Руханият

Саят Тұяқбаев: “Найза жырды қай биікке түйрермін”

Күн артынан білемін күн өтерін,

Өмірдің адамдарға сын екенін.

Қилы-қилы жолы бар кейіпкердің,

Жырымды оқып танырсың кім екенін.

Жырымды оқып ұғарсың толқынысты,

Бойымда өлеңімнің өрті күшті.

Кей сәтім күлімдеген күн секілді,

Кей сәтім ойлауға да қорқынышты.

Қызығып әлеміме кіретіндер,

Ойыңды өлеңіме түнетіңдер.

Ақ қағаздың бетіне ақтарылды,

Өлеңмен өзім ғана білетіндер.

***

Өлеңге сыр

Тотықұстай тұрмадым торға асығып,

Топ алдына түспедім жорғасынып.

Жуан орта жерімен жүріп келем,

Өмір дейтін жортуыл жолға шығып.

Соққанда өмір, жолына әрі-бері,

Өлең болды денемнің дәрігері.

Ұйқасынан ұйыған қаным тарап,

Тармағынан табылды тамыр емі.

Жырладым жаратылыс жыр ғұмырды,

Жырладым жалғанды емес, шындығымды.

Түсірдім сол бетінде ақ қағазға,

Масаттанған шағым мен мұңды күнді.

Мен осылай жер басып, жетілген ем,

Бояуын өмірімнің кетірмегем.

Бәрінен түңілгенде өлең жазсам,

Дүниеге жаңа туған секілденем.

Айналама қараймын бала құсап,

Ашылғандай алдымнан ана құшақ.

Жанарды жарқ еткізіп жыр туғанда,

Қанатын қайта сілкіп қалады шақ.

Сол кезде күн түгілі, жыл кідіред(і),

Жұбатқандай жұмақтың сылқымы кеп.

Күрсінсем кеудемде бар жүрек дейтін,

Өлеңмен емделетін бір құдірет.

Өлең ішкі шерімді қазатын да,

Өлең мені ауыртып, жазатын да.

Күннен-күнге айналып барамын мен,

Жырдан басқа сырласы аз ақынға.

Қанағат қылсамдағы барға бірер,

Тынбай тартып тұрады алға жігер.

Қиуы енді келген қара өлеңнің,

Қай жерде тоқтайтынын Алла білер.

Тағдыр жолы тұрса да бұраң қаға,

Мың алғыс, білдіремін бір Аллаға.

Жаратқанға сиынған адамзатты,

Адастырмас ақиқат құран ғана.

Мың алғыс, туған өңір, дүйім елге,

Тағзым етем, алдыңа иілем де.

Жырымда жүрегімнің дүрсілі бар,

Сол дүрсіл көңілімнің күйін емде.

Мың алғыс, батасы бақ бабам үшін,

Мың алғыс, әкем менен анам үшін.

Топқа түссем, тұратын тыныш таппай,

Тақым қысқан ұрпақтың талабы үшін.

Мың алғыс, мақпал түн мен нұр таңыма,

Мың алғыс, адал жар мен ұрпағыма.

Түндігімді ұлтыммен бірге аштырып,

Кіндігімді байлаған бір тамырға.

Мың алғыс, аға-бауыр, досым үшін,

Көңілдің қатар қылған қосылысын.

Маңдайға үйіп-төгіп бере салған,

Тәңірім таусылмасын осы ырысың.

***

Көктем

Алып таудан етекке ақ қар құлап,

Көктем күннен алып тұр жақпар қуат.

Қысқы қатқыл көңілді жібітеді,

Жылт-жылт етіп жылғадан аққан бұлақ.

Туды көктем, таусылып қыс ғажабы,

Жер бетіне тәңірдің түсті ажары.

Көк кілеммен кең далам кестеленіп,

Құйқылжыды бағымда құс базары.

Көктем келді, сылдырап сылқым қыздай,

Сұлулықтың құпия құлпын бұзбай.

Көгімнен көлбей түскен күннің нұры,

Шуаққа шомылдырды құр тұрғызбай.

