Бас тақырып

Салық реформасы сараланды

Қарағандыда салық реформасы талқыланды. Бизнес өкілдері өз ұстанымын айтты. Достық үйінде Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтің, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаевтың, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісовтың қатысуымен аталған тақырыпта арнаулы жиын өтті. Іргелі іс-шараға өңірдегі 150-ден астам кәсіпкер, бизнес, салалық қауымдастықтар, сондай-ақ, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

Талқылаудың негізгі тақырыбы – салық реформасы, атап айтқанда, қосымша құн салығы мөлшерлемесін көтеруді және сараланған тәсілді енгізуді қоса алғанда, салық салу жүйесіндегі өзгерістер жайы. Вице-министр Үкіметтің қосымша құн салығының базалық мөлшерлемесін 16% деңгейінде белгілеу, бірқатар басым салалар үшін 10% төмендетілген мөлшерлемені енгізу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді салықтан босату жөніндегі ұсыныстарын алға тартты.
Ашық диалог барысында кәсіпкерлер өз ұстанымдарын білдіріп, бизнеске жүктеменің ұлғаюы туралы алаңдаушылық білдірді. Сондықтан, арнайы салық режимі мен бөлшек салықты трансформациялау мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады. Кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық кеңестердің өкілдері бизнес үшін тәуекелдерді азайтуға және салық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
– Кәсіпкерді де екі аяғы асырайды! Салықтан жалтармаған адал кәсіпкердің шынайы пікірі кім-кімді болсын, бейжай қалдырмасы анық. Дегенмен, осы уақытқа дейін қосымша құн салығының мөлшерін қалыпты деңгейде қалуына ұйытқы болған Мемлекет басшысына риясыз алғыс айтамын. Бұл салада аттай жиырма жылдан астам тәжірибе жинақтадым. Салалық сарапшылардың да пікірі маңызды. Сандық технологиялар тұрғысында қосымша құн салығын келер жылы көтеру асығыстық болар деген пікірдемін. Ол үшін барлық бағдарлама атаулысын қысқа уақыт ішінде бейімдеу қажет болады. Камералдық қадағалауды да ретке келтірген абзал. Салық мөлшерлемесін ақыры өзгертер болсақ, тек 2027 жылдан бастау алғаны дұрысырақ болар. Ал, келер жылды «даярлық жылы» десек, құптарлық іс деп бағамдар едік, – дейді салық даулары бойынша заңгер, қоғам белсендісі Айжан Балакешова.
Вице-министр Қазақстанның салық жүйесін жаңғыртуға мұқтаж екенін, бірақ бұл үдеріс кәсіпкерліктің дамуына нұқсан келтірмей, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін сақтайтындай етіп құрылуы тиіс екенін айрықша атап өтті. Ол реформаны одан әрі талқылау кезінде бизнес қауымдастығы өкілдерінің пікірлері міндетті түрде ескерілетініне тоқталды.
– Салық саясаты тек қосымша құн салығына қатысты емес. Бұл арада кешенді көзқарас қажет. Сайып келгенде, мемлекет шығыны өзін-өзі ақтап, ұлттық қорға жүгіне бермейтіндей жүйелі іс атқарылуы өзекті болып қала бермек. Мұны Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та Үкіметке тапсырма ретінде белгіледі. Салық жүйесі тұрақты әрі болжамды болуы керек. Бұл бизнес үшін ұзақ мерзімді жоспар құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әділ әрі теңгерімді салық саясаты инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал етіп, кәсіпкерліктің өрістеуіне жол ашады, – дейді «Қарағанды облысының кәсіпкерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Серік Санаубаев.
Кездесу қорытындысы бойынша барлық тараптардың мүдделерін ескере отырып, салық жүйесін реформалаудың теңгерімді тәсілдерін әзірлеу үшін кәсіпкерлік қоғамдастықпен консультация амалдарын әрмен қарай жалғастыру туралы шешім қабылданды.
Салық реформасы – ел экономикасының күре тамырына әсер етеді. Қарағандыда өткен бұл ашық диалог бизнес өкілдерінің үні естіліп, кәсіпкерлердің ұсыныстары назарға алынған алаңға айналды. Мемлекет пен кәсіпкерлік арасындағы серіктестік – тұрақты экономикалық өсім мен әділ салық саясатының өзегі. Алдағы уақытта қабылданатын сындарлы шешімдер осы өзара түсіністік пен ортақ мүдденің тоғысында жүзеге асатыны анық. Бұл – тек салық саясатын жетілдіру ғана емес, ел экономикасын жаңа деңгейге көтеру екендігі айқын.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суретті түсірген автор

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button