«Сарыбел» оркестрінің мүшелері де қалыс қалмады
Түс ауа Осакаров кентіндегі №551 сайлау учаскесіне «Сарыбел» оркестрінің мүшелері келіп, елдің қоғамдық өміріндегі маңызды науқаннан шет қалмай, өз таңдауларын жасады.

Қазақ халқының бай музыкалық дәстүрін дәріптеп, ұлттық өнердің озық үлгілерін кейінгі буынға жеткізіп жүрген өнерпаздар үшін ел өміріне белсенді араласудың мәні айрықша. Өйткені, ұлттық мұраны ұлықтау – мәдени құндылықтарды сақтаумен ғана шектелмей, ел болашағына деген жауапкершілікті сезінудің де бір көрінісі.
– Біз ұлттық музыкалық мұраны сақтап, оны дамытуға өз үлесімізді қосып келеміз. Сонымен қатар, Қазақстан азаматы ретінде елдің қоғамдық өміріне белсенді араласуды да азаматтық парызымыз деп білеміз. Бүгін әрқайсымыз өз таңдауымызды жасадық. Дауыс беру – азаматтық ұстанымымызды білдіріп, еліміздің болашағына өз үлесімізді қосудың маңызды мүмкіндігі, – деді «Сарыбел» оркестрінің мүшесі Ғалия Нұрсолтан.
Өз кезегінде №551 сайлау учаскесінің төрағасы Алма Макишева дауыс беру үдерісінің қалыпты жағдайда өтіп жатқанын атап өтіп, заңбұзушылықтардың жоғын атап өтті.
– Сағат 17:00-дегі жағдай бойынша ахуал тұрақты. Дауыс беруге келушілердің қатары әлі де үзілген жоқ. Кент тұрғындары бұл жолы белсенділік танытып отыр. Байқаушылар сайлау процесінің заң талаптарына сай өтуін жіті қадағалауда, – деді Алма Жеңісқызы.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



