Сауыншы, депутат

Еңбегімен жастарға үлгі болған аяулы аналар жанымызда жүр. Солардың бірі – Нұра ауданы, Қантай ауылында тұратын 76 жастан асқан Ғалия ЖҰМАШЕВА.

Жастайынан жетім қалып, еңбек жолын 17 жасында сауыншылықпен бастаған Ғалия апай зейнеткерлікке шыққанша ауылдың қайнаған тірлігінің көшбасында жүрді. Күніне 30-дан астам сиырдан 350 литр сүт алып рекорд орнатқаны да бар. Сол уақытта тындырымды да талапты қаршадай қызға жас бұзаулаған асау құнажын- дарды қатар тұрғызып, үйретіп беру міндеті де жүктелді.

– Басқа келіншектер сескеніп, құнажындарды аяғын байлап әуреленіп жатқанда, мен асау малды бұрышқатіреп қойып сауатын едім, – дейді өткен күндерді сағынышпен еске алған Ғалия апай.

Жұмысқа деген жігері мол жас Ғалияны ауыл халқы 1972 жылы Қарағанды облысының еңбекші депутаттар кеңесінің атқару комитетіне депутат етіп сайлайды. Бұлмандатта ол еңбеккерлер тұрмысын жақсартып, қордаланған мәселені шешуге күш жұмсай білді. Жауапкершілік арқалаған, ауылдан шыққан сауыншы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына дейін өсті. Сол уақытта халық қалаулысы ретінде Қайнар ауылына жол салдыруға сүбелі үлес қосса, Көбетей, Чкалов ауылдарында мәдениет үйінің бой көтеруіне де себепкер болды.

– Бізді халық сайлады. Демек, халықтың аманатын арқалаған соң, елдің өтінішін орындау басты міндетім деп санадым. Сол уәдемде тұрдым. Егер, айтылған мәселе орындалмай жатса, далаға шығып ел бетіне көрінуге ұялатын едік. Әлі есімде, обкомдағы жауапты қызметкерлер «шынашақтай болып, қамалды алмай қоймайсың» деп қалжыңдайтын еді, – дейді ол.

НҰРА ауданы.