Руханият

“Самғаған аспанында сар даланың”

Өзі дүниеге әкелген «Дәурен-ай» әнінің Ақселеуге тікелей қатысы бар. Жүрек түпкірінен құйылған ән тасқыны тыңдарман құлағында мәңгілік қалды. «Атқан оқтай» алапат күштің ырқымен мына фәни дүниеге тұрақтай алмады. Дегенмен, арыны басылмаған қайран көңілі, даладай дархан пейілі қазақ жадынан әсте өшпейтіні хақ. Бір басына қазақтың бар өнерін сыйғызып, сегіз қырымен танылған тұлғаны бұқарасы «сабасына сыймаған саф алтынның сарқыны, серілердің ізбасары» деп біледі. Ал, жазушы Несіпбек АЙТҰЛЫНЫҢ топшылауынша, оның әндерінің көбі өзі зерттеген күйдің құдіретінен туған…

АҚҚАН СЕЛДЕЙ САЛ ҒҰМЫРДАН ЕСТЕЛІК

Сұрапыл соғыстың сызы Ақселеудің де тағдырына сызат салған. 1942 жылы желтоқсан айында әкесі Слан соғысқа кетіп, оралмайды. Шешесі тұрмыс құрып, бала Ақаң әкесінің ағасының қолында қалады. Мектепте алғырлығымен, қатарының алды болуымен көзге көп түседі.

Жазушы Кәдірбек Сегізбайұлының айтуынша, Ақаң жасында жетімдіктің зардабын аз тартпаған. «Бұғанасы қатпаған шағында анасын іздеп, тұрған үйінен қашып кеткен. Содан, соғыстан «жарым жан, жарты сан» болып оралған өгей әкесін баққан анасын көріп, ол жерден де опа таппайтынын сезіп шығып жүре берген. Түнімен темір жолдың бойында жүріп, вокзалда түнеп, қасына өзі сынды екі-үш бала жинап, өзінше нөкер сайлап алады. Бар арман тілек тойып тамақ ішу еді сонда. Бірде вокзал маңындағы дүкеннің кіреберісіндегі ағаш шкафқа жасырынып, ел аяғы тарқап дүкен жабылғанда дүкендегі қақталған балықты жейді. Ащы балықтан соң қаталатқан шөл қысқанда қараңғыда сипалап шөлмек тауып алады. Асыға ашып, қылқылдата жұтып, артынан түкіріп тастайды. Осылайша, «орыстың қымызын да таттым» деуші еді», – деп жеткізді бізге Кәдірбек Сегізбай.

Есейіп, мектепті аяқтаған соң «журналистикаға оқуға түсем» деген асқақ арманы алға жетелейді. Бірақ, ол арманы ұзаққа дейін орындалмайды. Тағдырында екі жыл қой, бір жыл жылқы бағуда бар екен. Ақаңның өз күнделігінде бұл туралы былай делінген: – Кенесарының хас батыры Ағыбайдың Тарғын деген немере ұрпағы танымал жылқышы еді. Соның қол астында бір қыс далада жылқы бақтым. Түнімен жапалақтай жауған қардың астында ұйықтайтынбыз. Кешке жылқыны жусауына дейін іңірттеп, көз ұйқыға кете бергенде, күзетке қайта оянатын едік. Қазақтың бар асылы жануар жылқымен байланысты ғой. Менің бойымдағы ұлтшылдық, патриотизм, ел сүйгіштік қасиеттердің сарқыны болса сол аттың жалындағы  ғұмырымнан берілді. Ал, бертіндегі әдеби ортам тек соны ұштауға, әрі қарай аяқтандыруға сеп болды деп санаймын…

Мал бағып жүріп, туған жерінің тау тасын зерттеп, қариялардың аңыз әпсаналарын көп тыңдайды. Ғылымға деген қызығушылығы да осы тұста артады. Тастағы қашалған бағзы жазулардың құпиясын ашсам деген бала Ақселеудің арманы кейін «Орталық Қазақстан», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жұмысқа кіріскенде орындала бастайды.

ПРОЗАНЫҢ ПЕРЗЕНТІ НЕМЕСЕ «КӨШПЕНДІЛЕР КӨСЕМІ»

Алдымен жалпақ жұртқа прозашы ретінде танылған. Оның қаламынан туған шығармалары оқырманның жастана оқитын кітаптарына айналған. Өйткені, жазушының әр туындысынан қазақтың дәстүрі мен салты, ұлттық нақышы айқын көрінді. Ал, ол кезеңде бірлі-жарым болмаса, мұндай тақырыпта қалам тербегендердің басы бәлеге қалар шақ еді.