Сол шуақпен дүр етті, қызынып қыр,

Сығалады қауыздан сызылып гүл,

Ғашық болу, сағыныш, сүю бәрі,

Көктемнің кірпігінде тізіліп тұр.

Бұрымы бұраң қаққан бұл көктемнің,

Таңданумен көркіне күнді өткердім.

Жанымның сүйсінісін жер жаһанға,

Жеткізсін деп ұшырдым жыр кептерін.

***

Мезгіл

Мезгілменен ауысатын күйге ендім,

Найза жырды қай биікке түйрермін.

Қаһарлы қыс қар бораны қарыған,

Қаталдықты дәл өзіңнен үйрендім

Жылдар, жылдар, бұрма бетін күймемнің,

Тағдыр қамыт тар мойныма кигенмін.

Томағасын суық қыстың сыпырған,

Жылылықты көктем сенен үйрендім.

Жер-Ананы жадыратып сүйген күн,

Қазбауыр бұлт шыңға басын иген күн.

Далам түкті жасыл кілем жайдары,

Жомарттықты жазым сенен үйрендім.

Әр мезгілді мен өзімше сүйгенмін,

Әрқайсында кейде шаттық, кейде мұң.

Күрең күзден көшін түзеп кеңдігім,

Бәрін-бәрін мезгілдерден үйрендім.

***

Құс ғұмыр

Шомылдырып, шуағына жер көктің,

Таң оятсын, төсегіңді тербеп түн.

Мүсініңе мас қылдырып ғаламды,

Көрінші бір келбеттім.

Көрінші бір, түріп түннің түндігін,

Тұтат келіп жүрегімнің бір қылын.

Жамалыңмен жарық берші жаныма,

Ауыстырып күн нұрын.

Жақын болып кетпегенмен жол бұдан,

Сағыныштың күйін шертші домбырам.

Алыстағы арманыммен тілдестір,

Ойларымды оңай қозғап орнынан.

Менің жаным сенде ғана шуақтар,

Сенде ғана рахат табар қуат бар.

Ғашық қылып бар жігітті өзіңе,

Менің ғана құшағымда сыр ақтар.

Сен ғанасың жүдеттірмес жоққа сәл,

Сен ғанасың жанардағы отты ашар.

Шын қуанып, шын мұңайып менімен,

Жүрек қылын дөп басар.

Тағы да атты мұңы басым мұнар күн,

Тағы жапты қылығыңа құмар түн.

Құс боп ұшып келетіндей өзіңді,

Аспан жақтан іздейтінді шығардым.

Сыңғыр күлкің боп ағады бұлақ та,

Сендей сылқым көрінеді құрақ та.

Мезгіл құсы секілденіп барасың,

Ұшып келіп, ұшып кетер жыраққа.

***

Портрет

Бүгін түнде бір тамаша түс кірді,

Ұрпағыма жағыпты Алла ұшқынды.

Мінездері менің құбылғанымдай,

Үш ұлым бар, үш түрлі.

Үлкен ұлым – тұйықтау,

Мүмкін емес көңілінен күй ұқпау.

Бастаса ісін белден басып өтеді,

Бет алдында бөгесе де биік тау.

Өзі сондай сенгіш-ақ,

Жүреді ылғи бар нәрсеге белгі сап.

Бір тамаша сурет салып ішінен,

Өзін іздеп жүрген тура мен құсап.

Бұл алғашқы биігім.

Сөзден гөрі істің табар түйінін.

Біздің үйдің ашты есігін бақыт боп,

Басталғанда жанұялық иірім.

Екіншісі тым епті,

Жаулап ауға шебер боп тұр жүректі.

Жанарынан көріп жастық шағымды,

Тұла бойым шым етті.

Шоқ күйдірмес шоқтығын,

Бұл ұлымнан көрінеді от күнім.

Жанына кеп жанын ұғып жүретін,

Жолдасы да, көп мұның.

Түн жортады қаңғырып,

Қанда тулап серілік пен сал қылық.

