Жаңалықтар

Санадағы сілкініс – ұлы іске ұмтылыс

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаменті Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын талқылады. Департамент басшысы Жандос СӘРСЕНОВТІҢ басшылығымен өткен кеңеске мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Әлбетте, мемлекеттік қызмет мемлекеттік бағдарламалар аясында жүргізілетіні анық. Демек, мемлекеттік саясаттың жүргізілуі тікелей мемлекеттік қызметшіге байланысты. Елімізде болып жатқан оң өзгерістердің халыққа дұрыс жетіп, ел арасында жағымды баға алуына да олардың бейжай қарамауы орынды.

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын жан-жақты талқылап, мән-мағынасын жете түсіндірудің орны ерекше. Жиналыстың көздегені де осы, өзара талқылау ғана емес, өскелең ұрпақтың санасына еліне, жеріне, тарихына деген мақтаныш сезімін ояту арқылы патриоттық рухты көтеру. Кез келген ұлттың болашағын жасайтын ұрпақ өткен тарихын біліп, ұлтына деген мақтаныш сезімін жүрегінде алып жүрсе, елдің ұтқаны. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да көздегені осы.

– Кездесуіміздің негізгі мақсаты – мақаланы оқу, талқылау, ой елегінен өткізу. Кез келген дамыған мемлекеттің тарихына көз жүгіртер болсақ, үлкен табысқа бір күнде жетпегенін көреміз. Ал, жетістікке жету кепілі – адал ниет, жұмысқа дұрыс көзқарас, тарихымызға, мәдениетімізге құрмет. Өзге елдің алдында артықшылығыңды көрсетіп, жетістікпен мақтана алу үшін әлбетте, өткен тарихты білу керек. Мәселен, атқа міну өнері, алма мен қызғалдақтың отаны болу шынымен де мақтануға тұрарлық дүниелер, – деді Жандос Сәрсенов.

Мақаланы жан-жақты, кәсіби тұрғыда түсіндіру мақсатында шақырылған спикерлер – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы және КХА кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жамбыл Жұмабеков пен «Орталық Қазақстан» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыс әкімінің «Тіл майталманы» сыйлығының иегері Ерсін Мұсабеков мақалаға жан-жақты тоқталып қана қоймай, әр қырынан талдады. Еліміз үшін маңыздылығын айтып, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде, сондай-ақ өзге елдің алдында шоқтығымыздың биіктігін көрсетуде, осы арқылы бойда мақтаныш сезімін туындатуға, сол арқылы әлем елдерінің алдында бұған дейін де озық болғанымызды көрсету маңыздылығын айтты.

– Рух – санада орналасқан. Біздің санамыз уланып тұр, – дейді, ХІХ ғасырдан басталатын тарихқа шолу жасаған Жамбыл Жұмабеков. Қазақтың бет бейнесі өзгерген жоқ. Санасы өзгерді. Сананың өзгеруі – руханияттың өзгеруіне алып келеді. Кеңес үкіметі қазақ жеріне үлкен трагедия алып келді. Бұл – қазақтың рухына, генофонына үлкен соққы берді, – деді. «Мағжанша айтқанда, отарлау жүйесінің, құлдық сананың әсерінен қарынның қамымен кеттік. Салт-дәстүрден ажырап, тілімізден де ажырай бастадық. Бұрын қандай болдым деген басты сұрақ әрқайсымызды ойлантуы керек. Адам қабілетті болса – мемлекет те қуатты. Сондықтан, Елбасының адами капиталға ерекше ден қоятыны осыдан. Мақаланың өзекті тақырыбы да тарихи сананы өзгерту. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы өшкенімізді жандырып, ұлттық рухты қалың ұйқыдан оятуға серпін бергендей,– деп, сөзін тәмамдады Ж.Жұмабеков.

Ал, «Орталық Қазақстан» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары Ерсін Мұсабеков болса, Елбасы мақаласының мазмұнын, байыбын түсіндіру өте құптарлық жағдай екенін айтып, ұлттық болмысымызды сақтауда, жаһандану деген аждаһаның аузынан аман қалуда кішкентай дүниенің өзі үлкен мақсатқа жетелейтіні туралы айтты.

– Елбасының мақаласы – бағдарламалық мақала, тарихи мақала. Ұлттың мақсаты, мүддесі айтылған шоқтығы биік дүние, әлбетте, қоғамда үлкен серпіліс тудырды. 80-ші жылдары тарихқа жаңаша көзқарас қалыптасып, ұлт тұлғалары ортамызға қайта оралып жатқанда, «өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды» деп үлкен серпінді жағдайды бастан кешкен болатынбыз. Дегенмен, кейінгі жылдары науқаншылық белең алғанда ұлттық құндылықтарымыздың ұнжырғасын түсіріп алғандай болып едік, мақала арқылы барша қазақстандықтар зәру дүние бізге қарай жақындаған сияқты. Ұрпақ бойында рух жетіспейді, соны ұштау керек, – деді Ерсін Мұсабеков. Сондай-ақ, қазақтың қара қазанын көтеріп тұрған экономика, саясат, руханият сияқты үш бағыт нық тұрар болса, қарынды тоқ қылатын қазақтың қара қазаны бұрқ-сарқ етіп қайнайды. Халықтың несібесі еселенеді деп, тұщымды ой айтты.

***

Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың жанындағы Ресурстық тіл орталығының бөлім басшысы Абылай Каринов жиналыс соңында «Аң стилі, мәдениетке байланысты сәулет өнері – мәдениеттің, ұлттың коды іспетті. Кез келген елдің ғимараттарында елдігін ерекшелеп тұратын стиль қалыптастырған. Өкінішке орай, Қарағандыда осындай ғимараттар жоқ. Мәселен, домбыра, қобыз үлгісіндегі ғимарат салынса. Осыны билік басындағыларға, осы саладағы лауазымды адамдарға жеткізсеңіздер» деген тілегін білдірді.

Өтініш – орынды. Елбасының мақаласында айтылғандай, адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланған, әлемдік өнердегі биік белестердің бірі – аң стилі көшелерімізді көркейтіп, ұлттық нақышта ғимараттар салынар болса, көркемдік-эстетикалық тұрғыда ғана емес, тарихымызды өзгелерге паш етудің бір көрінісі әрі өз мәдениетіне асқан құрметпен қарайтын халық ретінде, өзгенің алдында айбыны мен беделін асқақтату тәсілі болмақ.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button