– Алғашқы маңдайалды туындысы «Бір атым насыбай», «Атамекен», «Аққыз» сынды көркем шығармалары ел арасында кеңінен оқылды. Содан келе-келе маған айтушы еді, «Әй дос-ау, осы көркем шығарма дегенің туралап айта алмайтын жасықтау, маған турасын айтар ғылым керек, мен соған бет бұрамау деймін» деп, осылайша «Қазақтың ауызша тарихы» деген кітабы жарық көрді. Бұл бір институттың атқаратын жұмысы еді. Өлеөлгенше қолынан қаламы түспеді ғой әйтеуір, – деп еске алады досы Кәдірбек Сегізбайұлы.

Сонымен қатар, салт-дәстүрге ерекше көңіл қойған. Әр әдет-ғұрыпты түбегейлі тінте зерттеп, байыбына барған. Салт сақтап, сарқын сауамын деп жанталасқан Ақаң 1986- ның ызғарлы желтоқсанына да ұрынады. Дәл осы жылы көтерілістің басты қозғаушылары деп танылған Ақселеу Сейдімбек, Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезовтерге КГБ-дан арнайы «Көшпенділер» деген іс папкасы ашылады. Бұл шақта «Білім және еңбек» журналының бас редакторы болып жүрген Ақаңның қыр соңына «ұлтшылсың» деп түскендер көп болды. Қудалауды да көрген әзіз бас қоқайды өзгеден емес өз қазағынан көрсе де етегін жасқа толтырып егілмеді, езілмеді де. Шексізәрі шетсіз дарияның асау толқынына қарсы жүзгендей күй кешсе де алған бетінен оны еш кедергі қайтара алмады.

ӘН МЕН КҮЙДІҢ ЖОҚТАУШЫСЫ

Талайдың азуы еркін батпаған күй құпиясын балаң ғұмыры ерте тәмамдалған Ақселеу ашпаққа бел буады. Бұл оның ең алғашқы алға қойған мақсаты болатын. Тек зерттеп қана қойған жоқ. Өзі талай естіп, құлақсіңді болған ата-баба мұрасын ширата тарқатып, бүгінгі ұрпаққа аманаттап кетті. «Күй шежіре», «Қазақтың күй өнері» кітаптары кешегі Алаш арыстары Әлихан мен Ілиястың «күй өнерін дәріптеу керек» деген асқақ арманының орындалғандығының дәлелі. Ақселеудің докторлық жұмысының тақырыбы «Қазақтың күй-аңыздары». Енді талдар болсаңыз аңыз – бұл әдебиет. Ал, күйіңіз музыка емес пе?! Еліміздегі 2 мыңнан астам күйдің орындалуы мен шығу тарихын зерттеп зерделеп кетті. Ақаң сол күйлердің төлқұжатын жасады десек, артық емес.

– Күйге қатысты археологиялық, этнографиялық деректемелерді, тарихи сананы барлығын қабыстыра зерттеді.  Ақселеу ағамыз күй дәуірін көптік қалыппен XVIII ғасырдан бастаған жоқ. Ол сонау IX ғасырда өмір сүрген Қорқыттың заманынан бері өрбітті. Соның тірі дәлелі бүгінгі күй тақырыбындағы қос еңбегі қазақтың қайталанбас энциклопедиясы десем де болады, – дейді күйші Жаңғали Жүзбай.

Сондай-ақ, он саусағынан бал тамған ағаш шебері екенін қоспағанда, аса шебер ән орындаушылығы, сазгерлігі бір төбе.

– Әндерін дәстүрлі Арқа әндерінің сипатында жазатын көбіне. «Сарыарқа», «Дәурен-айды» тыңдап бақсаңыз атасы дәстүрлі қазақ әндері ал, анасы күй. Ол күй шежірелерін зерттей жүріп, содан өзіне тағылым алды. Күйден саз шығарып, серпін алып, дүниеге тың әндер әкелді, – дейді жазушы Несіпбек Айтұлы.

Талай еңбектің авторы атанған бірегей тұлғаның бұл бір қыры. Кешегінің жалғасы бәлкім соңғы тұяғы, қызыл империяның құрығын салдырмаған жалғыз қазақ осы Ақселеу ме дерсің. Көзінің тірісінде-ақ, аңызға айналған Ақаңның сабадан аспаған сайран ғұмыры тоқтаса да ұлтжандылық мұрасы өлмек емес.

«Көктегі күнге, жердегі халқыма мейірім қанбады» деп қабіріне қашалған жолдар тұлғаның өз сөзі еді. Қазағым деп толғаған, толғанған Ақселеу аға дәл Қадір түні өмірден озды. Бұл нені білдіреді?! Жұмбақ сыр.

Қырқына жиналған жамағатты таң тамаша етіп көкте ғайыптан пайда болған қыранды қалай ұқтық?! Немересі айтқандай қыранға айналған Ақселеу рухы биіктен еліне қарап әлі де тамсанатын сыңайлы ма, қалай?…

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button