Сұлуларға сыр айта ма кім білсін?!

Таңды-таңға ұрып.

Үшіншісі әлі жас,

Оң мен солын танымас.

Бірақ, менің барлық мүмкіндіктерім,

Осы ұлыммен тамырлас.

Өзі еркелеу, ең ыстық,

Топқа кірсе, жеңіс күт.

Күлсе болды, жадырайды айнала,

Күркіреген кеңістік.

Білімі де, бөлек тым,

Ән шырқаса дауысында зор екпін.

Оразаның жұмасында туған ұл,

Көңілі де, көркем болу керектін.

Осы ұлдарым бар ермек,

Бәрі бірдей жарасып ап, жан емдеп.

Өз жұртынан аумайтынын түсімде,

Анасына тұр екенмін дәлелдеп.

* * *

Өмір ме, барады өтіп түс секілді,

Түрлендіріп тірлікті түске түрлі.

Алып ұшып арманға алып барар,

Амал не, қанатым жоқ құс секілді.

Аспан жақ аласармас арман көпке,

Құс құрлы, қалқысам ғой заңғар көкте.

Азар болса төменге құлап түсем,

Қағып-қағып қанатым талған бетте.

Көрінгенде істеген ісім өрден,

Кеңдігін кеңістіктің түсінем мен.

Төменен көкке қарап күрсінгенше,

Төбеден жақсы емеспе ұшып өлген.

Жасындай жердің бетін дүрсілдеткен,

Оят мені шағымда тыншым кеткен.

Содан соң жадыратып жүрегімді,

Сәулеңді төгіп жібер тылсым көктен.

Бер маған найзағайдың от арынын,

Жол қылайын, өлеңнің жота, қырын.

Адалдықтан айнытпа айналамды,

Аласартпа орнымды, о, Тәңірім!

***

Мінез

Жастау кез жалындаған жаңа берік,

Ауылда әкемменен ағама еріп.

Аңға шықтық, ақ ұлпа жердің беті,

Ізді шолып келеміз қаға беріп.

Тымық күн сықыр-сықыр қар дыбысы,

Тым-тырыс боп мүлгіп тұр талдың іші.

Торы атым қайшылайды қос құлағын,

Ауыздықты шайнау боп бар жұмысы.

Біздің аттар аралда басты ыңғайға,

Сонар десе бата ма, ас мұндайда?!

«Қанды басың бері тарт» кеп қалыппыз,

Қанды ауыз қақпан жатқан Қашқынбайға.

Орнында жоқ болған соң қасқыр қақпан,

Мылтыққа қол жабысты бас құндақтан.

Басар маңы тапыр көп талқандалған,

Тұла бойда қан тулап тасқындатқан.

Жынысқа қарай тартты сүйретінді,

Аулақпын бойды үрейге билетуді.

Әкем, ағам тоспада мен ізбенен,

Ия, сәт! Түстім небір күйге түрлі.

Бір мезет, қалың ұшқат бірігіп қап,

Еңкейдім өту үшін бүгіліп қап.

Бас көтерсем алдымда көкжалым тұр,

Тоқпағы тобылғыға ілініп қап.

Қанталаған қос көзі тіліп өтті,

Ыстық қан бас аяққа жүріп өтті.

Ойпырмай, көздерінің өткірін-ай,

Қақпанда тұрсадағы құдіретті.

Мылтығым да тарс етті, ол да атылды,

Әттең жетпей аяғы торда тұрды.

Ажалға қарсы қарап түсті құлап,

Жекпе-жегі амалсыз жолда тынды.

Сая таппай құмай түз, құт даладан,

Абадан-ай, ажалға тік қараған.

Қақапанда да жауына қарсы тұрар,

Сені жеңдім дей алмас жыққан адам.

Айды аспанға шығарып айла құрып,

Пенделер жүр парықсыз пайданы іліп.

Құны түскен қоғамға қарсы тұрар,

Қасқыр мінез барасың қайда құрып?!

Басқа материалдар

Back to top button