Жаңалықтар

Саясаттанушы: «Қасым-Жомарт Тоқаев елдің назарына өзіне аудара білді»

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына кіріскеніне бір айдың жүзі болды. Белгілі саясаттанушы Талғат Қалиев Қасым-Жомарт Тоқаевтың биліктегі алғашқы айына баға беріп, Мемлекет басшысының ел назарында болғанын айтты.

«Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы күннен бастап, елдің назарына өзіне аудара білді. Қазақстан астанасының атауын өзгерту туралы бастама көтеруі және ел Президенті ретіндегі алғашқы Жарлығын осы мәселеге арнауы, әлемдік ақпарат кеңістігіндегі басты тақырыпқа айналды. Қазақстан әлемдік БАҚ беттерінде жиі аталатын үштіктің сапына кірді.

Президенттің Ресейге және Өзбекстанға барған сапарларын да саясат пен география балансындағы сәтті қадам деп бағалауға болады. Алыс әріптестермен байланыс орнатудың маңызы зор болса да, қарапайым халыққа көрші елдермен қарым-қатынас тәрізді анық сезілмейді. Сондықтан да, өзгерістер орын алған кезде бұрынғы келісімдер мен шарттардың сақталуын қамтамасыз ету қажет.

Президент елдегі көптеген министрліктер мен ведомстволардың арасында ең жиі сыналатын Ішкі істер министрлігіне барды және жеке құраммен кездесу барысында өзекті мәселелерді көтерді. Бұл Мемлекет басшысының полиция жұмысы туралы толыққанды ақпараттанғанын аңғартады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы бір артықшылығы – халықпен байланыс орнатуда әлеуметтік желілерді қолдануы. «Твиттер» желісін бірнеше жылдан бері белсенді қолдана білген Мемлекет басшысы елдегі барлық бірінші басшыларға әлеуметтік желіге тіркелуді міндеттеді. Осы арқылы билік пен халық арасындағы тікелей қарым-қатынастың жандануына ықпал етті», – деп жазды саясаттанушы өзінің «Телеграм» арнасында.

Басқа материалдар

Back to top button