САЯСЫ МОЛ БОЛҒАЙ САЯБАҚТЫҢ

Бұқар жырау ауданында Керней атты ауыл бар. Кешегі кеңестік заманда дүрілдеп тұрған шаруашылық болатын. Іргетасы сонау патшалық заманда қаланған ауылдардың бірі. Соған орай қарашекпенділері көп болатын. Соған орай тырбаңы көп болатын.

Саябақ-11

Осы ауыл кешегі малды ата Кернейдің ереуілдейтін жері болған. Жаз Есіл бойын жайлайтын бұл ата осы жерде ереуілдеп, осындағы әулиебұлақ суымен ару-сырқауларын емдеп, кір-қоңын жуып, малының ақсақ-тоқсағын тастап кететін болған. Тастағанда мыңдап тастайтын болған. Ел кәдімгідей бұл ата қашан көшер екен деп тосып отыратын болған. Керней ауылы солай пайда болған. Бұл жөнінде белгілі өлкетанушы Ю. Попов жазудайын жазған.

Ауыл Керней тауының баурайында орналасқан. Керней өзені де әлі арнасынан ауа қоймапты. Жергілікті тұрғындар осындағы Кернейдің әулиебұлағын кәдімгідей мәпелеп отыр.

Кеңестік заманның жайы белгілі. Ауыл атауы көпекөрнеу бұрмаланып кете барған. Корнеевка болып. Іштерінен Корней деген келімсекті тауып алып, аспандатып-ақ жіберген. Алайда жергілікті жұрт дес бере қоймаған. Ауылдың Керней атауын сақтап қалды. Осындағы жергілікті мектеп те Керней мектебі деп аталады.

Сол ауылдың үлкендеріне осы атаның ұрпақтары 2011 жылы құрмет көрсетті. Керней ауылына барып, ата-бабаларының ізі қалған жерлерін басып, әжелердің иығына жаулық, аталардың иығына шапан жапты. Ата-бабаларына рухына дұға бағыштап, ас берді.

Одан берменде осы атаның «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қоры аталмыш ауылмен байланысын үзбеді.

Әрине, ауылдың баяғы келбеті қалмаған. Кешегі қарашекпенділер тұқымы өздерінің ата жұртын тапқан. Иесіз, қараусыз үйлер, қора-қопсылар көбейген. Ауылдың ажары сонда да бәсең тартпаған. Өйткені ауылдың Бақи Әбсамат, Мақсұтқан Термизұлы сынды абыз қариялар ауылдың ауызбіршілігін бәрінен де жоғары қойды. Ауылдағы игі істерге ұйытқы болды. Көпшіліктің қолдауымен мешіт үйі пайда болды. Ел, сөйтіп, имандылық жолына түсті.

Мақсұтқан ағамыз болса туған өлке шежіресімен айналысып, екі кітап жазып тастады.

Биылғы Наурыз мерекесі көпшілік есінде қалды. «Көкбөрі Керней баба» қайырымдылық қоры қайырымдылық акциясын жасап, осындағы Керней девиантты арнайы мектебінде болып, музыкалық орталық, кір жуу машинасы, шаңсорғыш, басқа да балаларға қажетті заттарды сыйлап, тәрбиесі қиын балалармен екіжақты қатынас орнатты.

Сол акцияда ауыл әкімі Төлеген Іргебаев та қатысқан болатын. Ауданда басшы қызметте болған Төлеген бауырымыз осы ауылға өзі сұранып келген екен. Іскер әкімдердің бірі.

Іскер ғана емес, батыр да әкім. Жақында ғана ол тосын уақиғаға килігіп, қаршадай баланы өлім аузынан құтқарып қалды. Төрт жасар Санжар есімді балақай тереңдігі 5 метр ашық жатқан құдыққа құлап кетеді. Бұл жақында ғана, маусымның 24 күні Ботақара елді мекеніндегі мейрамхананың маңында болған. Ойын баласының ұшты-күйлі жоқ болғанын жақындары байқамай қалған. Қаршадай баланың кәріз құдығындағы суға тұншығып жатқанын әкім Төлеген көреді.  Еш ойланбастан  шұңқыр­ға секірген Керней ауылының басшысы баланы су түбінен әрең алып шығады.

Сол батыр әкім тағы бір батыр әпкесі – аталмыш қордың атқарушы директоры Мира Атамалқызымен бірігіп, ауыл төрінен ойып тұрып Керней саябағын салуды қолға алады. Және ол бақты биыл, келер жылы деп созбақтамай Астана күнінде беруді ойластырады.

