшімізден