Саранда психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды

Саран қаласында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған № 8 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды. Ол бір мезгілде 50 балаға шақталған. 

Кешенді психологиялық-педагогикалық көмекке БМКК қорытындысы мен ұсынымдары негізінде және ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімімен туғаннан бастап 18 жасқа дейінгі балалар жүгіне алады.

Түзету кабинеті № 9 арнайы мектеп-интернаттың ғимаратында орналасқан.

– Бүгінгі күні бізге психофизикалық дамуы бұзылған 15 бала жазылды. Олар жеке жоспарлар мен кестелер бойынша айналысады. Бізде дефектолог, логопед, психолог, сенсорика кабинеті, ритмика, оқу кабинеттері, сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау бөлмесі бар. Яғни, балалар күнделікті өмірге бейімделе алады және өзбетінше қимыл-қозғалысқа үйренеді. Бұрын ата-аналар оларды Қарағандыға апаратын, онда олар ақылы түрде айналысатын. Біздің орталықта олар барлық қызметтерді тегін ала алады, – деп хабарлады № 8 ППТК басшысы Құралай Құлмағамбетова. 

Жаңа орталықта кедергісіз орта құрылды. Пандустар, тактильді жолдар, тұтқалар, ақпараттық тақтайшалар қарастырылған, табалдырықтар жоқ. Мамандар штаты 17 адамнан тұрады, түзету-дамыту сабақтарын ұйымдастыру үшін қажетті жабдықтар бар.

Түзету кабинетіне malahit24.kz порталы арқылы жазылуға болады.

Қағаз түрінде тіркелу үшін № 8 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің кеңсесіне жүгіну қажет (Саран қ., Жамбыл к-сі, 112).

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.