Былай қарағанда ештеңесі жоқ секілді. Алайда, ішкі ауыртпалықтары баршылық болатын. Өйткені Астана күніне бір айдан сәл астам уақыт қалған болатын. Оның үстіне таңдалған жер бақ өсіруге қолайлы болғанымен, тастақты еді. Соны қоқыстан тазарту оңай болмады. Оның үстіне жаз шығып қалғандықтан көшеттер бүр жара бастасын.

Ауыл тұрғындарының тілегі бойынша екі жүзге жуық қайың көшеті отырғызылды. Қоңыр күзде қарағай отырғызылмақшы.

Жұмыс қаншама қызу жүргізілді дегенмен ел бақтың биыл берілетініне сене қоймаған. Алайда, көп болып қолға алған істің қашанда нәтижесі болады ғой. Бұл жолы да солай болды. Әсіресе, Қарағанды орман шаруашылығы мекемесінің басшылары Мақсат Мұқановтың, Дулат Мақышевтың жанды көмегі істі орнынан қозғағандай болды. Ауыл әкімі түнгі он екіде көшет суарып жүрсе, ауылдың абыз қариясы Мақсұтхан Термизұлы  осындағы құлпытас қоршауын  жаңалапты. «Нұр­Отан» партиясының мүшелері Балтабай Нұрмағанбетов, Сергей Щукин, Жанат Жұмақаев, Жасұлан Есентаев есімді тағыда басқа орман қорғау қызметкерлері де барынша атсалысыпты. Қор азаматтары Бақтияр Санбаев, Жаңабек Нар, Серік Аманжол, Саттар Жүністегі, Дулат Байкен,  Болат Мағжанұлы және басқаларының да жарғақ құлақтары жастыққа тимеген.

Бақтың ашылу салтанаты көпшілік көңілінен шықты. Ашық алаңқайға сахна орнатылып, көрермендер үшін орындықтар орнатылған. Бұл той ауылдың үлкен-кішісінің басын қосқан той болды. Орын бола тұра әлем-жәлем киінген жұрт тізе бүкпей тік тұрып, бақтың ашылу салтанатын қызықтады.

Саябақтың тұсаукесер салтанатына аудандық мәслихаттың хатшысы Асхат Әли қатысып, қор мүшелеріне аудан әкімі Ш.Мамалиновтың  Алғыс хатын тапсырды. Сондай-ақ, жиналған қалың жұртты қордың атқарушы директоры М.Атамалқызы, мүшелері Ұлан Әбдіханов, Әділ Бәкіров, Сәбен Әлікеев, Балтабай Иген, Мұрат Ақбаров, ауыл әкімі Т.Іргебаев, ардагерлер Б.Әбсамат, М.Термизұлы, Алтын Мұратқызы, Михаил Верщаловский, Лидия Башмакова, Николай Шамарин, және басқалары құттықтап, бүгінгі отырғызған өскініміз ертең орман болғай деп игі тілектерін білдірді. Одан кейін өнер шеберлерінің концерті басталды.

Жиналған жұрт бір сәт бақты бетке алған. Жаңа ғана бүр жарып келе жатқан көшеттерді өздерінің құтты жеріне орналастырып жатты. Әжелеріміз тәттіден шашу шашты.

Тойдың одан кейінгі думаны Керней тауының баурайына тігілген киіз үйлерде жалғасты.

Осы ауылдан облыстық мәслихатқа депутат болып сайланған Еркін Ахметов те бұл істен сырт қалмайтынын жеткізді. Өзінің жеке шаруашылығы бар Еркін бауырымыз қашанда көмек қолын ұсынып жүреді.

– Елбасымыздың өзі қолдап отырған жоба ғой бұл. Сырттан күтпей өзіміздің әрекеттеніп жатқанымыз қуантады. Бұл бақтың әйтеуір бір салынатыны айдай анық. Оған үкімет қаржысы жетеді. Алайда оны күтіп отыратын уақыт қайда. Олай болса қолда бар мүмкіндікті барынша осылайша пайдалануымыз керек, – дейді Еркін Қабайұлы, – бүгін болмағанымен мен де бұл бақта қолымның таңбасын қалдырамын.

Осы өңірдің тағы бір халық қалаулысы Евгений Әлпейісов те Еркіннің сөзін қолдап, қуаттап жатты.

Төрехан МАЙБАС.

Бұқар жырау ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.