Бас тақырыпҰлы Жеңіске - 75 жыл

Санаға сыймайтын қанды қасап

Жаһан жаугершілігінің жылнамасына адамзат тарихындағы ең алапат Ржев шайқасы қанды парақ болып қатталды. Ол фашистік Германияның «Орталық» Күштері мен Кеңес әскерінің Батыс және Калинин майдандарының арасындағы ауқымы жағынан теңдесі жоқ қырғын еді. КСРО Қолбасшылығы «Марс операциясы» деп әспеттеген осы «қанды астау» талай ердің басын жұтты. Оған 100-ші және 101-ші қазақ бригадаларының белшесінен батқаны көпке аян. Олар мәңгі тыныс тапқан қорымға Қазақстан айшықтап күмбез орнатқанынан да хабардармыз. Ал, осы ойранның ортасында жан беріскен қазақ пен саханың 326-шы атқыштар дивизиясының даңқы қалай құрдымға кетті?

ҚАНДЫ ҚАСАП

Екінші дүниежүзілік соғыстың ең ірі шайқасы Ржев-Сычев-Вязьма бағытында өтті. Оған КСРО жағынан Маршалдар Георгий Жуков пен Иван Конев, ал Германия тарапынан фельдмаршалдар Гюнтер фон Клюге мен Вальтер Модель жетекшілік етті. Калинин және Батыс майдандары немістің «Орталық» Армиясын қос өкпеден ұруды көздеді. Осы мақсатта олар үш жойқын шабуыл ұйымдастырды. Алайда, дұшпан алдын ала мықты инженерлік дайындық жасап қойған болатын. Сол бекіністің сұмдық шырмауы мен қорғаныс қаруының озықтығы адым аштырмады. Алғашқы айда алты шақырым жер ғана еңсерілді. Сарбаздар қанға малтықты. «Жаудың тасқамал алдыңғы шебін езуінен қаны сорғалап, азуымен кемірді» деген екен біздің қолбасшылық Сталинге жасаған баяндамасында.

Қос майданның бөлімдері қырғынның алғашқы төрт айының өзінде 1 миллионға жуық адамынан айрылды. Ал, неміс дивизиялары 330 мың жауынгерін жоғалтты. Үшінші Рейхтың әскері, тек 1943 жылдың басында ғана кері шегіне бастады. Бірақ, «Біздің әскер Ржев түбінде қарсыластың әскеріне тізе бүкпей кетті» – деп жазып қалдырыпты «Қорғаныс данышпаны» атанған неміс қолбасшысы Вальтер Модель өз естелігінде. Әскери тарихшылардың басым дені мұнымен сөзсіз келіседі.

Алғашқы екі жойқын шабуылды ұйымдастырғанда Кеңес қолбасшылығы не өрескел қателік жіберді, не Мәскеуді қорғау үшін тойымсыз Үшінші Рейх аждаһасының аранына қалың әскерді амалсыз тоғытты. Не десек те, осы қырғында қазақтың 100, 101 қос бригадасы мен 326-дивизия қосымша күшке сүйене алмай, сарбазының 80 пайызынан айрылып, тұралады. Қару-жарақ пен оқ-дәрі тапшылығына ұрынған мыңдаған өрен опат болды. Талай шейіттің денесі жау снарядтармен бөлшектеліп, танктердің табанында тапталды.

«ӨЛІМ ДАЛАСЫНДАҒЫ» ҚАЗАҚ ПЕН САХА

Жауынгерлік даңққа ие болған «Қызыл Ту» Орденді 326-шы атқыштар дивизиясы 1941 жылдың тамыз айында Мордовияның орталығы Саранск қаласында жасақталып, 16-Армияның қарамағында өтеді. Мәскеу түбінде немістің қалың қолына күйрете соққы берген әскери бөлімнің жауынгерлік даңқы асқақ еді. Сондықтан, оны 1941 жылдың қарашасында Батыс майданының 16-Армиясының қарамағына беріп, Тула және Калуга аумағында өткен қиын шайқастарға салды. Ал, 1942 жылдың қыркүйек айында дивизия Қазақстан мен Сахадан келген мыңдаған жауынгерлермен толығып, бір-ақ күнде 16-Армия қатарынан 20-Армияның құрамына өтіп, Ржев бағытына жөңкілді.

Батыс майданының қолбасшысы Иван Коневтің 1942 жылдың 1 қазанындағы № 0289/ОП директивасына сәйкес 29, 30, 31, 20-Армиялар Калинин майданының әскери күштерімен бірлесе жаудың Сычев-Ржев тобындағы әскеріне соққы беруге тапсырма алады. Қалың қосынмен бірге аттанған 326-дивизия 1942 жылдың 8 қазанында Тверь облысының Кобылино, Бровцино аудандарындағы алдыңғы шептің қас маңдайына орнықты. Ал, 1942 жылдың 26 қарашасында 20-Армия штабының бұйрығына сәйкес, қарсыластың Василкий–Холм-Березуский және Гредякино тұсындағы қорғаныс бекіністерін бұзып, Холм-Березуский жотасын басып алды. Бірақ, жау әскері қатты қарсылық танытып, одан әрі бір қадам бастырмады.

