Жаңалықтар

Сапалы капитал – сенімді болашақ

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін Қазақстанда қажетті нәрсенің бәрі бар екеніне сенімді екенін атап өтіп, сол үшін кезектегі он міндетті шешуге жұмылуымыз керектігін айтты. Сол он міндеттің жетіншісі тікелей адам капиталымен байланысты.

Адам капиталы – басты байлық. Себебі, ғылыми прогрессті, тілді, ғылымды, жалпы барлығын дамытатын – адам баласы. Дүниежүзілік банк мамандары әлемнің барлық елдерінің экономикасын зерделей келе, экономикалық өсудің тек 16 пайызына физикалық капитал, 20 пайызына табиғи және 64 пайызына адам капиталы септігін тигізетінін атап көрсеткен. Адам капиталы үнемі жетілдіріп білім мен біліктен, тәжірибеден қалыптасады. Инновацияларды дамытуға күш салу дегеніміз адам капиталын дамыту дегенді білдіреді. Адам капиталына инвестиция салудың маңыздылығын Мемлекет басшысы 2010 жылғы Жолдауында-ақ баса назар аударып, «Жаңа формациядағы қазақстандықтарды тәрбиелеу және Қазақстанды әлемдегi ең әлеуеттi, бәсекеге қабiлеттi адами капиталға ие елге айналдыру» міндетін қойған еді. Одан кейін де бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Мәселен, Елбасының 2012 жылғы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біздің адам капиталын дамытудағы ұзақ мерзімді салымдар саясатымыздың арқасында қазіргі талантты жас ұрпақты өсірдік» деп түйіндейді.

Сапалы адам капитал жалпы қоғамның ықпалымен қалыптасады. Дегенмен, оны қалыптастыруда білім беру саласының орны айрықша. Осы орайда, Елбасымыз білім беру стандарттарын жаңа сапаға көтеруі мәселесін алға қойды. Мектепке дейінгі білім беру ісінен бастап, балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттігі; орта білім беру саласында басталған жаңартылған мазмұнға көшуді 2021 жылы аяқтау міндеті; педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау және т.б. мәселелер егжей-тегжейлі көрсетілді. Алайда, мұғалім білім ғана беріп қоймай, ең әуелі тәрбие беру қажет. Рухани көкжиегін арттырып, адамгершілік қасиеттерін дамытуға назар аудару бүгінгі күннің негізгі міндетіне айналды. Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген даналығын естен шығармау керек. Адам тәрбиесі жөнделмей қоғамда жақсылық орнамайды. Осы орайда мәдениет ошақтарының атқарар рөлі ерекше. Көрмелерде, музейде көпшіліктің назарына ұсынылған жәдігерлердің тәрбиелік мәні тарихы тамыры зор. Ол заттар тарих қойнауына кеткен сәттерді өз бойына сақтап қалған, сонысымен де құнды. Музейге келген әрбір келуші ондағы заттармен танысуға ғана емес, оның сырына үңілу, тарихына бойлауды мақсат тұтса өзінің рухани қажетілігін өтегені.

Президент сөзімен айтсақ өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ, заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс.

Табарәк ЖАРМАҒАНБЕТОВ,

Археологиялық-этнологиялық музей директоры.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button