Сауап па, ғажап па?
«Кітап та алма ағашы,
Жемісін біздер теретін.
Тәтті алмаға балашы,
Кітабыңның әр бетін» деп Мұзафар Әлімбаев атамыз тегін айтпаса керек. Оқушы кітап арқылы бастауыш мектептің өзінде-ақ, бүкіл адамзат өмірімен танысады. Осыны назарда ұстаған №86 жалпы білім беретін орта мектеп ұжымы көктемгі демалыс кезінде бастауыш қазақ, орыс сыныптарының оқушылары мен мұғалімдерінің қатысуымен «Кітапқа ұзақ өмір сыйлаймыз!», «Живи, книга!» атты акция өткізді. Мақсат – оқушыларға кітап – білім көзі, адамның сенімді серігі екенін ұғындыру. Шара мектебіміздің кітапханашысы Нұрғамила Асанованың сөзінен басталды. «Кітаптар – адам тәрізді: пайда болады, өмір сүреді. Бірақ, мұқабасы тозғанымен, мағынасының ескірмеуі мүмкін. Адамдар сияқты ауруы да мүмкін. Сондықтан, біз кітаптар мен оқулықтарды не істеуіміз керек? Жыртып, былғамай, бетіне сурет салмай – күтіп, таза ұстау керек», – деп түсіндірді ол.
Акция оқушылардың жыртылған кітаптарды желімдеу, жөндеу жұмыстарымен жалғасты. Балалар бұл жұмысты үлкен қызығушылықпен орындады. Әр оқушы өздері әкелген қайшы, желімдерімен 5-6 ескірген кітаптан жөндеді. Бұл – оқушыларға үлкен жауапкершілікті сезіндіру. Балалар қызығушылығының артқаны сонша, акция соңында әрқайсы 2-3 кітаптан оқуға алып кетті. Сауап та, ғажап та – осы шығар?!
Сәуле НҰРМАҒАНБЕТОВА,
№86 мектептің бастауыш сынып мұғалімі.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.