Ржев-Сычев бағытындағы ең сұрапыл екінші шайқас Тверь облысы, Зубцов ауданындағы Осуга және Вазуза өзендерінің арасындағы атырапта өтті. Бұл қырғынға 20-Армияның 326, 251, 331, 247-атқыштар дивизиясы 42-гвардиялық дивизия, 2-гвардиялық каварелия және 5, 6-гвардиялық танк корпустары қатысты. Жаудың қорғанысы Кеңес дивизияларын ажалдың алдаспанындай қарсы алды. Бекініс шебін бойлай қазылған терең ор, 4 қатар алынбайтын мина, Бруно спиралі мен ашасы, тікен сымды қоршау біздің әскердің адымын аштырмады. Осыларды бұзып-жара алға ұмтылған ерлердің қаны судай ақты.

ҰМЫТЫЛҒАН ЕРЛІК

КСРО басшылығы Қызыл Армияны қанға батырған бұл қасіретті барынша бүркемелеп, барлық операциялар туралы құжаттардың шекесіне «құпия белгісін» соқты. Көптің көзінен жасырылған осы көлеңкелі тұсқа тарихшылар енді ғана жарық түсіріп, жария етуде. Соның арқасында Ресейдің Ржеві «Жауынгерлік даңқ қаласы» мәртебесін алды. Осынау баянсыз атақ миллиондаған сарбаздың жанқиярлық өжеттігінің арқасында ғана келгені белгілі.

1942 жылдың 25 қарашасы мен 17 желтоқсаны аралығында 326-атқыштар дивизиясының 1 258 сарбазы ажал құшты. Ал, 3 183 жауынгер ауыр жараланып, 83 адамның денесі мәңгілікке құрдымға кетті. Қарыштап алға ұмтылған да, қаралы тізімде жұтылған да қазақ пен саха жігіттері еді. Дивизия қанша қалжыраса да, жаудың 5 мыңнан астам адамын жер жастандырып, мол әскери олжаға кенелді. Ал, бұл уақытта жау қатарын ауыр ұрыстарда ойсыратқан 100-ші және 101-ші қазақ бригадаларының бірі жойылып, екіншісі шала жансар күйде қалған болатын. Осылайша, Тверь облысының адырлы жазығы мәңгілікке «Өлім алқабы» атанды. Өйткені, қос тараптан 3 миллионға жуық сарбаз кескілескен ұрыстың құрбанына айналған еді.

Ржев «қасабындағы» ойранға қатысқан 326-дивизия тың күшпен үнемі толығып отырғанына қарамастан, 7 мыңынан астам сарбазынан айрылып,19 мыңы жараланған екен. Ал, 2 мың жауынгер із-түзсіз жоғалып кеткен.

Соғыстың заңы – тым қатал. Майдан даласында көз жұмған ондаған мың сарбаздың денесі жаздың ми қайнар ыстығында құрттап, айнала атырап өлексе сасыды.

«Мұны көрмеген жан санасына сыйдыра алмайды. Қара жер көрінбейді. Шабуылға үш қатар мүрделердің үстімен сүйретіле ілбіп келеміз. Снаряд жарылса бет-жүзіңді өлексенің қаны мен жыны жауып кетеді. Исі қолқаны атады. Бірақ, үстіңдегі құртты сілкіп, қайыра алға жылжисың», – деген екен жан түршіктірер естелігінде кешігіп жеткен қосымша күштің жауынгері Петр Михин.

Сондықтан, қаз-қатар қойындасқан боздақтардың бет топырағы жатқан жерлерінде сүріліп, бастарына ағаштан уақытша белгі орнатылды. Кейіннен мұндай зираттар ғайыптың құшағында келмеске жоғалды. Сөйтіп, кебенек киген көп ердің ақыреттік еншісіне кебін де, көктас та бұйырмады. Тек 2 мыңға жуық сарбаз мемлекеттік марапатқа ие болған екен. Аянышты тағдыр. Әйтсе де, осы жанқиярлық ерлік фашистік Германияның «Орталық» Армиясының аяғын тұсап, Мәскеуді қанды қыспақтан құтқарып қалды.

БОЗДАҚТАР ЖОҚТАУШЫСЫ

Ржев шайқасының беймәлім сырларын аймаңдай ерлерінің сүйегін алты жыл бойы іздеген Твердегі «Аймах Саха» ұйымының басшысы Владимир Сантуев пен Алексей Кузнецов жетекшілік ететін мордовиялық «Броня» іздеу тобы ашты. Олар хабарсыз кеткен саха сарбаздары мен біздің елден аттанған 346 оғланның аты-жөнін анықтады. Ржев даласынан мыңдаған сарбаз бен командирдің сүйегін тапты. Олардың кім екенін, қай жердің тумасы болғанын нақтылады. Бұл маңда «бауырластар зираты» болмағандықтан, еріктілер тобы 326-дивизияның құрамында шейіт болған қазақ пен саха елінің ұландарын жаңа бейітке жерледі. Әзірге мазар маңында саха батырларына қойылған жалғыз тас белгі бар. Дегенмен, осы жылы оның басында мемориалдық кешен салу жоспары бар. Қанды жорық тарихын қайта жаңғыртуға тер төккен азаматтар қолдарына тиген құжаттар мен қаралы тізімнің көшірмесін Мәскеу университетінде ұстаздық ететін Асылбек Төлешов есімді отандасымызға табыстапты.

Қазақта «еті – сенікі, сүйегі – менікі» деген қастерлі сөз бар. Сондықтан, Қазақстан «Отан үшін от кешкен» «азамат ердің баласын» елеусіз қалдырмауы керек. Өйткені, қасиетті соғыста құрбан болған һас батырлар сайын даланың бір уыс топырағы мен бір түп жусанының исін аңсап кеткені анық. Ендеше, сол парызды орындау – Алаш жұртына жүктелген аманат.

Құрманғазы ӨТЕБАЙ

Басқа материалдар

Back to top button