Сарбаздар ұстаханасы
Отан қорғаушы болу иыққа погон тағып, әскери киім киюмен шектелмесе керек. Отанды қорғау – ең алдымен, рухтың өлшемі. Шын мәнінде, ерлік таңғы саптағы мінсіз түзелуден, командир бұйрығына деген болаттай беріктіктен және саусағың суық қаруға тиген сәттегі зілдей жауапкершіліктен бастау алады. Отан қорғаушылар күні қарсаңында біз халық қаһарманы Мартбек Мамыраев атындағы әскери-техникалық мектептің тыныс-тіршілігіне үңілдік. Мұндағы темірдей тәртіп пен қайнаған еңбекті көріп, жас буынның бойына әлгі қасиетті серттің қалай сіңіп жатқанына куә болдық.

Тарихы терең, дәстүрі берік
Әскери-техникалық мектептің жылнамасына үңілсек, тамыры тереңде. Бұл мектептің бастауында өткен ғасырдың айбынды құрылымы – ДОСААФ (Армияға, авиацияға және флотқа жәрдемдесетін ерікті қоғам) жатыр. Совет дәуірінде бұл жүйе әскер табалдырығын аттайтын бозбалаларды техниканың тілін білетін, майданның қыр-сырын ұғатын шыңдалған маман етіп шығаратын негізгі мектеп-тін. Осы техникалық мектеп те сол кезеңде Әскер мен Әскери-теңіз флотының кадрлық қорын толықтырып, өңірдегі қорғаныс әлеуетінің күретамырына айналды.
Уақыт керуені көшіп, ел Тәуелсіздігінің ақ таңы атқанда, бұл шаңырақ жаңа мазмұнға ие болды. Төрткүл дүние түгел таныған егемендігіміздің алғашқы жылдарында-ақ ел қорғанысын нығайту басты орынға шықты. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 15 мамырдағы №718 Қаулысы мен Қорғаныс министрінің №160 бұйрығы негізінде мектеп жаңа форматта қайта түледі.
Мектептің атауында да тарихи әділдік пен ұрпақ сабақтастығы менмұндалайды. 1982 жылдың қарашасында КСРО Қорғаныс министрінің арнайы бұйрығымен бұл оқу орнына жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Мартбек Мамыраевтың есімі берілді.
Оқыту жүйесі
Әскери-техникалық мектептің негізгі міндеті – азаматтарды әскери-техникалық мамандықтар бойынша даярлау және қайта даярлау.Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде әскери бағытқа бағдарланған резерв қалыптастыру. Жалпақ тілмен айтқанда, мұнда келген жас азамат белгілі бір уақыт аралығында нақты әскери дағдыны меңгеріп, тәртіпке бейімделіп, әскер өмірінің алғашқы талабын сезініп шығады.
Мұнда оқыту бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі. Жасы 24-ке толған, орта немесе жоғары білімі бар азаматтар әскери оқытылған резерв бағдарламасы бойынша 40 күндік даярлықтан өтеді. Ал, мектеп бітіріп, 18 жасқа толған бозбалалар әскери-техникалық мамандықтар бойынша үш ай оқиды. Олар оқу соңында белгіленген әскери мамандықпен қатар, көлік жүргізу санаттарын да меңгереді.

