Салық пен тексеріс тежеледі

Антивирус шараларының бірі ретінде микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне салық салуда жеңілдіктер мен қосымша қолдау шаралары қарастырылуда. Одан бөлек, мемлекеттік кірістер органдары табысынан айырылған кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатындардың 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік жәрдемақыны алуы үшін 35109 банктік шотты бұғаттан шығарды.

ҚЫЗМЕТТІҢ БӘРІ – ОНЛАЙН

 Төтенше жағдайға байланысты мемлекеттік кірістер органдары қызмет көрсетудің уақытша регламентіне көшкен. Бұған дейін «Электрондық үкімет» порталы арқылы электрондық форматта алынған мемлекеттік қызметтер сол қалпында қалады. Ал, өзге форматта жүзеге асырылған қызметтер – электрондық пошта арқылы. Бұл жерде өтініш берушінің байланыс деректерін көрсетуі – маңызды. Сондай-ақ, қызмет алушымен бейнебайланысқа шығу мүмкіндігі де болуы керек.

Өтініштердің барлығы «Электрондық үкімет» порталындағы өтініш беру сервисі арқылы қабылданады. Өтініштердің жауаптары мен дайын болған құжаттар электрондық пошта арқылы жіберіледі.

Сондай-ақ, облыстың мемлекеттік кірістер департаментінің www.krg.kgd. gov.kz сайтында да құжаттардың дайын болғаны туралы ақпарат үнемі жарияланып отырады. Одан бөлек, аталған сайтта кеңес алуға болатын телефон номерлері мен әлеуметтік желілер көрсетілген. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы ақпарат беретін 1414; 8 800 080 7777 бірыңғай байланыс орталығы да жұмыс жасайды.

САЛЫҚ ЖЕҢІЛДІГІ – МОЛ МҮМКІНДІК

Үкімет қаулысына сәйкес, микро, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілеріне 2020 жылдың 1 маусымына дейін салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің барлық түрлерін, сондай-ақ, әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі ұзартылды.

Ал, 31 желтоқсанға дейін кәсіби ойынсауық орталықтары, кинозал, театр, дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық құрылғылар саласындағы бизнес өкілдерінің мүлік салығына «0» түзету коэффициенті енгізіледі. Туризм, қоғамдық тамақтану, қонақүй қызметі объектілері де мүлік салығын осы тәртіппен төлейді. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің жер салығы, жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібімен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер де, жеке табыс салығы да осы реттілікке бағынады.

Жоғарыда аталған «0» коэффициентін анықтау салық базасының, салық салу объектілерінің, салық кезеңінің белгіленген тәртібі бойынша жүзеге асырылады.

Осы уақыт аралығында орындалмаған кез келген салық міндеттемелері үшін өсімпұл 15 тамызға дейін тоқтатылады, ал, салық есептілігін тапсыру мерзімі 3 тоқсанға ауыстырылады.

ТЕКСЕРІСТЕР ТОҚТАТЫЛАДЫ

2020 жылдың 1 қазанына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне енгізілген тауарларды сату және импорттауға 8% мөлшерінде қосымша құн салығы белгіленді. Ал, 31 желтоқсанға дейін ел аумағында экспортқа сатылатын дизель отыны мен бензин бойынша акцизделетін тауарларды өндірушілер акциз құнын төлемейді.

Сондай-ақ, декларация тапсыратын заңды және жеке тұлғалар да 30 сәуірге дейін алаңдамаса болады. 1 маусымға дейін салық және кеден берешегін, әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары да тежеле тұрады. Мемлекеттік кірістер органдары тексерулердің де тоқтатылатынын айтып отыр.

Салтанат ІЛИЯШ