«Сарыарқа-2» жарыққа шықты
Қарағандының ғалымдары «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында «Сарыарқа-2» оқу-әдістемелік кешенінің тұсауын кесті. Оқулық тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіру аясында жарық көрді.
Аталмыш бағдарлама ел азаматтарының білімін «Қазтест» арқылы бағалауды міндеттейді. Осыны ескерген облыстық тілдерді оқыту орталығының ұжымы тұтастай С1 деңгейінде тестілеуден өтіпті.
Ұсынылған оқу-әдістемелік кешен өзінің мазмұны бойынша уақыт талабын ескерген әдістемелер қатарын толықтырды. Кешеннің қолданысқа енгізілуі мемлекеттік тілді үйренушілердің «ҚАЗТЕСТ» қазақ тілін меңгеруді бағалау жүйесі тестілеуінен өтуіне оң ықпалын тигізеді деп күтілуде. Өйткені, әзірлеу барысында тілді тиімді оқытудың әлемдік тәжірибесі ескерілген.
Жалпы, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы 2008 жылдан бастап мемлекеттік тілді оқыту бойынша оқу құралдарын әзірлеуді жүзеге асырып келеді. «Сарыарқа» оқу-әдістемелік кешені де мемлекеттік тілді меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттілігі мемлекеттік стандарты талабына лайықтап жасалған. Осы орайда, әзірленген көпдеңгейлік (А1-қарапайым деңгей, А2 – базалық деңгей, В1 – орта деңгей, В2 – ортадан жоғары деңгей) «Сарыарқа-2» оқу-әдістемелік кешені мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік қызмет көрсету саласының мамандары және тілді меңгергісі келетін жалпы ересектерге қазақ тілін оқытуда қолданылмақ.
Осы орайда, республикалық оқыту орталығы «Сарыарқа-2» кешенін жаңа стандартқа сай әзірленген оқу-әдістемелік кешен ретінде танып, Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан республикалық бюджет қаржысына қайта басып шығарғанын атап өту қажет. Бұл туралы тілдерді оқыту орталығының аға әдіскері Жұпар Рысқұлқызы айтты.
Жұпар ЖАҚАНОВА, жоба жетекшісі, педагогика ғылымдарының магистрі:
– Бірнеше жыл бұрын республикадаға «Қазтест» орталығының мамандары «Қазтесттің» бес деңгейлік оқу-әдістемелік кешенін жасап шығарған болатын. Сонда типтік бағдарламаны әзірлеуге қатыстым. Ал, «Сарыарқа-2» оқу-әдістемелік кешені республика бойынша өңірімізде екінші рет дайындалып шықты. Мәдениет және спорт министрлігінің тіл бөлімі тарапынан ұсыныс түсті. Содан, «Қазтесттің» стандартына сәйкес екінші оқу-әдістемелік кешен дайындап шығарсақ артық болмайды деген ой келді. Кешен төрт деңгейден тұрады. Стандарт бойынша тілді оқыту құзыреттілігі алты деңгейге негізделген. Кешен болғандықтан оқу құралынан және жұмыс дәптерінен, сондай-ақ, А1– А2 деңгейлі аудио материалдар жинағы бар. Болашақта төрт деңгеймен шектелмей, В1 – В2 деңгейінің материалдарын шығару жоспарда бар.
Жиында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Гүлнәрайым Қаңтарбекова кешен жасауда пікірлескен филолог ғалымдарды, облыс көлеміндегі тілдерді оқыту орталықтары мен курстарының қызметкерлерін таныстырды. Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының, Оқу-әдістемелік және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Лиза Есбосынова қазақ тілін оқытудың тиімді әдістемесімен бөлісті. Оқу-әдістемелік кешенінің авторларын Алғыс хатпен марапаттады.
Тұсаукесер-семинардың практикалық бөлігінде тілдерді оқыту орталығының әдіскері Мунира Ағымбаева «Адамның мінез-құлқы» тренингін өткізсе, филология ғылымдарының магистрі Динара Қуанбаева онлайн сабақ үлгісін көрсетті.
Жалпы, авторлар кешенді жазуға екі жыл уақыт жұмсапты. Қазіргі таңда республиканың облыс орталықтары 100 дана оқулықпен тұтас қамтамасыз етілді. Оған қоса, Астанада 2000 дана жарыққа шықты. Бір деңгейлі оқу әдістемелік кешеннің бағасы шамамен – 5 500 теңгені құрайды.
Авторлардың айтуынша, жарыққа шыққан кешенге қосымша тестілер жинағы қажет. Сондай-ақ, алдағы уақытта С1 деңгейі әзірленетін болса, қосымша жарты жыл уақыт керек екенін айтады.
Аяулым СОВЕТ