Жыл сайын орта есеппен 510-ға жуық курсант қабылданады. Оқу жылына екі лекпен жүргізілсе, әр лек үш ай бойы әскери-техникалық даярлықтан өтеді. 24 жастан бастап әскери оқытылған резерв бағдарламасына келетін азаматтар негізінен Қарағанды, Ұлытау облыстары мен Астана қаласынан жиналса, 18 жастан бастап әскери-техникалық мамандықтар бойынша оқитын жастар Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Ұлытау облыстарынан келеді.
Оқытылатын мамандықтардың аясы да кең. Курсанттар атқыш, мерген, гранатаатқыш, атқыш-санитар, Калашников қол оқшашаршысы, түрлі гранатаатқыш есептобының нөмірі сияқты әскери-техникалық бағыттарда даярланады. Сонымен бірге, көлік жүргізуге машықтанып, әскери техникамен жұмыс істеудің бастапқы дағдыларын меңгереді. Яғни, оқу процесі тек теорияға құрылмайды. Әр сабақтың ар жағында нақты қолданылатын тәжірибе, нақты жауапкершілік бар.
– Бізде тәрбие мен оқу бір-бірінен бөлек емес. Курсант күн тәртібіне бағынады, сапқа тұрады, тапсырма орындайды, ұжыммен бірге өмір сүреді. Үш ай бойы сол ортада жатып оқиды. Әскери тәртіп ең алдымен, ұқыптылықтан, уақытқа жауапкершілікпен қараудан, өзіне жүктелген міндетті соңына дейін орындаудан басталатынын курсанттар осы жерде сезінеді. Ресми міндет маман даярлау болғанымен, оның шынайы мұраты бұдан әлдеқайда тереңде. Болашақ сарбаздың алғашқы кәсіби машығымен қоса, азаматтық ұстанымын да шама-шарқымыз жеткенше қалыптастырамыз. Әскерге барған кезде ол қаруды қалай ұстауды, бұйрықты қалай орындауды, техникамен қалай жұмыс істеуді, Отан алдындағы жауапкершіліктің салмағын да түсініп барады, – деді подполковник, директордың әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі орынбасары Қанат Омарбаев.
Қанат Тиыштықұлының айтуынша, мектепке келген жастардың бәрі бірдей кейін әскери саланы таңдайды деп айту қиын. Дегенмен, әр толқынның ішінен осы бағытқа шындап бет бұратын, болашағын әскери қызметпен немесе құқық қорғау саласымен байланыстырғысы келетін жастар табылады. Бірі ішкі істер саласына қызықса, енді бірі прокуратура, басқа да мемлекеттік қызмет бағыттарына баруды мақсат етеді. Ең бастысы, мұнда олар әскери тәртіптің алғашқы мектебінен өтіп, азаматтық жауапкершіліктің мәнін түсіне бастайды.
– Оқыту бағдарламасында түрлі әскери-патриоттық іс-шаралар қарастырылған. Мәселен, былтыр Баян батыр туралы танымдық іс-шара ұйымдастырылып, жастарға ел тарихындағы ерлік дәстүрі кеңінен дәріптелді. Сондай-ақ, республика аумағындағы әскери-техникалық мектептер арасында «Бөгенбай батыр» жырын оқудан байқау өтіп, біздің курсанттар жүлделі үшінші орынға ие болды. Мұндай шаралар жас буынның тарихи санасын оятып, әрі батырлар болмысындағы қайсарлық, елдік, сертке беріктік секілді қасиеттерді үлгі етуге жол ашады, – деді Қанат Тиыштықұлы.
Мектеп есімін иеленген Кеңес Одағының Батыры Мартбек Мамыраевтың тұлғасын танытуға да айрықша көңіл бөлінуде. Таяуда «Qarmet» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып, батырдың туған ауылы Ақжолға дейін жүгіру марафоны ұйымдастырылды. Эстафетаға Мартбек Мамыраев атындағы мектеп-интернат оқушысы, әскери-техникалық мектептің курсанттары және кәсіби марафоншылар қатысып, спорттық іс-шара батыр ауылындағы ескерткіш жанында түйінделді. Патриоттық тәрбие тұғырлы тұлғалар арқылы да сіңіріледі. Биылғы мерейтой иесі Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдығы қарсаңында ауқымды кездесу өткізу жоспарланған.

Заман талабы – зерделі сарбаз
Әскери-техникалық мектептің шынайы келбеті ең алдымен, мұнда білім алып жүрген курсанттардың болмысынан көрінеді. Әрқайсысының келген жолы, таңдаған мамандығы, өмірлік жоспары әрқилы. Бірі мектеп қабырғасынан кейін бірден әскери дайындыққа келсе, енді бірі жоғары оқу орнын тәмамдап, азаматтық салада еңбек етіп жүріп осы ортаға қадам басады.
Осындай білімді де білікті жастардың бірі – І взвод курсанты Дастан Қазтаев. Жасы 24-те. Қарағандының тумасы. Дастан – бүгінгі күннің интеллектуал сарбазы. Алматыдағы іргелі оқу орнын тәмамдаған ол – мамандығы бойынша мұнай барлаушы. Бүгінде Сейсмология институтында еңбек етіп, еліміздің ғылымына үлес қосып жүрген маман. Азаматтық өмірде өз кәсібін тауып, биік белестерді бағындыра бастаған жастың әскери мектепке келуі – кездейсоқтық емес.
– Ертеңгі күні ел басына күн туса, әскери дайындықтың әрбір азаматқа ауадай қажет болары анық. Сондықтан, уақытты тиімді пайдаланып, осы курстан өтуді жөн көрдім. Қазір гранатаатқыш мамандығын егжей-тегжейлі меңгеріп жатырмын. Негізі өзім шығармашылыққа жақын адаммын. Университетте де қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретінмін. Сондықтан, әскери-техникалық мектептегі де мәдени іс-шараларға белсене араласып, әскери ортаға тез сіңісіп кеттім, – дейді ол.
Бүгінде ел аумағында қорғаныс әлеуетін нығайту бағытында 13 әскери-техникалық мектеп талмай еңбек етіп келеді. Соның ішінде өңірлік филиал – оқу үлгерімі мен жауынгерлік дайындық бойынша алдыңғы шептен шегінген емес. Мектеп тарихы ел мақтаныштарының қолтаңбасы қалған киелі шежіре ме дерсің. Кәсіби ұшқыш, армия генералы, Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаев, қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров секілді біртуар тұлғалар мен парашют спортының шебері Виктор Журавлев те осы оқу орнынан түлеп ұшқан.
Уақыт керуені алға жылжыған сайын әскери салаға қойылатын талап та күрделене түспек. Қазіргі заман Қарулы Күштеріне тек білек күшіне сенген сарбаз емес, техниканы жетік меңгерген, сындарлы сәтте шешім қабылдай алатын, зерделі де зерек маман қажет. Мартбек Мамыраев атындағы әскери-техникалық мектеп дәл осы талап үдесінен шығып, әскери-патриоттық тәрбиенің жаңа мазмұнын қалыптастырып отыр. Отанды қорғау – тек шекарада қырағы тұру емес, ол – ел тарихын қастерлеу, тәртіпке бағыну және қажет сәтте туған жеріңе қорған болуға сақадай сай тұру.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



